Мәжілісте қаралған мәлелелер

Ақпанның 11-і күні Еуроодақ Парламентінің пленарлық мәжілісі өтіп, онда Қазақстан туралы қарар қабылданғаны жөніндегі жаңалық елді елең еткізді. Негізі бұл жиналыста талқыға түскен мәселе «Уганда, Руанда және Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы» туралы болған. Алдымен Угандадағы 2021 жылы 14 қаңтарда өткен сайлаудың ашық әрі демократиялы түрде болмағандығы талқыға түсіпті. Сайлау кезінде оппозиция жетекшілері мен азаматтық қоғам өкілдерінің қуғындалуы әрі әскерлер мен сақшылардың көптеп тартылғандығы сайлаушыларға белгілі үрей туғызғандығы секілді жағдайларды талқылай келе Еуроодақ Парламенті мүшелері дауысқа сала отырып Угандадағы адам құқықтарының бұзылғандығын растаған. Әрі «Маганитский заңына» сәйкес Угандадағы адам құқықтарын бұзуға белсенділік танытқан билік өкілдері мен ұйымдарға қарсы санкциялар қабылдау қажет» деген қарар қабылдаған.

Ал екінші мәселе Руандадағы тергеу бюросының штаб-пәтерінде қамалған құқық қорғаушы Пауло Руссабагинаның ісі жөнінде болған. Кезекті жиналыста Еуроодақ Парламенті Руанда билігін бұл мәселе бойынша халықаралық тергеу жүргізуге шақырды және Русесабагина мырзаның құқықтарының бұзылуына қатты алаңдаушылық білдірді. Әрі құқық қорғаушының физикалық және психикалық денсаулығын қамтамасыз етуге және кез-келген жағдайда тиісті дәрі-дәрмектерді алуға шақырды. Еуропалық Парламенттің мүшелері Руанда билігін бұл іс бойынша халықаралық тәуелсіз стандарттарға жауап беретін құзыретті, тәуелсіз және әділ сот өткізуге шақырды.

Жиналыста талқыға түскен үшінші мәселе «Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы» туралы болған. Бұл жерде айтылған негізгі мәселелелердің басында Еуроодақ Парламенті Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы 2015 жылы 21 желтоқсанда қол қойылып, 2020 жылы 1 наурызда күшіне енген «Серіктестік пен ынтымақтастықты нығайту туралы келісімде» көрсетілген халықаралық міндеттемелерге сәйкес әрекет етуге және адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтеуге шақырған. Еуропалық Парламенттің мүшелері, Еуроодақтың Қазақстандағы өкілдігінің берген мәліметтеріне негізделе отырып, 2021 жылы 10 қаңтарда өткен Парламент сайлауындада кеткен ағаттықтарды сынға алаған. Жиналыста талқыға түскен қарарды 598 депутат мақұлдап, 43 депутат қарсылық білдірген. 52 депутат қалыс қалған.

Қазақ билігіне жолданған қарар

Еуроодақ Парламентінің europarl.europa.eu сайтында 26 тармақтан құралған қарардың толық мәтіні берілген. Оның ішінде 20-дан астам тармақта ел билігіне қарата түрлі мәселелер төңірегінде ұсыныстар айтылған. Яғни «Қазақстан үкіметін өзінің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес әрекет етуге және адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтеуге, сайлауды әділ өткізудің құқықтық базасын құруда халықаралық стандарттарды сақтауға, оның ішінде ҚР конституциясында кепілдендірілген негізгі бостандықтарға, азаматтық қоғамның қатысуына, саяси плюрализмге, сайлау әкімшілігінің бейтараптылығына қатысты ұсыныстарды шешуге үндеген».

Қазақстан үкіметін «саяси астары бар айыптауларды алып тастауға және құқық қорғаушыларға, діни ұйымдарға, азаматтық қоғам ұйымдарына, кәсіподақтарға, журналистерге блогерлерге және саяси оппозициялық қозғалыстардың мүшелеріне қатысты кез келген кездейсоқ тұтқындау, репрессиялар мен қудалауды тоқтатуға және адамдарға мүмкіндік беруге шақырған. Өздерінің саяси, діни және басқа көзқарастарын еркін білдіруге, сол арқылы Қазақстан Үкіметін бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңға, осы еркіндікке кепілдік беру үшін түзетулер енгізуге үндеген».

«Қазақстан Үкіметін барлық саяси тұтқындар мен жазықсыз сотталғандарды, атап айтқанда Алмат Жұмағұлов, Арон Атабек, Нұргүл Калуова, Салтанат Құсманқызы, Дарын Хасенов, Ұласбек Ахметов, Кенжебек Әбішев, Ержан Елшібаев, Әсет Әбішев, Игорь Чуприна, Русланды тез арада босатуға және толықтай ақтауға шақырамыз. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің ұсыныстарына сәйкес Қазақстан Үкіметін бұрынғы саяси тұтқындар мен азаптау құрбандары Ескендір Ерімбетов, Макс Боқаев және Мұхтар Жәкішевтің істерін қайта қарауға және оларға өтемақы беруге шақырамыз» – делінген. Қарардың ішінде қазақ билігінен «Қазақстанның демократиялық таңдауы (ҚДТ) және «Көше партиясы» қатарлы бейбіт оппозициялық қозғалыстарының жақтаушыларына қарата экстремизмге қарсы заңнаманы асыра пайдалануды айыптайды және билікті саяси плюрализм мен бәсекелестікке жол беруді» сұраған.

Қарарда «тәуелсіз ҮЕҰ-ларды негізсіз салық инспекциясы арқылы қудалауды және адам құқықтарын қорғаушылар мен «Bostandyq Kz», «Femina Virtute», «Veritas» және «Elimay» сияқты қозғалыстарды және азаматтық қоғам белсенділерін әкімшілік қамауға алу, айыппұл салу және қылмыстық жолмен қудалайды деген хабарлар нық сеніммен расталды. Қазақстан Үкіметін тәуелсіз кәсіподақтарды тіркеуге және Қазақстан ратификациялаған халықаралық еңбек стандарттарына сәйкес жұмыс жасауына, ешқандай араласу мен қудалауға жол бермеуге шақырамыз» деген. Сондай-ақ Қазақстан билігін әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрімен күресуге, ЛГБТИ қауымдастығының құқықтары толығымен сақтауға, гендерлік сәйкестік немесе жыныстық жақтан кемсітуге заңмен тыйым салуға, түрмелердегі азаптау мен қатыгез қарым-қатынасты жоюға, сотталғандардың құқықтарын құрметтеуге және COVID-19 төндіретін қауіп-қатерлерге қарсы тұру жағдайларын, гигиенасы мен қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге шақырған». Бұған қоса Қазақстан Үкіметін «Қытайдың концлагерьлерінен қашқан этникалық қазақтардың және басқа азшылық топтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оның ішінде Мұрагер Әлімұлы мен Қайша Ақанқызына тұрақты босқын мәртебесін беруге» үндеген.

Қарар мәтінінің соңына қарай «жақында ғана бекітілген ЕО-тың адам құқығы саласындағы жаһандық санкциялар режимін еске салады, бұл санкцияларды ЕО-ға бүкіл әлемдегі адам құқықтарын бұзушы іс-әрекеттерді жүзеге асырушыларға қарсы қолдануға мүмкіндік береді. Мұны Қазақстан жағдайында адам құқықтарын бұзумен айналысқан жеке немесе заңды тұлғалар мен органдарға қарата қолдануға болады.Комиссияның вице-президентін, Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілін, және мүше мемлекеттерді, адам құқығын бұзғаны үшін жауапты адамдарға қарата санкциялар салу туралы мәселені қарастыруға шақырамыз. Әрі қабылданған қарарды «ЕО-ның жауапты басшыларына, Одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкіліне, ЕО-тың Орталық Азия бойынша арнайы өкіліне, мүше Үкіметтер мен Парламенттерге, Қазақстан Президентіне, Үкіметіне және Парламентіне жіберуді тапсырады» делінген.

Қазақ билігінің жауабы

Қазіргі күнде аталмыш қарар туралы БАҚ-беттерінде «ЕО-тың Қазақстанға қарата санкция салатындығы» көбірек айтылып жатыр. Ал ресми билік өкілдері арасында, ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбаты назар аудартты. Онда Еуроодақ Парламентінің Қазақстан жөніндегі қабылдаған қарары түсінбестік тудырғандығы тілге тиек етілген екен. СІМның баспасөз хатшысы журналистке берген сұхбатында:

«Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер ҚР Президенті Қ.Тоқаевтің бастамасымен қолға алынған демократиялық реформаларды қолдайды. Еуропарламенттің бірқатар мүшелері еліміздің дамуындағы өзекті үрдістерге қатысты оң пікірлеріне қарамастан, өздерінің партияларындағы ішкі тәртібіне сәйкес осы қарарды қабылдауға дауыс берді. Сонымен қатар объективті көзқарастағы бірқатар еуродепутаттар, атап айтқанда Максимиллиан Кра (Германия), Тьерри Мариани (Франция) және Татьяна Жданока (Латвия) Қазақстанды белсенді қорғады. Қ.Тоқаев өзі жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес 2019 жылы кең ауқымды саяси реформаларға бастамашы болды. Атап айтқанда, 2020 жылдың мамырында бейбіт жиналыстар, сайлау және саяси партиялар туралы жаңартылған заңдар қабылданып, адам құқықтары саласындағы қазақстандық заңнаманы халықаралық стандарттарға келтіру процесіндегі маңызды қадам болды. Сондай-ақ, саяси реформаларды талқылау
мен әзірлеуде маңызды рөл атқаратын, билік пен қоғамның коммуникациясының тиімді
арнасына айналған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметі қоғамдық диалогтың дамуына маңызды серпін берді. Еуропалық парламенттің Қазақстан бойынша қабылдаған қарары түсінбестік тудырды. Мұндай қарарларды Еуропалық Парламент халықаралық күн тәртібінің түрлі мәселелері бойынша айтарлықтай тұрақты түрде қабылдайтынын есте ұстаған жөн»-депті Айбек Смадияров мырза.

Түйін: ҚазАқпарат сайтында жарияланған материалда Қазақстан Үкіметінің
немесе СІМ-ның Еуроодақ Парламентіне ресми түрде жауап бергендігі туралы ашық айтылмаған. Айбек Смадияровтың сөзінен түсінгеніміз «ЕО-Парламенті елдегі жүргізіліп жатқан саяси реформаларды жете түсінбегендіктен осындай қарар қабылдаған» сияқты… Ал Брюсселдегі мәжіліс туралы ақпараттардан түсінгеніміз ЕО Парламенті кезекі пленарлық мәжілісінде қабылданған қарарда айтылған ұсыныстар мен талаптар ең алдымен ҚР Президентіне, ҚР Үкіметіне, ҚР Парлементіне жеткізілмек. Ары қарай қарарда көрсетілген жағдайлар оңтайлы шешім таппаған жағдайда санкциялар салу мәселесі қарастырылатындығы еді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз