Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады. Президентке елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, халыққа вакцина салу барысы, сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері туралы баяндалды. Асқар Мамин: «Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. COVID-19 індетінің таралу қарқыны бойынша Қазақстан «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа өтті. Азаматтарды вакциналау қарқыны артып келеді. 1 миллион 565 мың адамға бірінші компонент салынса, 460 мың адамға екінші компонент егілді. 1 сәуір мен 5 мамыр аралығында тәуліктік вакцина салу қарқыны 12,6 есе өсті. Қызмет көрсету саласында «ASHYQ» қосымшасын пайдалану ісі белсенді түрде артып келе жатыр. Қазіргі уақытта жүйе 3 мыңнан астам бизнес субъектілерін және еліміздің 720 мың тұрғынын қамтып отыр. Монополияға қарсы шаралар аясында Үкімет бизнес субъектілерінің арасында бағаға қатысты сөз байласуды болдырмау жөнінде жұмыс жүргізуде. Негізгі 29 азық-түлік тауарының 23-і бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейі қамтамасыз етілген, қалған түрлері бойынша нарықтың ішкі өндіріспен қамтамасыз етілу көрсеткіші 80 пайыздан төмен. Ұлттық экономиканың өзін-өзі қамту шаралары шеңберінде биыл 35 сүт-тауар фермасы, 2200 гектар бақ, 3 ет комбинаты, 5 құс фабрикасы, балық өндіретін 4 шаруашылық іске қосылады. Сонымен қатар азық-түлікті тұрақтандыру қорлары құрылды, айналымға қажетті қаражат бөлінді, оларға азық-түлік жеткізуді қамтамасыз ету үшін алдын ала сатып алу жүзеге асырылды. Шетелдік инвестицияларды ел экономикасына тарту жөнінде шаралар қарастырылды», – деп мәлімдеді. Кездесу соңында Президент халыққа вакцина салу жұмысының қарқынын төмендетпеуді, азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстауды тапсырып, өте қысқа уақытта коронавирусқа қарсы вакцина жасап, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тіркеген қазақстандық мамандардың еңбегін оң бағалады. Сондай-ақ, Үндістандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке аталған елге 6 миллион медициналық маска, 400 мың респиратор, 50 мың обаға қарсы арнайы киім және елімізде өндірілген 105 жасанды жолмен дем беру аппараттарын гуманитарлық көмек ретінде жіберуді тапсырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз