Ұзақ жылдық тарихы бар Орал қалалық кітапханасы оқырмандар үшін ақпараттың, білімнің және мәдениеттің орталығына айналды. Өзінің тарихымен және дәстүрімен ерекшеленетін қалалық кітапхана директоры Ганди Шамкеловамен руханият ордасы туралы аз-кем сұқбаттасудың сәті түсті.

 

Ганди Шамкелова
Ганди Шамкелова

 

Шығармашылық әлеуеті – қолайлы орталық

– Ганди Ізтұрғанқызы, әңгімемізді кітапхананың бүгінгі кезеңдегі рөлінен бастасақ?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІV отырысында кітапханалардың ағартушылық рөлін көтеру, өскелең ұрпақты оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту ісіндегі кітапхананың рөлі жөнінде айтқан болатын. Берік білім қалыптасқан қоғамда табыстың деңгейі жоғары, адамдардың бақуатты өмір сүруіне жағдай жасайды. Кітап оқу арқылы қоғам өзін-өзі тәрбиелеп, басқарудың дамуын үйренеді.
Өркениет заманында кітап оқитын пайдаланушылар саны азайғанымен, оқып білуге, ақпарат алуға деген ынта-ықылас еш толастамайтындығы анық. Кітапхана қай дәуірде де бәсекеге қабілетті, мәдениетті, рухани тұлғаны тәрбиелеп шығаруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан да ақпараттың, білім мен мәдениеттің орталығы кітапханалардың маңыздылығы жылдан-жылға артып келеді.

– Басшылық тізгінін өзіңіз қолыңызға алған Орал қалалық кітапханалар жүйесімен таныстырып өтсеңіз?
– Орал қалалық кітапханасы 1938 жылдан бері ақпараттық, білім, мәдени қызметін қалалықтарға ұсынуда. Кітапханалар жүйесіне қарасты 18 кітапханада 72 қызметкер, оның ішінде 52 арнаулы жоғары білімді кітапханашы маман жұмыс істейді.
Кітапхана филиалдары қала көлемінде және қала аумағындағы Зашаған, Деркөл, Желаев, Круглоозерный, Серебряков, Ветелки кенттерінде орналасқан. Кітапхананың жалпы кітап қоры 622 561 дананы құрайды. Кітапханада оқитын ортаны қалыптастыруда кітапханашылар жаңашылдыққа, заманауи ақпараттық технологиялар және бағдарламалармен жұмыс істеуді қолға алған.
Бүгінгідей ғылым мен технологияның қарыштап дамыған заманында да кітап, кітапхана өзінің құндылығын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып, қызметін жалғастырып келеді. Соның бір дәлелі – биыл кітапханалар қорының жаңа 2020 жылғы 10443 жаңа кітаптармен толықтырылуы, оның 8170-і – қазақ тілінде.

 

 

– Қалалық кітапхананың тарихы әріден басталғанымен, заман ағымынан қалыспай өз жұмысына жаңашылдық енгізу үстінде екенін білеміз. Осы ретте кітапханадағы соңғы өзгерістерден хабардар етсеңіз.
– Кітап оқу – адамның мәдени-ағартушылық белсенділігін арттырудың негізгі құралы. Сондықтан біздің кітапхана да өз оқырмандарының сұраныстарына қарай өзгерістерге бейімделіп отырады. Сөзіңіздің жаны бар, бүгінде кітапханамыздың жұмысы жаңғыртылып, жандана түсті. Кітапхананы жаңартудағы басты мақсат – оқырманға жаңа ақпараттық технологияны, электрондық ресурстарды пайдалану арқылы қызмет көрсетудің жаңа формаларын ұсыну.
Қалалық кітапханаларды жаңғыртуға Орал қаласының әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолдау көрсетуде. Айталық, ағымдағы жөндеуден өткен №5 кітапхана филиалы коворкинг орталығы болып ашылып, жұмысын жалғастыруда. Аталмыш орталықта келушілерге қолайлы орта, жайлылық пен еркін сұхбаттасу, шығармашылық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік жасалған. Жастардың іскерлік кездесуіне, әртүрлі формадағы іс-шараларға, дискуссия, пікірталас өткізуге арналған зал да коворкинг төрінен орын алған. Бұнымен қоса балалар орталықта кітап оқумен шектеліп қана қоймай, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнап бос уақыттарын тиімді өткізеді.
Өткен жылғы «Қала күні» мерекесі аясында Орал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №6 кітапхана-филиалының күрделі жөндеуден кейінгі ашылу салтанаты өтті. Кітапхананың ашылу рәсіміне ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиевтің жары Софья Молдағалиева, қаламгердің ұрпақтары, Қазақстанның халық жазушысы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлінің жары Салтанат Мырзалиева, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері Ұлықбек Есдәулет, көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов қатысты. Шарада Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, «Өлке» баспасының бас директоры, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, журналист Мереке Құлкенов, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Роза Исатаева жаңғыртылған кітапхана жұмысына сәттілік тілеп, сөз сөйледі.

Жаңа ақпараттық жүйедегі тың келбет

– Жұмысы жаңғыртылған кітапханалар оқырмандарға қандай жаңашыл қызметтер көрсете алады?
– Кітапханаларда қолданылып келе жатқан жаңа ақпараттық технологиялар, электрондық ресурстар, пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа формалары кітапханалардың жаңа келбетін қалыптастыруда маңызды рөлге ие. Атап айтсақ, орталық кітапхана мен №6 кітапхана филиалында web РАБИС бағдарламасы арқылы кітаптар мен мерзімді басылымдарды электрондық каталогқа енгізу жұмыстары басталды. Бағдарлама барлық интернет ресурстары үшін ашық болғандықтан, пайдаланушыларға әлемдік ақпараттар кеңістігінен қажетті мәліметтерін тез алуына мүмкіндік қарастырылған. Онлайн режимде пайдаланушы үшін қажетті әдебиетті табу және оны fb2 форматында жүктеу де қолжетімді. Бұл оқырманға ақпараттық қызмет көрсетудің саны мен сапасын, тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кітапханада қала тұрғындары үшін қолданылуы қарапайым, арнайы жабдықталған ақпараттық киоск бар. Ақпараттық киоск – жеңілдетілген ақпарт алу көзі, оның көмегімен тұрғындарға «Электрондық үкіметтің» egov.kz порталынан өздеріне қажет анықтамаларды тез алуына болады. Тұрғындарға қолжетімді болу үшін ақпараттық киоскілерді басқа филиалдарда ашу жоспарда бар.
Сонымен қатар кітапханалар жүйесі бойынша №16 және №2 кітапхана филиалдары жаңа ғимараттарға көшірілді. Жаңа заманға сай үлгіде жөңдеуден өтіп, жаңартылған №2, 16 кітапхана филиалдарының жұмысының негізгі мақсаты – балалармен қатар жергілікті тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қызығушылықтары бойынша топтастыру, түрлі мәдени шаралармен қамту, салауатты өмір салтын ұстануға тарту. Осы орайда кітапхана филиалдары пайдаланушыға ыңғайлы, қолжетімді, көпфункционалды ақпараттық, танымдық, тағылымдық орталық ретінде қайта жаңарып, ғаламтор жүйесіне қосылған.

– Елдегі пандемияға байланысты карантиндік шектеулер кезінде кітапханалар жүйесі өз жұмыстарын қалай оңтайландырды?
– Орал қалалық орталықтандырылған кітапханасы бастапқы төтенше жағдай кезінде, карантин уақытында оқырмандарына онлайн қызмет көрсетіп, адамзаттың рухани азығына айналған кітап оқумен байланысты іс-шараларды тоқтатпады. Соның ішінде атаулы күндер, ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығына бағытталған бейнебаяндар, онлайн шолу, виртуалды кітап көрмелері, сыр-сұхбат, кездесу, акция, челлендж, байқау, мәнерлеп оқулар, онлайн саяхат, онлайн викторина сияқты жұмыс түрлерін және әртүрлі форматта көптеген іс-шараларды оқырман назарына ұсынды.
Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойында «Абай өлеңдерін оқу» челленджі марафон, эстафета форматында әлеуметтік желіде кеңінен насихатталды. Кең көлемде аталып өткен ұлы Абай мұрасын насихаттау жұмыстарына үн қоса отырып, орталық кітапханадан «Абай залын» ашуға ұйытқы болдық. Мұндағы басты мақсатымыз – ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, рухани асыл мұрасын өнеге ету. Абай залында Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, журналист, тележүргізуші Мұнайдар Балмолдамен «Анамның жаққан ошағы», ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз, жұбантанушы, ақын Үзілдік Елеубайқызымен «Ауылда менің ғұмырым», Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талғат Мықимен «Сөзге ғашық жүрек үні», жас ақын Аида Хасановамен «Нәзік жүректің наз үні», сонымен қатар облыстық «Дала дарындары» байқауының бас жүлдегері, аймақтық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, «Теректі жаңалығы» газетінің бас редакторы, «Тау баласы» атты жыр жинағының авторы Әділет Орынбасармен «Өмір маған өлең жазып үйреткен», Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры және кино актрисасы, «Құрмет белгісі» төсбелгісінің иегері Жұлдыз Мамедовамен «Театр – менің өмірім» тақырыбында онлайн сұхбаттар өтті. Абай залында ұйымдастырылатын «Сыр-сұхбат» бағдарламасының ай сайынғы шаралары көпшілікке бір серпіліс әкелді.
Қоғаммен байланысты жандандыра түскен кітапханашылар ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Оқитын автобус» қалалық акциясын өткізді. Акция аясында жолаушыларға Абай Құнанбайұлының ұлағатты сөздерін постер арқылы таныстыру негізінде ақынның өнегелі өмірі мен даналығын, рухани асыл мұраларын, өлеңдері мен әндерін таныстырды.
Ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына орай «Жыры інжу Жұбан ақын» атты қалалық «Жұбан оқулары» онлайн байқауы, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Шығыстың ғұлама ғалымы» атты дөңгелек үстел өз деңгейінде өтті.
Барлық іс-шаралар кітапхананың ақпараттық ресурсы болып табылатын әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланып отырды. Жалпы 145 онлайн іс-шара ұйымдастырылып, 34000 қаралымды құрады.

«Бір ел – бір кітап» акциясы

– Көпшіліктің жадында жатталып қалған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының биылғы еншісіне қандай әдебиеттер таңдалды? Қала көлемінде бұл акция қалай жалғасуда?
– Жуырда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында таңдалып алынған алты бағыт бойынша оқуға ұсынылатын 30 кітаптың таныстырылымы өтті. Биыл бұл іс-шара «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» акциясына және 2021 жыл – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына орай ұйымдастырылды. Басты мақсат – таңдалған басылымдарды қалың оқырманға таныстыру, кітап оқуды насихаттау.
«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы шеңберінде алты бағыт таңдалып, нәтижесінде оқырман оқуға тиісті 30 кітап іріктелген. Аталмыш шара барысында қалалық кітапхананың кітап қорын сақтау бөлімінің кітапханашысы Райхан Айтжанова бұл туралы айтып өтті. Ал кітап қорын сақтау бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Өтешова – аударма әдебиеттер, орталық кітапхананың оқу залының меңгерушісі Гүлдана Ізгалиева – проза жанры, №2 кітапхана филиалының кітапханашысы Мирамкүл Акимова – поэзия, №6 кітапхана филиалының кітапханашысы Баян Жолтаева – драматургия, кітапханашы Торғын Бикешова – балалар әдебиеті бағытындағы кітаптарға шолу жасады. Нәтижесінде Орал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қорынан дайындалған кітап көрмесіне поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті және аударма саласындағы авторлардың 30 ең үздік шығармасы, сондай-ақ осы авторлардың әр жылдары жарық көрген кітаптары қойылды.

– Күні бүгінге дейін атқарылған жұмыстар аз емес. Енді алдағы мақсат-міндеттермен бөліссеңіз.
– Бүгiнгi тaңдaғы қoғaмдық өзгерістер, қоғамның өркениеттік деңгейге көтерілуі, ашық ақпараттық кеңістікке өтуі кітапханалардың жаңа бағытта жұмыс істеуін талап етеді. Заманауи қоғам – ақпараттық технологиялар заманы. Жаһандық жаңару үрдісінде заманауи өзгерістен қалмай келе жатқан кітапхана да өз қызметін белсенді атқарып келеді. Адамзат қандай жағдайлар болмасын кітап оқуды, баспа басылымдарын пайдалануды тоқтатпайды. Қоғамда электрондық басылымдар дәстүрлі басылымдардың орнын басты деген пікірлер де бар. Бірақ кітапхана қорының дәстүрлі кітап немесе электронды болуының айырмашылығы жоқ. Себебі, кітапхана – көпшіліктің, жеке тұлғаның рухани қазынасы.
Әр жыл сайын кітапхананың материалдық-техникалық базасы жетілдіріліп отырғанымен, әлі де нығайтуды қажет ететін тұстары жоқ емес. Қала аумағындағы кейбір аудандарда кітапхана жетіспейді. Алдағы уақытта мекемелерде орналасқан кітапхана филиалдарына бөлек орын қарастырып, қажеттілігі бар аудандарға орналастыру жұмыстары өз шешімін табады деп ойлаймын. Жаңартылатын кітапханалар соңғы үлгідегі жиһаздармен, интернет желісімен жабдықталып, коворкинг орталық деңгейінде қызмет көрсетуге лайықталады.
Қаладағы жалпы кітапхана саны 18 болса, оның ішінде ауылдық округтерде орналасқан кітапханаларға кітап пен көрмеге арналған заманауи сөрелер қажет. Сондай-ақ кітаптарды электрондық форматқа көшіретін арнайы бағдарламасы бар сканер, принтер, мультимедиялық қорға аудиожазба жазатын құрылғылардың қажеттілігі айқын сезіледі.
Кітапхана қоғамдық сананы, адамдардың өмірге көзқарасын, білім мен мәдени ортаны қалыптастыруға елеулі әсер етеді. Демалуға қажетті заманауи жиһаздармен, жылдамдығы ауқымды интернетке қосылған компьютерлермен, ноутбуктермен, планшеттермен, Wi-Fi желісімен, жаңа технологиямен қамтамасыз ету – уақыт талабы. Әдемі дизаиндағы пайдалануға қолайлы заманауи кітапханаға оқырмандардың қуана келетіні анық. Оқырмандарға қызмет көрсетіп келе жатқан кітапхана алдағы уақытта да өз деңгейінде жұмыс істеп, жаңа белестерден көріне берері сөзсіз.

Сұхбаттасқан – Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Орал қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз