Жуырда редакциямызға бұрынырақта біздің басылымда қызмет еткен Абай Ескендір әріптесіміз есіктен сүйіншілей енді. Қолында «Жаһан таныған жеті тұлға» атты сырты сындарлы, өзі салмақты кітабы бар. Автордың айтуынша, төрт жылдай уақыт тер төгіп жазған кітабының ішкі мәтінінің де мәнді екені бірден байқалады. Оны осы кітаптың алғы сөзін жазған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мырзаның төмендегі айтқан пікірінен пайымдай аласыздар. Ескерту: Пікір қысқартылып, негізінен Қазақстан Президентіне қатысты айтылған жолдар ғана алынды.
Редакциядан:
«Жеті деген сан, жеті деген ұғым-түсінік талай халықтарда, оның ішінде, әсіресе біздің қазақта қасиетті саналады. Жеті нан, жеті қазына, жеті жұрт, жеті тіл, жеті ата, жеті қат аспан…
«Жаһан таныған жеті тұлға». Бұл бөлекше бітімді, мазмұны мен маңызы өзгеше кітап осылай аталады. Шынында да жаһан жан-жақты таныған, күллі дүниежүзі кемеңгер ретінде мойындаған, адамзаттың әлемдегі мерейлі мемлекеттердің тағдыры мен тарихында теңдессіз рөл атқарған және атқарып келе жатқан жарқын да жасампаз тұлғалар.
Нұрсұлтан Назарбаев, Джордж Вашингтон, Махатма Ганди, Уинстон Черчилль, Мұстафа Кемаль Ататүрік, Шарль де Голль, Ли Куан Ю. Кітапта «Ғибрат ғұмыр үзіктері» деген тақырыппен титан тұлғалардың әрқайсысына мәнісі терең мінездемелер берілген. Нұрсұлтан Назарбаев — жер жүзіндегі екі жүзге жуық мемлекеттер басшыларының ішіндегі ең жаңашыл, ең бастамашыл, ең батыл, ең ашық, ең ізгі, ең ізденімпаз Президент. Кемеңгер де көреген Көшбасшы. Қазақ елінің ғана емес, күллі Түркі дүниесінің кемел көшбасшысы атанып отыр. Кітапта айрықша атап көрсетілгендей-ақ, біздің тұңғыш Президентіміз, Тәуелсіз Қазақстанды 25 жылдан уақыт басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев табан тіреген тұғырдың ең негізгісі — саяси тұрақтылық. Тұрақтылық тұғыры — татулық. Береке басы — бірлік. Ырыс алды — ынтымақ. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті бүкіл әлемге қазақ ұлтының ұлылығын танытты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз