Ата-бабаларының рухани байлығы мен халқының жер бетінен жоғалып кетпеуін ойлаған әр қазақ бір нәрсені ұғынуы қажет. Ол қазіргі жаһандану дәуірінде рухани азғындыққа ұшырамай, ұлттық ерекшелігі негізінде мемлекет құруды мақсат тұтқан халықтың, әлемдегі өз ықпалын жүргізіп отырған осы кезеңге тән өркениеттің ерекшелігімен санаспауы мүмкін емес екенін ұғуы. Сондықтан да біз ұлтымыздың келешегі үшін жасайтын әрекетіміз сезімге (эмоцияға) емес, терең білімге сүйенген парасаттылыққа негізделген қадамдар болуы тиіс. Өкініштісі, ұлт жанашырымыз деп жанын салып жүрген азаматтардың өздері көбінесе сезімге беріліп, мезеттен туған кейбір ұлттық намысқа тиетін мәселелердің төңірегінде айғай көтеруден аса алмай жүр.

Негізінде, осы жайлардың шығу төркініне үңіліп, себептерінің қайталанбауына бағытталған парасатты істерге күш жұмсау дұрыс болар еді. Тағы бір қателік, ол осы ұлт жанашырларының «қуыршаққа» айналып, қазақ мәселесі ешқашанда бағыт ұстанымы болмаған кейбір саяси топтардың, оларды өздеріне бедел жинау жолында пайдаланумен қарапайым халықты адастырып жүргенін ұқпаулары. Ұлт мәселесі — бар қазаққа ортақ және ең қасиетті, өте нәзік ұғым. Ұлт мүддесін қорғау — бай болсын, кедей болсын, билікте, не болмаса оппозицияда жүрсін, ол — намысы бар әр қазақ тың борышы. Сондықтан, кейбір ұлт мәселесімен айналысып жүргендердің «ұлтшылдар — біз, басқалар не істеді?» деп тәкаппарлықпен кеуде қағуы — сауатсыздық. Әр азамат өз деңгейі мен мүмкіншілігін пайдаланып жүрген ортасында ұлтының намысын қорғау арына сын екенін ұғуы қажет. Ұлт мәселесін биліктің, оппозицияның партиялары саяси ойыншыққа айналдырып, бедел жинауға құқы жоқтығын ұғулары қажет. Бірде-бір партия барша халықтың атынан сөйлей алмайды, олай ету қателік, неге десеңіз, олар аз ғана топтың (билік партиясы — биліктің, оппозиция өз бағытының) мүддесін қорғайды. Олар халықтың бөлшегі ғана, бірақ ұлттық мәселеге өз көзқарастарын саяси құжаттары мен іс-шаралары арқылы іске асыруы мүмкін. Халық арасында ұлттық партия құрылып, өз бағдарламасын бекіте алса ғана саяси партия ретінде ұлттық мүддені қорғауға құқылы деген ұғым қалыптасып келеді. Бірақ еліміздегі заңдар ұлттық партия құруға жол бермейді.
Ұлттық идея — қандайда бір халықтың өзіне тән ерекше құндылықтарын сақтай отырып, барша адамзаттың қол жеткізген, прогресс әкелетін құндылықтарын пайдаланып, ұлттық мемлекет құруына жол ашатын ұғым.
Біздің еліміздің келешегі үшін: Ұлттық саясат ұстанымы (идеясы) — мемлекет құрушы қазақ халқының құндылықтарын сақтайтын ұстаным негізінде болуы шарт. Қазақстанның әлемдегі ұлттық мемлекеттер қатарына қосылып, қазақ халқының саяси ұлт деңгейіне көтерілуі — еліміздің қауіпсіздігінің, экономикасының, ішкі және сыртқы саясатының, ғылымының, заң жүйесін құруының, экологиялық қауіпсіздігінің, білім беру мен ұрпақ тәрбиелеу жүйесінің, мәдениетінің, ақпарат тарату, қоғамдық сана қалыптастыру мен рухани даму идеологияларының — осы саяси ұстаным негізінде қалыптасуына тікелей байланысты. Өкініштісі, кейбір ұлт мүддесін қорғап жүрген азаматтардың ұлттық құндылықтар мен ұлттық идеяның айырмашылығын ұға алмау салдарынан бірлігіміз болмай жүргені алаңдатады. Қазіргі жаһандану заманында тек бір халыққа тән құндылықтармен мемлекет құру мүмкін емес, өйткені қандайда болмасын бір халықтың құндылықтар шеңберінде қалуы, ол халықтың келешегіне шектеу қояды. Сондықтан да қазақ ұлтының мәселесін терең ойласақ, мезеттік сезім (эмоция) жетегіне ілеспей, бос айғайға салмай, халқымыздың құндылықтарын парасаттылықпен екшеп, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуіміз келешек үшін өте қажет. Өйткені ұлттық мүддені түсіну бірлігі болмай, қазақ халқының бірлігі де, келешегі де болмайды. Бірлігі жоқ елдің байлығы да, бас билігі де азулының аузында, қанаттының тұмсығында кететіні белгілі. Оның себебі біз халқымыздың бабалардан қалған рухани байлығын жадымызға сіңірмей, тек тілімізде ғана сақтауымызда болып отыр. Өзін қазақпын деп кеуде соғып жүрген азаматтардың аталы сөзге тоқтап, тәкаппарлық пен қызғаншақтықты шектеп, атақ, дүниеқорлық пен шенқұмарлықта қанағатқа жол беріп, ащы да болса шындыққа бас иіп, ар, намыс, ұят сақтаудағы өз кемшіліктерін мойындағысы келмейтіні ұрпақ тәрбиесіне үлкен нұқсан келтіріп жүр. Олардың өздерін маңайындағылардан жоғары ұстап, әр қадамына жұрттан, биліктен мадақ күтулері ақылға сыймайды. Осының салдарынан қазақ серкелерінің бірінің пікірімен бірі санаспай, ел мүддесі жолында өздерінің «намысын» тежей тұруға өзімшілдігі бой бермей, өз еңбегін өзі бағалаудан аспай жүргендері бас біріктіруге зиян келтіруде. Тағы бір кемшілік — осы серкелердің командамен жұмыс істей алмай, кемшілігін айтқандарды жауға балап, қасына ергендердің намысын өз намысым деп ұқпаудың салдарынан маңайындағы сенімді серіктерінен айырылып, тек өзін мадақтап тыңдайтын өзінен ой-өрісі төмен, дарынсыздардың қоршауында қалып жүргендері.
Біз батыстық (еуроцентризм) бағытта білім, тәрбие алғандықтан, ұлтымыздың дана құндылықтарын игеруде кемшілігіміз көп. Сондықтан ел бірлігін ойласақ, алдымен өз кемшілігімізді өзіміз тежеп, өзімшілдіктен кеудемізді тазартуға ұмтылайық. Қазақтың мәртебесін көтеру үшін үнемі қазақты мадақтау емес, тек бабалар даналығын берік ұстап, парасаттылықпен, білімімізбен, бір-бірімізді сыйлаумен, жігерімізбен, аз сөйлеп, ісімізбен басқа халықтарды қазақты сыйлайтындай жағдайға әкелуіміз керек. Біз үшін ғасырлар бойы қалыптасқан жатжұрттық мінез-құлықтан арылып, келешек ұрпаққа ұлағатты өнеге тастайтындай деңгейге жету — ең қажетті іс. Келешек жастардыкі. Ұлттық мүддені қорғау жолындағы тағы бір кемшілігіміз — қазақтың шешімін таппай жатқан мәселесі мен кейде ұлтаралық қарым-қатынастарда туындайтын қолайсыз жағдайларға байланысты пікір білдіргенде басқа халық өкілдерін атап кінәләу үрдіс алған. Бұл — үлкен қателік, ол қазақтың беделіне көлеңке түсіреді және халықтардың арасына сына қағылады. Осы надандық қылықтан арылуымыз қажет. Бізді бодандыққа Ресей патшалығының империялық саясаты мен тоталитарлық жүйенің бір орталықтан басқару — шовинистік бағыты қамаған, орыс халқы өздерін басқарған саясаткерлері үшін кінәлі емес. Өз халқымыздың намысын қалай ойласақ, басқа жұрт өкілдерінің намысын солай ойлап үйренсек, қазақ ұтады. Және осы ұғымды басқа жұрт өкілдеріне түсіндіре білуіміз қажет. Мысалы, біз өз мемлекетімізде тұрып жатырмыз, ал елімізде басқа жұрт өкілдеріне қандай да бір қысымшылық жасалса, оған кінәлі қазақ халқы емес, тек биліктегілер кінәлі деп айтпас па едік.
Соңғы еске сақтайтын қағида, жаһандану кезеңінде аз ғана қазақ халқы келешегін өзі қорғай алмайды, сондықтан барша әлемдегі және еліміздегі тегіміз бір бауырлас түрік халықтарының ынтымағын арттырып, туысқандық рухани бірлігімізбен бір-бірімізді қорғау — бәріміздің қасиетті борышымыз. Тек сонда ғана мәңгілік ел болып, жасай аламыз. Бұдан басқа жол бар дегендер болса, біз тыңдауға дайынбыз.

Болат Дүйсембі,
қоғам қайраткері

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз