ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық мәселелер талқыланды.
Эпидемиологиялық ахуалды оңтайландыру үшін Үкімет алдағы 3 айда 6 млн адамға, ал қыркүйекке дейін 10 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр. Содан кейін ұжымдық иммунитеттің жинақтаушы әсері күтіледі дейді Асқар Мамин. «Қазіргі біздің басты міндетіміз – санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина алғандардың санын арттыру. Осы бағытта нақты жұмыс ұйымдастырылды. Министрлік вакцинациялау бойынша жоспар әзірледі. Биылғы сәуір, мамыр және маусым айлары аралығында өңірлерде ай сайын 2 млн адамға вакцина алу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі», – деді Үкімет басшысы. Сонымен қатар Асқар Мамин елдегі дәрі-дәрмек қоры және атқарылуға тиіс жұмыстар барысына тоқталды. «Денсаулық сақтау жүйесі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етілді. Ауруханаларда дәрі-дәрмектердің айлық қоры бар. Ал СК «Фармация» қоймаларында және дәріханаларда 2 айлық қор жасалынды. Сонымен қатар, барлық өңірлерде 3 айлық дәрі-дәрмектердің, жеке қорғаныс құралдар мен шприцтері бар тұрақтандыру қорлары құрылды. Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың барлық тапсырмаларын орындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде», – деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне медиа- жоспарды жаңартуды және Денсаулық сақтау министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп вакцинациялаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді жүктеді.

Дәрі-дәрмек жеткілікті ме?

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, медицина ұйымдарын одан ары жабдықтау үшін 2021-2022 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 85 млрд теңге бөлу көзделген. Реанимациялық бөлімшелерді қосымша жабдықтау жұмыстары өңірлерде тұрақты түрде жүргізіледі. Сонымен қатар коронавирусқа қарсы 232 препараттың құны орташа есеппен 27 пайызға төмендетілген.
«Бүгінде еліміз дәрілік заттардың және медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етілген. Ауруханаларда КВИ-ден емдеуге арналған дәрінің бір айлық қоры, ал «СҚ-Фармация» қоймаларында және дәріханаларда 2 айлық қоры жасақталған. Барлық өңірде 18 млрд теңгенің дәрілік заттарының тұрақтандыру қоры құрылған», – деді министр. Министр 2020 жылдың тамыз айынан бері ауруханалар мен дәріханаларға жүктемені төмендету мақсатында КВИ-ден емдеуге арналған дәрінің 5 түрі амбулаторлық деңгейде тегін беріліп келе жатқанын және мұндай дәрілік заттардың 1 млн адамға жететін қоры бар екенін айтты.
Медициналық маскалар орташа есеппен 20 теңгеден еркін сатылып жатыр. Қоймаларда 21,5 млн дана көлемінде жеткілікті қор бар. Медицина ұйымдары жеке қорғаныс заттарымен толық қамтамасыз етілген. Өңір әкімдіктері 3 айлық қор жасақтап қойды», – деді Алексей Цой.

Вакцина алғандарға паспорт беріледі

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, халықаралық тәжірибе негізінде әзірленген технологияларды кешенді түрде қолдану эпидемияға қарсы іс-шаралардың тиімділігін арттырады. Сондықтан коронавируспен күреске цифрлық технологиялар қарқынды енгізілуі керек. «Елдегі індетпен күрес және іскерлік белсенділікті сақтау арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында цифрлық технологиялар қарқынды енгізіледі. Вакцина алған тұлғаларға мониторинг жүргізу және оларды есепке алу үшін «Антиковидтік паспорт» әзірленді. «Ashyq» жобасын масштабтау және қолданыстағы бизнес субъектілерінің жұмысын қамтамасыз ету әрі қызметтің тыйым салынған түрлерін іске қосу үшін оны «Антиковидтік паспортпен» интеграциялау жүргізіледі. Мониторинг топтары жұмысының тиімділігін және ашықтығын арттыру үшін ұялы байланыс операторларының иесіз мәліметтері негізінде «Жылылық картасы» енгізіледі», – деді министр. Сонымен қатар ол бос емес төсек-орын қорына басымдық бере отырып, елдегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасының қосымша критерийлері әзірленіп, ведомствоаралық комиссияның бекітуіне ұсынылатындығын айтты.
Таяуда жүргізілген зерттеулерге сәйкес, коронавирустың британдық штаммы бастапқы штаммға қарағанда қауіпті. Оны жұқтырған адамдардың ауруханаға жатуы көбірек кездеседі әрі өлім-жітім қаупі де жоғары болып отыр.
«Бразилиялық штамм өлім-жітімге көп әкеле бермейді. Дегенмен, ол COVID-19-дың бастапқы штаммына қарағанда жеңіл таралады. Сонымен қатар коронавирустың британдық штаммы өткен жылғы штаммен салыстырғанда 1,7 есе, оңтүстік африкалық штаммға қарағанда 1,5 есе, ал бразилиялық штаммға қарағанда 2 есе жылдам таралады. Бұған қоса, репродуктивтілік саны 1,1-ден 1,9-ға дейін артуы мүмкін. Бұл аталған штаммдардың біртіндеп басым бола түсуіне алып келеді», – деді Алексей Цой.
Сонымен қатар министр Үкіметтің 2020 жылдан бастап қабылдаған шектеу іс-шаралары 6 ай бойы вирустың жаңа штаммдарының елімізге әкелінуіне тосқауыл бола алатынын, жаңа штаммдарды мониторингілеу жұмыстарының жалғасатынын айтты.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз