«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында тіректі, спутникті ауылдарды дамыту көзделген. Түркістан облысы бойынша жобаны жүзеге асыру мақсатында жалпы тізімі анықталған 614 елді мекеннің 1 млн. 300 мыңға жуық халқы мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көреді. Биыл 28 елді мекенде 118 жобаны іске асыруға республикалық бюджет есебінен 5,3 млрд. теңге бөлінді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрғалығымен өткен жиында бағдарламаның жүзеге асырылуы баяндалды.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске асырылуы тұрақты бақылауда. Мемлекеттік бағдарлама аясында аймақтағы ауылдардың ажары кіріп, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау салалары нысандары жаңарып, жөнделуде. Ауыз су, жарық, табиғи газ, көлік инфрақұрылымы және жылумен қамтамасыз ету  салалары бойынша құрылыс, қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің баяндауынша, білім саласында бір нысан жаңадан салынып, екі нысан күрделі жөндеуден өтеді. Әлеуметтік салалар мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қосымша 42 елді мекендегі 200-ден астам жобаға ұсыныс беріліп, қолдау тапты. Нәтижесінде Келес ауданында жаңа мектептің құрылысы басталып, Түлкібас ауданында жаңа медициналық мекемелер мен үш ауылдағы ауыз су жүйелері жаңартылмақ. Созақ, Отырар аудандарында жаңа мәдениет ошағы салынып, Ордабасы ауданындағы Төрткіл ауылында денешынықтыру және сауықтыру кешені бой көтереді. 104 ауылдағы ішкі көшелер жаңарады.

2021 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен жалпы 22,8 млрд.теңгеге 334 жоба іске асырылып, 300 мыңға жуық халық тұратын 72 елді мекендегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандардың жағдайы жақсаратын болады. Сонымен қатар, бүгінгі таңда, мемлекеттік бағдарлама аясында 2022-2024 жылдарға іске асырылатын жобалар тізбесі қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз