Ақ жол!

Отан отбасынан басталады. Сондықтан «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей отбасылық тәрбиенің сипаты бүкіл мемлекеттің болмысын анықтайды. Тарихшы, этнолог, журналист, қоғам белсендісі Тұрар Саттарқызының идеясымен құрылған «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігі қоғамдағы бар мәселенің тамырын отбасыдан іздеп, шешімін ұсынуымен құнды десек артық айтқандық болмас еді. Қарашаңырақ ұғымы кең, ол ұл мен қыздың тәрбиесімен қатар ұлттық діл мен тіл мәселесі. Экономиканың, әлеуметтік саланың өзегінде де ұрпақ тәрбиесінен туындайтын сан проблемалар жатыр. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов осы бір ауыз сөзімен елдіктің негізі отбасында екенін нұсқағаны айқын. Осы тұрғыда Қарашаңырақ бірлестігінің алдына қойған мақсаттары мен міндеттерінен мемлекетіміздің бүгінін бекемдеп, ертеңін кемелдендірер игілікті істің шоғыры көрінеді.
Жалпы бала үшін анадан артық қамқор кім бар?! Бауырын жарып шыққан перзенті үшін отқа да, суға да түсуге даяр ғазиз жандар бүгінде қоғамдағы көп өзгерістің шырақшысына айналып жүр. Тәуелсіздігіміздің алғашқы кезінде елді жайлаған экономикалық дағдарыстан ала дорбасын арқалап жүріп алып шыққан да аналар еді. Қазір де көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне осы нәзік жандылар ықпал етуде. Өмірге енді ғана қадам басып отырған «Қарашаңырақ» бірлестігінің де тірегі, басты қолдап, жебеушісі де әйел-аналар болып отыр.
Бұл қоғам құрылар, құрылмастан өз жұмысын бастап кеткен болатын. Идея авторы Тұрар Саттарқызының қоғамдық-саяси маңызы зор онлайн сұқбаттар жүргізіп, балабақшалар тәрбиеленушілеріне ертегі оқып, мектеп оқуышылары арасында тұрақты түрде ұлттық құндылықтарды насихаттау шараларын ұйымдастырғанына және олардың бәрін тегін жүзеге асырғанына куәміз. Мұның сыртында Сарыарқа аудандық әкімшілігі жанынан құрылған жас отбасылар клубында жас жұбайларға кеңес беріліп, шаңырақтарының сақталуына ықпал жасады. Бір қарағанда, көзге көрінбейтін шаралар болуы мүмкін. Алайда, олардың артында өскелең ұрпақ – қаншама баланың тағдыры тұрғанын ескерсек, дені де, жаны да сау, ойы жасампаз баланың елдің баянды болшағы екенін түйсінсек, бұл жұмыстардың маңызының ешбір өлшемге сай келмейтінін ұққан болар едік. Сондай-ақ «Қарашаңырақ қоғамдық бірлестігінің атқарар қызметінің жауапкершілігін, салмағын түсінуге болар еді. Алайда, оның өз алдына қойып отырған міндеттер ауқымы бұдан да кең. Олар әрқайсысы қоғамның бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселесін дөп басатындығымен айрықша маңызға ие. Атап айтар болсақ, отбасын әлеуметтік қолдау және отбасылық ұлттық құндылықтарды елімізге және шетелдегі қазақ диаспораларына насихаттау, отбасыларды, оның ішінде көпбалалы отбасыларға, асырап алушы балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды және өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету, отбасы, ата-аналар және балалар мүддесі үшін ұлттық саясатты қалыптастыруға, оны іске асыру проблемаларын талқылауға қоғамның қатысуын қамтамасыз ету, отбасы мен неке, ата-ана мен бала құндылықтарының, көпбалалы болудың, аға буынды құрметтеудің қоғамдық маңыздылығын арттыруға қолдау көрсету және насихаттау, отбасылық қатынастардың рухани- адамгершілік дәстүрлерін сақтау және нығайту, отбасы азаматтары мен балалардың әлеуметтік қауіпті мінез-құлқының, зиянды әрекеттерінің алдын алу және сақтандыру шараларын ұйымдастыру, қоғамның назарын аудару, отбасыларды, оның ішінде көпбалалы отбасыларды, асырап алушы балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды және өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасыларды әлеуметтік қолдау көрсету бойынша шаралар ұйымдастыру, отбасы, ана, әке және бала мәселелері бойынша құқықтық ағарту жұмыстарын жүргізу, қолданыстағы нормативтік-құқықтық құжаттарда белгіленген тәртіппен отбасылық және демографиялық саясаттың мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шешімдер қабылдауын дайындауға қатысу және ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлеу, отбасы мен балалық шақтың мүдделеріне әсер ететін бірлестіктерді аймақтық және жергілікті бағдарламалардың іс-шараларының әлеуметтік тиімділігін анықтау үшін қоғамдық бақылау ұйымдастыру мен сараптау және т.б. Тоқ етерін айтқанда, Қара шаңырақ бұл мәселенің заңнамалық негізін қалаудан бастап, бақылау, қадағалау, нақты шараларды іске асыру секілді назардан тыс қалып, ақсап жатқан қабырғалы істерді өз мойынына алуға дайын отыр.
«Бітер істің басына жақсы келер қашанда» демекші, осынау ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселені жүйелі түрде қолға алуға бекінген ұйымның басында елге дуалы сөзі, игілікті ісімен танылған мәдениет қайраткері Назипа Шанай, жазушы Камал Әлпейсова, тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев, білім беру ісінің қайраткері Жанат Қажығалиева, ғалым ұстаз Сараш Қоңырбаева сынды тұлғалардың жүргені көңілге сенім ұялатады. Сонымен қатар бірлестік тізгінін ұрпақ тәрбиесін сырттай емес, жекеменшік балабақша құрып, бұл саланың тал бесігінен ащысына күйіп, суығына тоңып жүріп, зерделеген, қайсар мінезді, озық ойлы іскер қызымыз Баян Ахатаеваның алып отырғаны басталған істің өрісі кең болатындығынан үміттендіреді. Қазіргі таңда бұл ұйымның еліміздің барлық аймағында филиалдары бар. Оларға жетекшілік ететін жандар да Бақыт Жаншаева, Фатима Жүнісова, Бота Баман сынды қоғамда өз орны бар, беделді де іскер әр саланың мықты мамандары.
Жуырда бірлестіктің тұсауы киелі Түркістанда кесілді. Ешнәрсе кездейсоқ болмайды ғой. Бұл сәйкестік Қарашаңырақ мақсатының ұлы Түркі елінің мүддесімен астасып жатқандығын көрсететін нышан. Сол салтанатты сәтте «Қарашаңырақ» ұйымының құрылтайшылар кеңесінің мүшесі, ұйымның Алматы қалалық филиалының директоры Сараш Қоңырбаеваның білдірген лебізі бұл қауымдастықтың шынайы мазмұнын айқындап тұрғандай. Сондықтан мақаланы Сараш Қоңырбаеваның сөзімен түйіндегенді жөн көрдік.
Сараш Қоңырбаева, педогогика ғылымдарының кандидаты: – Біз бәріміз өз мамандығымызға сай қызметімізді атқарып, отбасымызда бала-шағамызды асырап жүрсек те қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерге қарсы әрекет ете алмайтындығымыз жанымызға батады. Бұл мүмкін қоғамдық тәрбиеге ықпал ете алмауымыз шығар?! Жеке өмірім дұрыс қой деп жүре берсек, бізді ешкім түртпектемейді ғой. Әлеуметтік желіде пікірі мен әрекеті үндескен біраз қазақтың рухты қыздары ақылдаса отырып, бүгінгі қазақ қоғамына қажетті қандай да бір әрекет жасауымыз қажет деп шештік. Бұл кездейсоқтық емес. Оған дейін де қолымыздан келгенше көмек қолын созып, мәселелер талқылап жүргеніміз осындай қоғамдық бірлестік аясында тоғысуға түрткі болса керек. Психология ғылымында «мотивациялық қажеттілік аясы» деген ұғым бар. Сол ішкі қажеттілік пен сыртқы сұраныстарды байланыстыруға деген бастамамыз «Қарашаңырақ» болып бой көтерді. Оның қаншалықты баянды болатынын өмір көрсетер.
Қазақ этнопедагогикасының негізін салушы ғалым, ғылыми жетекшім, профессор Клара Қожахметова ұлт жанашыры еді. Өмірден ертерек кетті. Жақында ғалымның 70 жылдығына орай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне «Ұлттық тәрбие орталығы» ашылды. Ұстазымның қайраткерлігі де жоғары болатын. Педагогикалық идеяларының бірі – ұлтты сақтау үшін әр отбасы өз ұрпағын (әлеуметтік рөлдерді атқаруға ғана емес) этноәлеуметтік рөлдерді орындауға тәрбиелесе, ұлттың болашағы баянды болады деген пайымдау. Рас, біз балаларымызға: «білімді бол, грантқа оқуға түс, жақсы маман болып, көп табыс табатын қызмет атқар» дейміз. Шындығында, «өзі үшін еңбек ету» емес, жеке бастың қажеттілігінен жоғарырақ, ұлтқа қызмет ету, ұлттың деңгейін көтеруге атсалысу дегендей биік талаптар қоя білуіміз керек қой.
Біздің қоғамның әлсіз тұстары өте көп. Саясат пен экономиканы айтып отырғаным жоқ, қарапайым қоғамдық тәрбиені алайықшы… Сынауға әркімдер-ақ шебер. Ал, қоғамдағы келеңсіздіктерді түзетуге кімдер мүдделі?! Көзіміз көріп тұрған әдепсіздік пен тәртіпсіздікке ескерту жасаудан сақтанатын «мәдениетті» деңгейге жеттік. Көпке топырақ шашқандық емес, ұлттық құндылықтарды насихаттау, дәріптеуді білім беру жүйесінің құзырына беріп, көбіміз – тек сырттай сынаушы рөліндеміз. Шындығында, білім беру жүйесі өзінің білім беру мен тәрбиедегі міндетін атқарып жатыр ғой. Ал, басқа әлеуметтік жүйелер ше?! Отбасылық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіретін дәстүрлі тәрбие мектептері – ата, әже, әке, ана, аға, жеңге рөлдерін әлеуметтік институт деңгейіне көтеруге атсалысуымыз керек. Ақсақалдар институтын қалпына келтірген жөн. Олардың деңгейін көтеруді қолға алып, әлеуметтік мәртебе бере отырып, беделін көтерсек, қоғамда біраз түйткілді дүниелер шешілген болар еді.
Міне, бұл – біздің «Қарашаңырақта» атқаратын жұмыстарымыздың бір бағыты ғана. «Қарашаңырақ» аясында топтасқандар осы жерден табыс тауып, мансап жасауды көздеп жүрген жандар емес. Керісінше, негізгі жұмысы мен отбасынан тыс уақытта атқаратын қоғамдық жұмыс арқылы ұлтқа қызмет еткісі келеді.

 

Айша ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз