Маңғыстау облысында 2020 жылы 13668 азаматтық және 10750 әкімшілік іс қаралған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев мәлім етті.

Оның айтуынша, 2019 жылмен салыстырғанда былтыр аяқталған азаматтық істер саны 7987-ге, әкімшілік істер 3632-ге азайған.

«Пандемияға байланысты, барлық істі қашықтан қарауға мәжбүр болдық. Бізде ешқашан жұмыс тоқтаған жоқ. Күнделікті жұмысымызды дұрыс атқарып, істердің мерзімінің бұзылуына жол бермедік. ҚР Жоғарғы сотының бастамасымен бірқатар заң актісіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның салдарынан көптеген азаматтық іс нотариустарға, ал санкциялау прокуратура органдарына берілді. Мәселен, 2020 жылы 69 әкімшілік құқық бұзушылық мемлекеттік органдардың қарауына тапсырылды. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде сотта қаралған істердің саны жылдан жылға кеміп жатыр. Сондай-ақ, кейбір санаттағы азаматтық істер сотқа дейінгі татуластыру рәсімдерін қолданады. Бұл әдіс арқылы да арыздардың сотқа түсуі азайды», – деді Нұрсапа Примашев.

Баспасөз конференциясына Маңғыстау облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев та қатысты.

Оның мәліметінше, 2020 жылдың 12 айында Маңғыстау облысының соттарында 2497 тұлғаға қатысты 2235 қылмыстық іс қаралды. Оған 1666 адам қатысты.

Айта кетейік, жалпы қылмыстық істер 2019 жылмен салыстырғанда 198 тұлғаға және 190 іске көбейген. Оның ішінде, ҚР ҚК-нің 188 бабы – ұрлық бойынша: 2019 жылы 174 іс, 2020 жылы 205 іс, ҚР ҚК-нің 190 бабы – алаяқтық: 2019 жылы 105 іс, 2020 жылы 107 іс, ҚР ҚК-нің 296 бабы – есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу: 2019 жылы 304 іс, 2020 жылы 484 іс, ҚР ҚК-нің 378 бабы – билік өкiлiн қорлау: 2019 жылы 99 іс, 2020 жылы 224 іс.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз