Оралдық мектептерде қалалық білім беру бөлімінің бастамасымен осындай жоба жүзеге асырыла бастады. Бұл туралы аталмыш бөлімнің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің «Менің аулам – менің бағым» идеясы негізінде қолға алынған бұл жоба жеті мектепте бастау алды. Үш жылға арналған жобаны жүзеге асыруға С.Исаев атындағы халықаралық эксперименталдық коллекциялық питомник-бақтың директоры Қайрат Кәрімов қолдау көрсетпек. Жыл басында Орал қалалық білім беру бөлімі мен аталған питомник арасында келісім жасалған. Бөлім басшысы Ақжарқын Темірханованың бастауымен жобаны жүзеге асырушылар Қайрат Кәрімовпен алғашқы кездесу өткізіп, білім беру ұйымдары аулаларына жеміс ағаштарын егу жобасының тетіктерін талқылаған еді.
Өткен аптада жобаны іске асыруға ниет білдірген мектептер питомникке арнайы барып, әрқайсысы алма ағашының 10-20 данасын алды. Оларға Қайрат Кәрімов көшеттерді түптендіру кезіндегі маңызды жайттарды түсіндіріп өтті. Бөлім басшысы Ақжарқын Мүтиғоллақызының мәліметінше, жобаға қатысатын жеті мектептің басым бөлігі – кейінгі жылдары бой көтерген жаңа мектептер. Әр мектеп ауласында жеміс ағаштарын түптендіруге орындар дайындалып, қоршалған. Жеміс ағаштарын күтіп-баптауға мектептің биолог-ұстаздары, оқушылар және қызметкерлер жұмылдырылмақ.
– Бала естігенінен емес, көргенінен мол тәлім алады. Балаларымыз жеміс ағаштарын баптаудың қыр-сырына үйренсе, өз үйлерінің айналасын, аулаларын жеміс ағаштарымен жайқалтады деп ойлаймыз, – дейді Ақжарқын Мүтиғоллақызы. Сондай-ақ жаз маусымында бақты күтіп-баптау жұмысына оқушылар тартылады деп күтілуде. Алма бақтарында еңбек ететін шәкірттерге қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 42 500 теңгеден төленетін болады.
Жас көшеттерді отырғызып үлгерген №32 ЖОББ мектебінің аумағында бұған дейін «Қайың аллеясы», «Түлектер аллеясы», әр түрлі өскіндер мен дәрілік шөптер егілетін тәжірибелік алаң болған. Енді мектеп ауласы жеміс бағымен толықты. Жаңа көшеттерді егуге мектеп басшылығы, ұстаздар мен оқушылар қатысқан. Ұстаздар оқушыларға ағаш егуде тыңайтқыштардың қолданылуы, топырақ деңгейі, ағаштардың суарылуы туралы түсіндірді. Бұл жұмыстар жалпықалалық сенбілік аясында жалғасын тапты.
Еске сала кетсек, «Мектеп. Алма бағы. Оқушы» жобасына Оралдағы №32, №37, №46, №48, №49 орта мектептер, Эстетикалық бағыттағы гимназия және Серебряков мектебі қатысады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз