Түркиядада «COVID-19 вакцинасы Ұлттық стратегиясы» шеңберінде 14 қаңтар күні басталған вакцина егу жұмысы жалғасып жатыр. Қазірге едйін 2 миллион 325 мың адамға вакцина салынғандығы белгілі болды. Бұл туралы түркиялық БАҚ-тар хабарлап жатыр. Түркияның таңдауына сай келген «CoronaVac» вакцинасы әлемдік баспасөз беттерінде біраз талқыға түскен еді. Соңғы хабарларға қарағанда Түркияда эпидемия басталғаннан қазірге дейін коронавирустан көз жұмғандарыдң саны 26 мыңнан асқан екен.

Түркия Денсаулық сақтау министрі Фахреддин Қожа өткен желтоқсанның 24 күні мәлімдеме жасап, Қытайдың биофармацевтикалық компаниясы Sinovac-тың зерттеп жасап шығарған вакцинасын сынақтан өткізгендіктерін айтқан еді. Фахреддин Қожаның мәліметі бойынша 7371 еріктіге егілген вакцинаның өнімділігі 91,25 пайызға жеткен. «Біз қазіргі күнде CoronaVac вакцинасының түркиялықтарға егілгеннен кейінгі нәтижесінің сенімді әрі қауіпсіз екендігіне көз жеткіздік. Алдағы уақытта бұл вакцинаны қолдануға мемлекет тарапынан рұқсат беруіміз мүмкін» деген еді Фахреддин мырза. Түркиялықтар қытайлық компанияның өнімін сынақтан өткізуді 2020 жыллы 14 қыркүйектен бастаған болатын.

Sinovac компаниясының вакцинасы Бразилия, Индонезия, Чили, Түркия қатарлы елдерде сынақтың үшінші мерзімінен өткен. Дегенмен әрбір елдің берген мәліметі әртүрлі болды. Мәселен бразилиялықтардың берген мәліметі бойынша вакцинаның өнімділігі 50 пайыздан асты делінсе, түркиялықтар 91 пайыздық «тамаша нәтижені» жария еткен еді. Аталмыш вакцинаны Индонезия 2021 жылдың 11 қаңтарында ресми қолдануға рұқсат берді. Түркиялықтар 13 қаңтарда, Бразилия 17 қаңтар күні «CoronaVac»-ты қолдануға мемлекеттік лицензия беруді ұйғарғандығын жария етті.

Қытай биофармацевтикалық компаниясы зерттеп жасаған бұл вакцина, ДДҰ-жағынан ресми тіркеуден өтіп сынақтың үшінші мерзіміне жіберілген алдыңғы қатардағы 10 вакцинаның бірі. Қазіргі таңда коронавирустан зардап шегіп жатқан әлем елдері түрлі екпелердің қайсысын қолдануды ойластырып жатыр. Дегенмен бизнес және саясат, оған ілескен қауесеттер де былайғы жұрттың санасына сан түрлі ойлар салып жатыр. Өткен жылдың тамыз айында «Түркия Денсаулық сақтау министрлігі қытайлық вакцинаны егуі мүмкін» деген хабармен қабаттаса  Түрік-Қытай қатынастарының жақсара түсуі төңірегінде әртүрлі пікірлер айтыла бастаған еді. Оның ең басында «Қытай-Түркия арасында қылмыскерлерді экстрадициялау туралы келісім» тұрды. Сол тұста түркиялық кейбір саясаткерлер «Түркияны паналап жүрген ұйғыр мигранттарын ешқашан Қытайға экстрадицияламайтындықтарын» айтқан болатын. Алайда 2020 жылы 26 желтоқсан күні Бүкіл қытайлық халық өкілдері құрылтайының тұрақты комитеті «Қытай-Түркия арасындағы экстрадициялау туралы келісімді мақұлдағандығын» жария етті. 2017 жылы мамырда екі ел басшыларының кездесуі кезінде мақұлданған бұл келісімді Түркия парламенті кері қайтарып келген еді. Алайда Қытай тарапы мақұлдағаннан кейін ендігі салмақ түріктерге түскені белгілі болды. Бұл ең алдымен Қытайдағы түрлі саяси қысымдардан бас сауғалап Түркияда жүрген сан мыңдаған ұйғыр мигранттарын алаңдата бастаған еді. Халықаралық ұйымдардың өкілдері де Түркия саясаткерлеріне мұндай келісімді мақұлдаудан бас тартуға шақырып үндеулер жолдаған. Алайда оның соңғы нәтижесі немен аяқталатыны белгісіз болып отыр.

Түріктердің қытайлық вакцинаға таңдау жасауын осы саяси шешімдермен байланыстырғысы келетіндер қазір де көптеп кездеседі. Дегенмен жер бетін алаңдатып отырған пандемияның әлегінен ертерек құтылу үшін жанталасып жатқан елдер, саясаттан гөрі халықтың денсаулығын сақтау мәселесі басты назарда екендігі шындық. Ал саяси келісімдердің мақұлдануы немесе жауапсыз қалуы алдағы күннің еншісінде болмақ…

 

Ерқазы Сейтқали

 

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз