…Аузыма айрыларда сөз салмасаң,

Қонғаның, өлең шіркін, бекер ме еді?

…Кеудемнен көкала үйрек «хош» деп ұшты,

Сол шіркін, кәрі жолдас өлең білем…

Кемпірбай ақын

Иә, сол ақын бабасының кеудесінен ұшып шыққан «көкала үйрек – өлеңін» кеудесіне қондыруды асқақ арманы мен шабытты бақытына балаған ақын Жұлдыз Тойбектің туған өңірі қасиетті Қарқаралы жерінде жыр кеші өтті. «Кеудеме көкала үйрек келіп қонса…» атты ақынның әдеби сазды, шығармашылық жыр кеші наурыз айының шуақты күнімен тұспа-тұс келгендіктен, көктемнің алғашқы, жүрекке жылу, жанға шуақ берер күннің бірі болды.

Жақсылық пен жаңарудың хабаршысындай ұшып келер «Жыл құсы» іспеттес, ақын Жұлдыздың келуі жерлестері мен жыр сүйер қауымның көңіл хошын көтеріп, жандарын жадыратты. Ақын өзімен бірге қос қанаты-қос ұлы Арғын мен Әлиханын ерте келді.

Ежелден қазақтың «Мың бір маржан» аталған жаһұт жыры – өлеңге жетер бар ма?!

Болған соң Қарқаралы, Қаракесек,

Тастайын сөздерімді кесек-кесек.

Киелі топырақтың қызғалдағы ем,

Қояйын шабыт отын көсеп-көсеп…-деп басталатын өлең жолдары адамның рухын көтеріп, арқаландырып жіберетіні Жұлдыздың нәзік жанды қыз болса да елі мен жерінің адал перзенті екенін жеткізіп тұрғандай еді.

Аталмыш жыр кеші Жұлдыз Тойбектің «Кеудеме көкала үйрек келіп қонса…» атты кітабының тұсаукесері болғандықтан алғашқы сөз тізгінін Қарқаралы аудандық Қасым Аманжолов атындағы модельдік орталық кітапхана директоры Бағдат Зияденқызы алып, шығармашылық кештің мақсаты мен мән-мазмұнын ашып, құттықтау тілегін жеткізді. Жыр кеші «Ана – өмір, қолдаушысы әлемнің…» өлеңімен басталды. ҚР журналистер одағының мүшесі, бірқатар ақындар айтысының жүлдегері, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» және «Тіл жанашыры» сыйлықтарының иегері, Халықаралық Қазақ творчестволық бірлестігінің «Мәдениет майталманы» медалінің иегері Жұлдыз Тойбектің өмір жолы мен шығармашылық белестерін қамтыған бейнетүсірілім көрсетілді. Құдіретті өлең-жырдың аламанына ат қосып, жыр тұлпарын мінген ақынға бірнеше өлеңін кешке қатысушы оқырмандардың аузынан естуі-зор ғанибет!

Олардың ішінде ақын Жұлдыздың ең алдымен «Кие қонған» атты өлеңі оқылды:

Бұл жерде Қазыбектей бабам туған,

Мәдиім Түндіктіге бетін жуған.

Тәттімбеттің күйімен тербетіліп,

Мақпал қыз асыр салып көбелек қуған…- деген шумақтары арқылы қасиетті жерінің топырағы тудырған ұлылыларын ұлықтаған, талай танымалды есімдерге толы өңірді өлеңіне шебер өрген жырына сүйсіндік. Ақынның осындай елге – жерге деген сүйіспеншіліктен, перзенттік махаббатан туған: «Мен биікпін, халқым барда!», елдің береке-бірлігін сақтап, бір рулы елге ұран болған «Қарқабат ана», «Ана деген ұлылық» және басқа өлеңдерін жергілікті оқырмандар оқып, жүректен-жүрекке жеткізді.

Иә, ақынның жаны нәзік, жырлары мөлдір дейміз-ау, дегенмен көкірегінде толған шабытты жырды қозғайтын, тек ақынның терең тебіреніс пен құпия сырларының әсері ғана деуге де болмайды. Ақын жырында замана өзгерісі, қоғамның түйткілдері мен оған деген көзқарас, тарихтың сан қырлы парақтары, әлеуметтік-тұрмыстық жағдаяттар, тағы басқа сан салалы тақырыптар көтеріліп, оны «қазақтың қара өлеңінің» ішіне сиғыза жеткізіп, қалың оқырманға ой салады. Оның қуанышқа толы сәттері мен мұң мен сырлы сезімге бөлеген айшықты сәттері де осы жыр жолдарынан оқылып тұрғандай. Ақын шығармашылығындағы кейбір тыңнан түрен салғандай кесек туындылары мен өзекті мәселенің түйінін шешуге бағыттаған өлеңдерін оқығанда оның кәсіби журналистік қызметі де өлеңнен көрініс тауып тұрғандай.

Жұлдыз Тойбектің бір басындағы қаншама дарын барын байқамау мүмкін емес. Бірде айтыс ақынындай арындаған жырларын төгіп-төгіп жіберіп, ұтымды, ұшқыр оймен ұштап, қысқа да нұсқа қайыратыны бар. Енді бірде журналист ретінде қоғамның тыныс-тіршілігіне қырағы көзбен шолу жасап, ортаға өзекті ой тастайды. Енді бірде сызылтып ән салып, айналаны әдемі әуенге толтырып жібереді. Әсіресе, әйел-анаға тән мейірімділіктен туындаған шығармалары мен қыз жүрегінің құпия-сырын жыр кесесіне құйып, ұсынған өлеңдері жыр сүйер қауымның жүрегінен жол тауып жатыр. Табиғаты нәзік Жұлдыз қыздың бойында ерлерге тән өжеттік бар. Ескі көмбедей көкірегінде жатқан жан сырын ақтарғанда «дүлей дауылға қарсы тұрған» ақынның қайсарлығына тәнті боламыз.

Жұлдыз Райымбекқызы ақын ғана емес – қоғам қайраткері! Мектепті бітіре салып, қой өсіруші комсомол-жастар бригадасында бір жыл қой бағып, Алматыдағы ҚазМУ-ге оқуға түсіп, екінші курс оқып жүргенде Желтоқсан көтерілісіне қатысып, ел Тәуелсіздігі үшін үлес қосып, Қарағанды қаласында қазақ мектептері мен балабақша ашу жолында, елдімекен атауларын қазақ тіліндегі тарихи атауына ауыстыру жолындағы күрестері айтар ауызға жеңіл болып көрінгенмен, қаншама ащы тері төгілді. Осы істің бәрін отанына, еліне деген шексіз сүйіспеншілікпен атқарған.

Жырға толы, сырға толы әдеби-сазды жыр кешінен қаншама жан рухани ләззат алды. Шабыт отын жақты. Жұлдыз Райымбекқызының соңынан ерген ізбасар ақынжанды сіңілілері де өз шығармашылықтарынан өлеңдерін оқып, әдемі кештің шырайын енгізді. Елге танымал ақын апаларының алдында сынақтан өтіп, шыңдалып алайық дегендей олар да «қойын дәптерлерін» парақтап, өлеңдерін арнады.

Кеш барысында ақын қыздарын алқалаған жұртшылықтың алғысқа толы бата-тілектері, ақ ниетті жылы лебіздері, ақжарма сүйсінпеншіліктері Жұлдыздың мәртебе – мерейін өсірді. Олардың қатарында Қарқаралы қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Бабайбеков ағамыз, аудандық «Қарқаралы» газеті редакциясының тілші-журналистері, Қарқаралы аудандық мәслихаттың депутаты Айым Мұхитбекқызы, өңірдің әр түкпірінен келген жыр сүйер қауым мен мәдениет және кітапхана қызметкерлері , орталық кітапхананың «Қаламгер» клубының мүшелері және басқа меймандар Жұлдыздың «Кеудеме Көкала үйрек келіп қонса…» атты жаңа кітабының тұсауын кесті. Ақын оқырмандарына кітаптарын сыйға тартып, қолтаңбасын қалдырды.

Шығармашылық кештің шырайын кіргізіп, сазды әуеннің әрімен мерекенің мәні мен сәнін кіргізген аудандық мәдениет үйінің өнерпаз әншілері әр оқылған өлеңді әнге айналдырғандай болды.

Кештің соңында ақын – журналист Жұлдыз Райымбекқызына сөз берілді. Қиыны мен қызығы, кедергісі мен бөгеттері көп ширек ғасырлық ғұмырбаянына қысқаша тоқталып, соқтықпалы, соқпақсыз жолдардың «құрыштай шынықтырғанын» айтып өтті.

Ақын жолы ешқашан жеңіл болып көрмеген. Осы жолдың қиындығына қарамастан таңдау жасағаны – ақын қызымыздың үлкен ерлігі.

Сырға толы, жырға толы кештің қонақтары Жұлдыздың студенттік кездегі курстасы, аудандық мәдени-сауық орталығының директоры Мақсат Омарбеков, мектеп қабырғасында бірге оқыған ауылдасы Алтынай Кәкенова, туған ауылы Нығмет Нұрмақов атындағы ауылының кітапханашысы Гүлназ Ибраева сынды жерлестері жасынан көздеген мақсатына жетпей тынбайтын табанды еңбекқорлығын, ер- азаматқа бергісіз мәрттігін айтып, тебіреніп сөйледі. Иығына камзол, басына жаулық жауып, еліне еркелей келген Жұлдыздарын көкке жеткізді.

Гүл дестелеріне құшағы толған ақын Жұлдыз Тойбекке Қарқаралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімініңбасшысы Ж.Искакованың Алғыс хаты және орталық кітапхананың естелік сыйлықтары құрметпен ұсынылды. Осы әдеби-сазды жыр кешінің түйінінде ақынның:

Жеткізетін ұл-қызын жарқын таңға.

Мен биікпін, көтеретін халқым барда.

Асылын ардақтайтын елім барда,

Өкпелеуге өмірге хақым бар ма?! – деген өлең шумағын қадірін білген қалың қарашаға айтқан алғысы деп білдік.

Ақын-журналист Жұлдыз әрдайым өз биігінде. Себебі, ол халықтың сөзін сөйлейді, қарашаның мұңын жазады. Өресі биік ақындық өнердің биігінде өршіл ақынның әлі талай шығармасына куә боларымыз анық.

Жұлдызың биіктен жарқырай берсін, Қарқаралының Жұлдызы!

Бану ДАУТАНҚЫЗЫ
Қарқаралы қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз