Талас ауданының Ақ көл ауылындағы Ақкөл каналының науалары қалпына келтірілуде. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 74,06 миллион теңге бөлініп, оған 1,27 шақырым су жүйесі жөнделеді. Осылайша аталмыш су жүйесінің бойында орналасқан 22 шаруа қожалықты ағын сумен қамту мүкіндігі туындап отыр. Ал нақтылы кезеңде 7-8 шаруа қожалық қана өз иеліктеріндегі жерлерін игеруде. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың талас ауданына жасаған іссапары барысында айтылды.

Ақ көл суландыру жүйесі 1973 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда әбден тозығы жетіп, жарамсыз халге жеткен. Есесіне өңірдегі егістік көлемі де азайған. Бұрын бұл каналдандан 1345 гектар егістік ылғалдандырылыпты. Қазіргі таңда ұзындығы 23 километрден аса каналдың науасын ауыстыру керек екен. Нақтылы кезеңде каналдан суарылатын жердің бар болғаны 551 гектары ғана ылғалдандырылуда. Канал науасының бұзылған тұстарын қайта қалпына келтіру үшін 1,5 миллиард теңге қажет.

“Бекен”шаруа қожалығының жетекшісі Нұржапар Исахметов Ақкөл су қоймасының жөнделуі арқылы егіс алқаптарын ылғалдандырып отырғанын жеткізді. «Су тапшылығы мәселесі шешілсе иелігіміздегі егіс көлемі де еселеп артқалы тұр. Облыс әкімі былтыр келген сапарында осы мәселеге назар аударып, басшылыққа алатынын жеткізген еді. Нәтижесі көп күттірген жоқ. Міне, биыл тура менің егістік алқаптарыма баратын су жйесі жөнделуде. Мен бұған аса қуаныштымын» дейді дихан.

– 1 345 гектар егістік деген аз жер емес. Оны тиімді пайдалануымыз керек. Бұл каналды қайта қалпына келтіру үшін республикадан қаржы сұрайтын боламыз. Мал азығын дайындауға барынша мəн берген дұрыс. Жоңышқадан екі-үш орым алуға болады. Негізінен шаруашылықтарға су үнемдеу технологиясын енгізбей болмайды, – деді облыс əкімі.
Жалпы биылғы жылы Талас ауданының Тамды ауылында екі науа, Ақкөл ауылында бір науа жөндеуден өтеді. Бұл мақсатқа 130 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз