Халықаралық еңбек ұйымының (International Labour Organization, ILO) бастамасымен дүниежүзі бойынша жұмыс орындарында жазатайым жағдайлар мен кәсіби аурулардың алдын алуға жәрдемдесу, сондай-ақ еңбекті қорғау мәдениетін қалыптастыру және насихаттау мақсатында 28 сәуір күні дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аталып өтеді. Бұл ақпараттық-түсіндіру компаниясы еңбекті қорғау саласындағы мәселелер мен еңбек қызметіне байланысты жарақаттардың, аурулар мен жазатайым жағдайлардың артуына қоғам назарын аударуға арналады. Алғаш рет бұл күн 2003 жылдан бастап аталып өтетін болды.

ХЕҰ мәліметтері бойынша жыл сайын дүниежүзі бойынша 2,3 млн-нан астам еңбеккерлер жұмыс орындарында жазатайым жағдайдан немесе кәсіби аурулардың салдарынан қаза болады. ТМД елдерінде жыл сайын 12 миллионға жуық адам өндірістегі жазатайым жағдайдың құрбаны болады.

Еліміздің кәсіпорындарында жыл сайын 1300-ден астам қызметкер жарақат алады. 2020 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша зардап шеккендердің саны 341 адамды құрады.

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жұмыс берушілерге, кәсіподақтар мен еңбек ұжымдарына «Қауіпсіз еңбек» ұранымен іс-шаралар өткізуге, сондай-ақ «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылуға шақырды. Өз үндеуінде Еңбек министрі Қазақстанда 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 255 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланғаны туралы айтты.

«Жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарының санын азайту мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысымен 2019 жылы Өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019 — 2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Ұйымдарда еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу тетігін көздейтін еңбек мәселелері жөніндегі заң жобасы Парламент Сенатының қарауында. Заң жобасы қабылданғаннан кейін еңбекті қорғауды басқару жүйесі жұмысшылардың қауіпсіздігі мен денсаулығының сақталуына жұмыстағы қауіпті факторлардың әсерін анықтау үшін олардан туындайтын тәуекелдерді талдауға негізделетін болады» деді министр.

Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясының қызметінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселесі басым бағыттардың бірі (kasipodaq.kz).

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығының 1 курс магистранттары мен педпрактика жетекшісі ұйымдастыруымен еңбекті қорғау күніне орайластырылған «Бүкіләлемдік қауіпсіздік және еңбекті қорғау күні» онлайн форматта халықарылық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға оқытушылар мен студенттермен қатар төмендегі қонақтар қатысты Меркулова Анна Михайловна «МИСиС» ҒЗТУ доценті (Ресей, Мәскеу), Есхат Нуржумаулы Pôle Léonard de Vinci университетінің Халықаралық даму жөніндегі қызметкері (Франция, Париж), Қалдыбаева Назым Токышқызы «Өмір тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» магистрі (АҚШ, Нью-Йорк), Исраил Елязов т.ғ.к. «Көлік техникасы және технологияларды басқару» кафедрасының доценті (Әзірбайжан, Баку), Джаксимуратов Караматдин Мустапаұлы «Жаратылыстану және жалпы білім беретін пәндер» кафедрасының меңгерушісі, г.м. ғ. кандидаты (Өзбекстан, Ташкент), Уилфрид Латте Жарылғыш заттарды өндіруші мен жарылыс жұмыстарын жеткізушіге арналған жоба менеджері (Африка, Кот-д’Ивуар Республикасы).

Ақпараттық технологиялар ғасырында QR көмегімен жаңа технологияларды қалай тиімді қолдануға болатынын магистранттар мысалдар келтіре отырып көрсететіп берді. Стендтерден QR кодтарына телефон камерасын тақап, код таңбасына апарса, сол мезетте еңбек қорғауға қажетті ақпараттар веб-сайтына сілтеме пайда болады. Сондай-ақ, quizz.com сайтында онлайн ойын өткізді. Студенттер өз мамандықтары бойынша сұрақтарға жауап берді, жеңімпаздар сертификаттарға ие болды.

«Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандығының 1 курс магистранттары: Анықбай Гүлжан, Дастанбек Лаура, Маратов Султан, Нәсіпбай Нұржаннат, Сайдағали Жұлдызай, Толқанбаев Мақсат, Шекербекова Жанбота дөңгелек үстелді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіп отырды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар мен қонақтар бұл іс-шараның өндіріс орындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мамандықтарын таңдаған студенттер мен магистранттар үшін маңыздылығын атап өтті. Шетелдік қонақтар өз елдеріндегі қауіпсіздік мәселелері туралы, өндірістік объектілердегі еңбекті қорғау процедуралары туралы өзекті мәселелер туралы әсерлі баяндап берді.

Шара аяқталған соң қонақтар өз ризашылықтырын жеткізді. Ташкенттен қатысқан Жаксымұратов Караматдин «Дөңгелек үстел өте жоғары деңгейде өтті. Университеттеріміздің арасында іскерлік байланыс орнатайық. Арал мәселесін біріге шешейік», – деп ұсыныс айтты. Мәскеулік қонақ Меркулова Анна Михайловна: «Менің ойымды балаларға, оқытушыларға жеткізерсіз. Көп рақмет. Магистранттардың деңгейі жоғары екен. Қатты әсерлендім. Дөңгелек үстелдің өте жоғары деңгейде өткеніне риза болдым. Ұйымдастырылуы 5+ деген жүрекжарды сөзін жеткізді.

 

Қожахан Айгүл Кәріпжанқызы профессор м.а.

Сатарбаева Аида Сундетбаевна аға оқытушы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университет

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз