Болашақ энергиясы – бұл қазіргі заманның келелі мәселелеріне және болашақтағы шешімдерді болжауға қатысты міндеттерді шешуге бағытталған, ойлануға нәр беретін ауқымы кең тақырып болып отыр. Энергетиканың қоршаған ортаны отынның органикалық түрлерінің өнімдерімен, ондағы зиянды қоспалардың болуымен, жылу қалдықтарымен ластауда да үлесі көп. Бүкіл пайдаланатын эенергетикалық ресустардың 25% электр энергиясының үлесіне тиеді. Ал қалғаны (75%) өндірістік, тұрмыстық жылуға, транспорт, металлургия, химиялық процестер үлесіне тиеді. Олар дүниежүзінде 25 млрд тоннадан аса пайдаланылады. Энергетиканың қоршаған ортаға әсері ондағы отынның түріне байланысты болады.

Қазірі кездегі ең негізгі энергетикалық ресурстар – көмір, мұнай, газ болып отыр. Көмірдің қоры мұнайдан 20-30 есе көп болса, табиғи газдан 30-50 есе жоғары. Мамандардың есептеулері бойынша, жыл сайын 7 млрд тонна отын ресурсы өндіріліп, әрбір 20 жылда оның өндіру қарқыны екі есеге артып отыратын болса, 2050 жылға қарай барлық отын ресустарының қоры сарқылуы мүмкін. Соның ішінде мұнай мен газ, себебі, қазірдің өзінде кейбір елдерде мұнай ресустарының тапшылығы айқын байқалуда.
Экологиялық тұрғыдан алып қарағанда энергияның балама көздерін пайдалану осы мәселенің оңтайлы шешімі болып табылады. Сондықтан да бүгінгі күннің талабы – энергияның жаңа балама көздері мен оларды өндірудің жаңа әдістерін іздестіру қажет. Энергия – дүниежүзілік экономиканың көкейкесті мәселелерінің бірі. Соңғы кездері баламалы энергия көздері әлемдік деңгейде талқыланып ғаламдық маңызға ие болды. Оның басты артықшылығы –сарқылмастығы мен экологиялық тазалығы болып табылады. Атмосфераға үлкен көлемде зиянды газдардың бөлінуіне алып келетін мұнай және басқа да қорларды өңдеумен салыстырғанда, баламалы энергия көздерін пайдалану ғаламшардың энергетикалық қалпын өзгертпейді. Осы жолмен жаңартылған энергия көздерінің шетелде шалқып өркендеуінің және онжылдықта оптимистік болжамның қалыптасуына ұйытқы болды. Қазақстан бірінші болып, сол болашақты сақтау үшін энергияның баламалы түрлеріне көшу мәселесін көтеріп, әлемді залалсыз, табиғатқа да, адамзатқа да пайдалы баламалы куат көздерін дамытуды насихаттап, елімізде жасалып жатқан сол бағыттағы жаңа технологияларды ұсынбақ .
Елбасы өнеркәсіптік даму жолдауында: «Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиісті. Болжам бойынша 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 пайызға жетеді. Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 пайызға жеткізу міндетін қойдық» деген еді.
Қазақстанда дәстүрлі емес қайта өңделетін энергия көздерінің (жел энергиясы, күн энергиясы, биоотын, электр энергиясы, жылу энергетикасы, су энергетикасы) барлығы табылады. Тек соларды орнымен тиімді пайдалана білсек, арзан электр энергиясын өндірумен бірге еліміздің экожүйесін сақтауға мүмкіндік мол.
Гидроэнергия. Кейбір деректерге сүйенсек, Қазақстан территориясы бойынша гидроэнергетикалық ресустар тең бөлінбеген, олардың үлкен бөлігі Қазақстанның негізгі үш аймағында шоғырландырылған. Олар:
Оңтүстік-Шығыс аймағы, Іле өзені бассейіні, Шығыс Балқаш көлі бассейіні және Алакөл көлдерінің топтама бассейіні;
Шығыс аймағы, Ертіс өзені бассейіні;
Оңтүстік аймағы, Сырдария, Талас, Шу өзендерінің бассейіні.
Жел энергиясы. Қазақстанда жел энергиясын пайдаланудың басымдықтары жел энергиясы ресурстарының бар болуымен анықталады. Қазақстан территориясының жартысында желдің орташа жылдық жылдамдығы 5-6 м/с, ал кейбір аудандарда желдің жылдамдығы 7-8 м/с. құрайды. Жел электрстанцияларын салу ең алдымен, желіге қосылмаған шалғайдағы аудандарды энергиямен қамтамасыз етумен шартталады. Қазақстан үшін энергияның жаңартпалы басым көздерінің бірі жел энергиясы болып саналады. Осыны ескере отырып, Қазақстанның жел атласы жасалды. Қазіргі кезде жел электрстанцияларын салудың 10 алаңы зерттелген. Өндіріс үшін жалпы қуаттылығы 1000 МВт-ға дейін жететін аса ірі жел электрстанцияларын салу үшін толығымен пайдаланыла алады. Бұл жоспарда Жоңғар қақпасының әлеуеттік мүмкіндіктері аса танымал екені белгілі. Қазақстандық танымал энергетик Александр Трофимовтың мәліметтері бойынша, республикамыз жан басына шаққандағы жел энергиясы ресурстарының көлемі бойынша әлемде бірінші орынды иеленеді. Елімізде жел энергетикасын дамытуға деген қызығушылықтар отын бағаларына тәуелді болмауға, атмосфераға зиянды қалдықтарды тастамауға, экологияны таза ұстауға, сонымен елдің барлық территориясына қол жетімді, шалғай аудандарды электрэнергиямен жабдықтауда мүмкіндіктері зор.
Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданы, Шелекті дәлізінде қуаты 60 МВт – тан 300 МВт-қа жететін ЖШС «Энергия Семиреч» Жел Электростанциясы жобасы қолға алынбақ және капиталының 51% -ын АҚ «СПК Жетісу» арқылы «Samruk-Green-Energy» ЖШС үлесінде. Орташа желдің жылдамдығы 50 метр биіктігі 7,8 м/с, қуат күші 310 Вт/м тең болатын таңдалған географиялық орынның қолайлылығы жоғары болып келеді.
Күн энергиясын қалыптастырудың және пайдаланудың бірнеше бағыты бар: күн сәулесі электр энергиясын және жылуды қалыптастырады; ғимараттарды жылыту үшін қолданылады; ауаны баптайды; ыстық сумен қамтамасыз етеді; әртүрлі материалдарды кептіру үшін қолданылады. Қазақстанның географиялық орналасуының солтүстіктік кеңдігіне қарамастан, еліміздегі күн энергиясының ресурстары тұрақты және климаттық жағдайлардың қолайлығына байланысты қол жетімді болып табылады. Кейбір зерттеу қортындылары бойынша, елдің оңтүстік аймақтарында күн энергиясының әлеуеті жылына 2500-3000 күн сағатына жетіп жығылады, ал күн сәулесі энергиясы жылына 1300 – 1800 кВт/м құрайды. Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысы және Арал теңізі сияқты энергия тапшы аймақтар күн электростанциясын салу үшін аса қолайлы аудандар болып табылады.
Демек энергияға деген тәуелділіктің ертеңін жоспарлау үшін оның кешегісімен бүгінгі жағдайын дұрыс, айқын бағалай білу қажет. Анықтап айтсақ, баламалы энергетикаға толықтай көшу – бұл қол жетпейтін дүние емес. Тек бұған тың технологиялар мен инвестициялар қажет. Сондықтан Қазақстан да балама энергияны дамытуды басты назарға алу керек деп санаймын.

Айдархан Өмірғазынов,
Қазақ қатынас жолдары университетінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің
жетекші маманы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз