«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліне арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.

Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Президент Жолдауында айтылған пікірді міне, осы екі ауыз сөзге сыйдыруға болады. Бізді қуантатыны, айтылған сөз іс жүзінде де жүзеге асып жатыр. Оған мысалды көптеп келтіруге болады.

Мемлекет басшысының бұл Жолдауы кез келген саланың өзегіне мықтап бекіп, өзектілігін азғана уақыт ішінде дәлелдеді. Мәселен, сынаптай сырғыған заманды әлеуметтік желісіз елестету әсте мүмкін еместей дәрежеге жетті. Халықтың басымкөпшілігі қолындағы алақандай қондырғыдан жұмыр жердегі өзгерістен хабар алып, ақпарат жинап отырады. Дегенмен әлеуметтік желіні яғни, ғаламтор әлемін елдің қажетін өтеу жолында да ұтымды пайдалануға болатынын Жолдау жүктеген міндеттер айқындап берді.

Қалай дейсіз ғой?! Соңғы кездері әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан түскен сауалдар немесе белгілі бір шенеунікті белгілеу арқылы жарияланған(тегтеу) өтініш-тілектер мен ұсыныс-пікірлер билік пен бұқараның арасын жақындастыра түсті. Қарапайым мысалдарды алып қарайтын болсақ, көше шамдары белгіссіз себептермен сөніп қалса, көшеге асфальт төселмеген болса, газ жүйесінен ақау шықса, ауылға ауызсу қашан жүргізілетін туралы сауал туындаса немесе осы секілді басқада жайттар бойынша ақпар алғыңыз келсе, қолында ұялы телефоны бар тұрғын әлеуметтік желі де сол мекенжай бойынша келеңсіздіктің жай-жапсарын ғаламторға жүктеп, құзырлы органдардың араласуына қолқа салады. Оған бастапқыда атқамінерлер атүсті қарап, сауалға арагідік жауап қайтаратын.

Әрине, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қабылданғанға дейін. Тұжырымдама да ел азаматтарының сындарлы сауалына уақытылы жауап беру, азаматтарды сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету, олармен тиімді әрі кері байланыс орнату міндеттеліп, барлық саладағы мемлекеттік қызметшілерге бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру тапсырылды. Бұл жұмыстар Жамбыл ауданында да тиісті деңгейде жүргізілуде. Аудан әкімі Сәкен Арубаев аппаратық жиындарда округ әкімдері мен бөлім басшыларына Жолдау жүктеген міндеттерді бірлесіп жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, әр ауыл әкімі мен бөлім басшылары әлеуметтік желілерге тіркеліп, атқарылған жұмыстары туралы баян етіп тұру қажеттігін алға тартып, орындалуы барысының зерделеуі жүргізілетінін айтқан болатын. Әр аппараттық кеңесте бұл бағыттағы жұмыстардың аяқ алысына шолу жасаған Сәкен Қаланұлы әлеуметтік желідегі белсенділік халықпен жақындастыра түсетіндігін сан мәрте жеткізді.

Араға уақыт салып 17 ауылдық округтің әкімдері әлеуметтік Фэйсбуг және Инстаграмм желілеріне тіркелді. Бірақ ондағы өзгерістерге бейімделу ауыл әкімдері үшін қиынға соққаны байқалды. Дегенмен уақыт өте келе, сымсыз байланысты меңгере бастаған мемлекеттік қызметшілер округ аумағында атқарылған жұмыстарды жариялап, жеке парақшаларына келген сауалдарына назар аударып, Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен іске асыра бастады. Апталық зерделеу сайын оң көрсеткіштер орын ала бастады.

Мысалға айтар болсақ, күні кеше гродековалықтардың сауалы бойынша жарияланған желідегі келеңсіздік бойынша ауыл әкімі Болат Қожабевов жиын өткізіп, қатысы бар азаматтарға мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндірсе, Қарой ауылдық округінің әкімі Төрехан Тапжанов ауыл тұрғынының асфальт төселсе деген тілегіне нақыт дәлелдерімен жауап қайтарды. Сол секілді Қарасу, Көлқайнар, Жамбыл, Өрнек, Ақбастау ауылдық округтерінің әкімдері өз парақшаларында атқарылған жұмыстар туралы және алдағы жоспарлары туралы бөлісіп, белсенділігін көрсетіп келеді. Өз кезегінде тиімді кері байланыс орнатқан ауыл әкімдерін тұрғындар ыстық ықыласпен қабылдауда. Нәтижесінде аудан, ауыл әкімінің жеке қабылдауына жазылушылардың қатары біршама қысқарды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жүйелі жолға қойылып, кез келген тұрғындардың өтішіне сол салаға қатысты басшылар тез арада жауап берілуі қадағаланатын болады. Бұл аудан әкімінің тікелей бақылауындағы игілік. Сондай-ақ қазіргідей індет өршіген заманда мұндай бастамаларды сәтті жүргізу – құптарлық іс. Бұл бағыттағы жұмыстарды нақты дәлелмен көрсету үшін бірқатар округ әкімдердіңнің жазбаларынан жариялап отырмыз.

Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз