Екі ұрпақтың арманы

0
145

Төрткүл әлемді таңдай қақтырған біздің Димаш Құдайберген — Тәуелсіздік тудырған таланттардың бірі һәм бірегейі. Жиырмадан асқан жас жігітті өз елінің, өз ұлтының атынан әлемнің ең мықты сахналарына шығуына мүмкіндік берген Тәуелсіздік екені айтпаса да түсінікті. Димаш егемен елде туып, оқып, өсіп-өнген ұрпақ болса, оның әкесі Қанат Айтбаевтың балалығы кеңес заманында қалған. Қанат сол бала кездері теледидардан түрлі деңгейдегі олимпиадаларды, халықаралық спорт жарыстарын көріп отырғанында: «Шіркін, біздің елден шыққан спортшыларды «Кеңес одағынан келді» демей, «Қазақ елінен келген азамат!» деп айтқанда ғой, біздің өз туымыз көтерілгенде ғой», — деп талай армандапты. Бала қиялы, бала арманы жігіт кезде де кеудесінен көше қоймаған. Кейін Димаштың да шамамен 7-8 жасында жергілікті телеарнаға берген бір сұхбатында: «Қазақтың атын әлемге танытқым келеді», — деп айтқаны бар. Бұл күнде екі ұрпақтың да арманы орындалды.

Егемен ел жастарының вальсі

… Сонау тоқсаныншы жылдары еліміз Кеңес одағының құрамынан бөлініп шығып, тәуелсіздік алғанда Қанат Айтбаев қазіргі Димаштың жасында болған еді.

— Ол кезде институтта оқып жүрген жас жігіт едік. Телеарналардан Тәуелсіздік алғанымыз туралы ақжолтай хабар айтылған кез қатты есімде қалыпты. «Бүгіннен бастап біздің мемлекетіміз Қазақстан Республикасы деп аталады, біз өз Тәуелсіздігімізді жарияладық» деген жаңалықты естіген кезде жүрегім кеудеме сыймай, атқақтай соғып, қатты қуанғаным есімде. Ол кезде жалын атқан жиырманың ар жақ-бер жағындағы жас жігіттер едік. Бала кездегі арманымыз бір сәтте орындалғандай болды. Сол балалықтан келген жиырмадағы Қанатты қуантқан сезім: «Енді шетелдің бәрі Қазақстан деген елді білетін болды», — деген ақжолтай үміт еді. «Жастарымыз шетелдерге барған кезде өз еліміздің атын асқақтатып, өз еліміздің Туын көтеретін болды», — деп қуандым. Ол кезде Тәуелсіздіктің оп-оңай келе қоймағанын, небір қиын сатылардан өткенін де бағамдамадық, тек кеудеде алабұртқан көңіл, қатты қуаныш, шаттанған сезім, алға ұмтылдырған арман болды, соның барлығы есімде қалды, — дейді Қанат Айтбаев.

Қанат пен оның қатарластары тоқсаныншы жылдары қабат-қабат келген қуаныш пен қиындықты қатар көрді. Қуанышы, қызығы сол — өнерде жүрген жас жігіттер сол уақытта композитор Амангелді Сәндібаев бастаған «Жібек жолы» тобы құрамында жүріп, ауыл-елді аралап, қазақ әндерін шырқап жүргенін былайша еске алады:

— Тәуелсіздіктің алғашқы лебі сезіле бастаған уақыт қой деймін, гастрольмен барған жерлерде Амангелді Сәндібаев ағамыздың «Наурыз келді», «Қымызхана» деген ұлттық бояуға толы керемет әндерін орындағанда жұрт жақсы қабылдап, әлдеқандай бір жақсылықты күткендей шаттанатын. Тыңдарманның қазақ әндеріне, өнеріне деген құрметі қатты артқанын көріп, осындай бір өзгерістің болатындығын аңғарып жүрген кезіміз еді. 1991 жылы Тәуелсіздігімізді жариялаған кезде Амангелді ағамыз «Егемен ел жастарының вальсі» деген керемет ән шығарды. Ол кездері «егемен» деген сөздің өзін дұрыс түсініп, түйсіне қоймаған кез ғой, әндегі «Гүлдене бер, өркендей бер, туған елім!» деген сынды сөздерді айтқанда да кеудеміз атқақтай соғып, сондай бір мақтанышпен орындаған кездер, осындай бір үзік-үзік әдемі естеліктер, алабұртқан сезім ойға оралады, — дейді Қанат Айтбаев. Қанат пен Светлана осы топта бірге ән айтып, тек сахнада ғана емес, өмірдің де әнін бірге айтуға бел байлаған тұстар осы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын.

 

 «Димаш Али» — алғашқы қарлығаштардың бірі

1997-98 жылдары еліміз экономикалық тұрғыда қиын кезеңдерді өткерді. Егемендікпен бірге есігімізден енген капитализмнің заңы — «кімнің қолы қимылдаса, соның аузы қимылдайтынын» ұққандар өз кәсібін бастап, тірлік жасауға кірісті.

—  Біз де қолымыздан не келетінін, қоғамға қандай үлес қоса алатынымызды бағамдап, сүйікті ісімізбен айналысып, кәсібімізді бастауды жөн көрдік. Сол жылдары Бақытбек Зейнелов екеуміз «Димаш Али» атты шығармашылық студия құрдық.  Ондағы мақсат —  өңіріміздегі орталыққа қолы жете бермейтін өнерлі жастардың ән-күйлерін жазып, таспаға түсірейік,  халыққа таратайық, сол арқылы қазақ өнерін идеологиялық тұрғыда насихаттайық деген ой болатын.

Шама келгенше қажетті асай-мүсейімізді алып, шаруа жүре бастағаннан кейін жабдықтарымызды толықтырып, жұмысымызды жандандыра бастадық. Сол кездері Өмірқұл Айниязов, Есет Сәдуақасов, Жайлау Асылханов, Мирас-Құралай Бекжанов сынды талай әнші-күйшінің жинақтарын шығарып, халыққа таралуына мұрындық болдық. Шығармашылық орталыққа Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары, сол кездегі Астана, Алматы қалаларынан да өнерлі жастар келіп, олардың әндерін жазып, жинақтарын шығардық. Өнерлі жігіттер біздің шығармашылық студияда күні-түні жұмыс істеп, бұл шаруаға үлкен бір мерекедей кірісуші едік. Көптеген ән-күйлер жинақтарын, компакт-дискілер, альбомдар шығардық. Олардың барлығының сыртында: «Ұлттық рухың биік болсын!» деген ұранымызды жазып қоятын едік, — дейді Қанат Айтбаев.

Бұл да сол кездегі өңірдегі өнердің айналасында жүрген жігіттердің тәуелсіздіктің тұғыры берік болуына, соның ішінде елдің идеологиялық тұрғыда дамуына өздерінше қосқан титтей де болса үлестері еді.

— Біз өзіміз шығарған таспаларда тек ән-күйлер ғана емес, жақсылыққа үндейтін өлең сөздерін де қосуға тырыстық. Қаламгерлер Ертай Ашықбаев, Амантай Өтегенов сынды ағаларымыздан кеңес сұрап, Бауыржан Бабажанұлы, Орал Байсеңгір сынды қатарластарымызбен ақылдаса отырып, ақын-жазушылардың өлеңдерін, халқымыздың нақыл сөздерін оқытып, жинақтарға енгіздік. Бұл да бізге Тәуелсіздіктің берген еркіндігі — сөз еркіндігі болды деуге болады. Осы тұста айта кететіні — қазіргі кезде қоғамда сөз еркіндігін «хайп» үшін, көрермен жинау, елдің назарын өзіне аудару үшін пайдаланып, ұрпаққа түк пайдасы жоқ сөздерді айтып жүргендер бар, сондай әрекеттер істеген жастарға қарным ашады. Біз олай істемедік, керісінше, тыңдарманды барынша жақсы жағына тәрбиелеуге үлес қосуға тырыстық.

Осылайша жаңадан қалыптасып келе жатқан жас мемлекетіміздің жастары ақындардың, тұлғалардың сөздерін тыңдаса, ішінен өзіне керегін алса деген ой болды. Осы студия арқылы Ақтөбеде әдеби-музыкалық ортамыз пайда болды, бүгінде осы шығармашылық ортамыз әдемі бір достыққа айналды. Әлі күнге дейін сол достығымыздың көбесі сөгілген емес, — дейді ол.

Қанат Айтбаев облыстың мәдениет саласында да көп қызмет атқарды. Шығармашылық ұжымдарда, басшылық қызметтерде болды.

— Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі, «Әлия гүлі», «Аққу»  би ансамбльдері, қазақ камералық хоры, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, «Достық сазы» ансамблі, «Екі езу» сатира театры — барлығы да осы тәуелсіздік жылдары пайда болған өнер ұжымдары. Сол кездегі ел басшылары еліміздің ең алдымен идеологиялық тұрғыда дамымай, басқа салада алға жылжу жоқ екенін түсінді және бізге осындай мүмкіндіктер берді. Бүгінде біздің мәдениет ұжымдары еш кедергісіз шетелдермен байланыс жасап, гастрольдерге шығып, әлем сахналарында қазақ мәдениетін насихаттап жүр, — дейді ол.

 

Димаш — тәуелсіздіктің баласы  

Димаштың Тәуелсіз Қазақ елінің, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің баласы екендігін әлем елдеріндегі миллиондаған жанкүйері жатқа біледі.

Димаш ілкіде өзінің Ресейдің атынан «Евровидение-2020» байқауына қатысқалы жатқаны туралы қауесетті жоққа шығарып: «Аса құрметпен жанкүйерлеріме айтарым, халықаралық аренада мен сахнаға тек қана бір елдің атынан шыға аламын, ол менің Отаным — Қазақстан!» — деген еді. Димаштың өз Отаны атынан әлемнің ең мықты сахналарына шығуына мүмкіндік берген Тәуелсіздік екені айтпаса да түсінікті.

— Бұрынғы кездері шетелдік байқауларға, түрлі халықаралық шараларға қатысу үшін құзырлы министрліктер арқылы ғана шақырту жіберіп, сол арқылы ғана келіссөздер жүргізілетін. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардан бастап біздің мәдени ұжымдар шетелдердегі мәдени ұйымдармен тікелей байланыс орнатты, бүгінде шетелдік ұжымдар арасындағы байланыс мәдени-рухани қарым-қатынастарға ұласып, өзара шақыртулар жіберіп, аралас-құралас болып отыр. Бұл да бізге егемендікпен бірге келген мүмкіндік. 2012 жылы ақтөбелік өнер мекемелері «Жас Қанат» байқауын ұйымдастырушыларға хат жолдап, Димаш осы байқауға қатысып, бас жүлде алған болатын,  — дейді Қанат Айтбаев.

Осы додада Димашқа мәдениет саласының майталмандары Төлеген Мұхамеджанов, Нұржамал Үсенбаева сынды аға-апалары батасын беріп алып, бірнеше халықаралық байқауларға шақыртулар алды. 2012 жылы Украинада өткен «Восточный базар», 2013 жылы Қырғызстанда өткен «Мейкин Азия» байқауларына шақырылып, бас жүлдені қанжығасына байлап келді.

2015 жылы Димаш Белоруссияда өткен «Славян базары» байқауына шақырту алып, бұл додада да Гран-при иеленді. 1977 жылы Роза Рымбаева апамыз Болгариядағы «Золотой Орфей» фестиваліне қатысып, Гран-при жүлдесін ұтып алған болатын. Димаштың жеңісі — осындай үлкен деңгейдегі байқаудан
Роза апамыздың жүлдесінен кейінгі екінші және тәуелсіздік алған 24 жылдың ішінде қазақ жеріне әкелген алғашқы жеңіс болатын!

—  Байқаудың Гран-при иегері Қазақ елінен келген әнші деп хабарлаған кездегі, біздің Көк Байрағымыз көтеріліп, Гимн ойналған кездегі, біздің мемлекеттің аты бірнеше рет айтылған кездегі сезімді сөзбен жеткізе алмаймын. Қаншама елден келген көрерменнің алдында көк байрағымыз көкке көтерілгенде көзге жас алмау мүмкін емес еді.  Осындай қуанышқа кенелткен, балаңа Мемлекеттік Туды биікке көтеріп, халықаралық деңгейдегі байқауда ән айтуына мүмкіндік берген  еліме алғысымды айтып, іштей күбірлей бергенім есімде қалды…  Басқа елден келген байқауға қатысушылардың, көрерменнің алдында өз еліңнің шоқтығының биік болғаны және оның болуына өз балаңның титтей де болса септігін тигізгені ғажап емес пе?.. Мұның барлығы бізге Тәуелсіздікпен келген игіліктер, — дейді Қанат Айтбаев.

Белоруссияның «Славян базары» байқауында көкке көтерілген Туымызды Димаш әлі де сол биігінде ұстап келеді. Одан кейінгі қатысқан барлық халықаралық шараларда — байқаулар мен фестивальдерде Димаш сахнаға көтерілген кезде қазақтың байрағы да әлемнің ең мықты дауыс иесі шырқаған қазақтың әніне елітіп, желбіреп тұрды. 2015 жылы Түркияда өткен «ABU TV Song», Түрікмен еліндегі «Мары — культурная столица тюркского мира», Қытайда өткен «The Singer» халықаралық фестивальдерде, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған тұңғыш концерттік турнесінде де, Мәскеудің Кремлінде, Францияда, Кореяда, тағы да басқа елдерде Димаш қазақ үнін әлемге тыңдатып, Туын желбіретті.

 

«Туған жердің тастары да — баспана»

— Кеңес кезінде басқа болсын, мәдениет саласында еңбек етіп жүргендер болсын, шетелдерге бару үшін 5-6 ай бұрын Одақ орталығы Мәскеудегі арнаулы құзырлы органдардан  рұқсат қағазын алып, белгілі бір органдардың тексерісінен өтуге тиіс болатын. Қазіргі жастар оны түсінбейді, себебі қазіргі кезде жағдай мүлдем басқа: бүгінде әркімнің шетелге шығуы қиын емес. Біз де шетелдерге шығармашылық жұмыс бабымен жиі шығамыз. Басқа елдерге барғасын еріксіз өз еліңмен салыстырасың, кейде бізде жоқ дүниені олардан көресің, кейде біздегі артықшылықты өзге елден іздеп таппайсың. Бірақ қалай болғанда да, әлемнің қай елінен келмейік, мейлі ол Азия болсын, мейлі Америка, мейлі Еуропа болсын — ұшақтан түсіп, туған жерге табанымыз тигенде, өзгеше бір күйде боласың. Әр кезде солай. Туған елдің әуежайындағы көңіл күй, тіпті ауаның өзі бөлек болып тұрады.  Ақын Қанипа Бұғыбаева апамыздың: «Туған жердің тастары да — баспана, туған жердің аспаны да — астана», — деген сөзі бар ғой. Сол айтқандай, біз қанша шетелге барсақ та, кіндігіміз байланған туған жерден жырақта ұзақ жүре алмаймыз, — дейді Қанат Айтбаев.

Бүгінде шетелден жұмақ іздейтін жастар баршылық. Тіпті әлеуметтік желілер арқылы шетелдегі «жұмақ өмірді» насихаттайтын, сыртқа көшіп кетуге үндейтіндер де бар. Өкінішті. Сол жастарға Димаш үлгі. Әлемнің қай астанасына барып тұрамын десе де, мүмкіндігі бар, бірақ туған жерден жырақтамай, қазағының атын айдай әлемге танытып отырған Димаш үлгі. Ағаш бір жерде тұрып көктейді.

—  Әрине, білім іздеу, тәжірибе алмасу сынды мақсаттарда шетелдерге барып, кейін өз елімді көркейтемін деп қайтып келіп жатқан жастарды көргенде қуанасың. Барлығы бірдей сыртқа көшіп кетуге бейілді деп айтуға болмас. Шетелдерге барғанда сол жақтарда оқып жүрген жастарды көріп, сүйсінесің. Олар білімін жетілдіріп, елге оралғысы келеді, елді көркейткісі келеді. Ал шетелге біржола кетуге пейілді адамдардың отан үшін де пайдасы бола қоймас. Отанды сүю отбасындағы тәрбиеден басталады, — дейді Қанат Айтбаев.

Димаш отбасында ұлттық құндылықтарды көріп өскен, жоғарыда айтқан әдеби-музыкалық ортада қазақтың ән-күйіне құлағы қанып, ұлттық рухани музыкалық байлықты бойына сіңіріп өскен бала. Ол қай елде болмасын өнер көрсеткенде биік сахналар арқылы ұлттық құндылықтарды көрсетуге тырысады.

— Біз әрбіріміз отбасында балаға Отанды сүю, патриотизм деген ұғымдарды сіңіріп өсіруіміз керек. Біздің балаларымыз — Тәуелсіздіктің балалары. 30 жыл адам ғұмырымен өлшегенде біраз уақыт болғанымен, тарихтың мерзімдік шкаласында қас қағым сәт. Бүгінде Тәуелсіздіктің «құрдастары» да отыз жасқа келіп қалды. Димаш та солардың ізін алып келе жатыр. Білім алып, қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген Димаштар — Димаш пен оның замандастары — Тәуелсіздік берген мол мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің атын шығарып жатқаны да отыз жылғы жүріп өткен жолдың жемісі болса керек. Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын! — дейді Қанат Айтбаев.

 

Сұхбаттасқан – Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.