ЛГБТ-ның талаптары таудай

Адамзат баласын азғындыққа үгіттеп, ЛГБТ қатарына мақсатты түрде тарту – қылмыс!
Соңғы уақытта елімізде гендерлік теңдікті желеу етіп, өз құқықтары мен мақсаттарын жүзеге асыруды көздеген, азғын топтың, яғни өздерін жыныстық азшылық өкілдеріміз деп түсінетін адамдардың қоғам алдына қоятын талаптары артып, кәдімгідей күш алып бара жатқанын естіп-біліп жүрміз. Ресми дереккөздерге сүйенсек, елімізде ЛГБТ ұйымдары ашық түрде 2009 жылдардан бастап, бас көтере бастаған екен. 2017 жылы наурызда Қазақстанда жыныстық азшылық өкілдеріне (ЛГБТ-лесби, гей, бисексуал және трансгендер) арналған сайт ашылып, сайт әкімшілігі заңдар мен нормативтік актілердің «кемсітушілік» сипаттағы баптарын өзгертуді сұрап, бас прокурорға үндеу жариялаған. Үндеуде «кемсітушілік сипаттағы баптар ретінде Конституцияның 14-бабын (заң мен сот алдында гомосексуалдар өзгелермен тең құқылы деп ашық жазылмаған), еңбек кодексінің 6-бабын (онда ЛГБТ өкілдерінің еңбек ету құқығын бұзуға жол берілмейтіні туралы жазылмаған), бұған қоса, некеге тұруға, бала асырап алуға, суррогат ана болуға және ішкі істер органдарында жұмыс істеуге салынған тікелей тыйымдарды алып тастауды сұраған.
ЛГБТ-ның бұл талаптарына Бас прокуратура қандай жауап бергені белгісіз, белгілісі бүгінде Еуропада тұратын қазақстандық ЛГБТ өкілдері қауымдастығының лидері Данияр Сәбитовтың былтыр айтуынга, «Демократиялы елдердің дипломатиялық өкілдерінің қолдауы мен олардың адам құқының «бағасын білгенінің» арқасында» бейресми деректерге сәйкес елімізде олардың саны 1,5 миллионнан асқан.
Биыл 8 наурызда ЛГБТ өкілдері Алматыда бейбіт шеруге шықса, 29 мамырда Шымкентте ЛГБТ және трансгендер әйелдердің құқығы жөнінде жиын өткізбек болды. Бірақ шымкенттік бір топ адам «Феминита» ұйымының белсенділері Гүлзада Сержан мен Жанар Серкебаеваға шабуыл жасап, жиын өтпеді. Бірақ бұл жағдайға алаңдаушылық білдірген АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігі «Біз Қазақстан билігін барлық адамдардың қадірін, теңдігін және жалпыға бірдей адам құқықтарын қорғауға шақырамыз» деп, мәлімдеме жасады.
Дегенмен, бір жыныстылық дей ме, басқа дей ме, ауытқушылық, азғындық әдеттер әйтеуір қазақ үшін адам құқы саналмайды. Ұлтымыздың ежелден қалыптасқан салт-санасында қызтеке, еркекшора деген ұғым болғанымен, «мал құлағы саңырау» деп олардың ауа жайылып, өсіп-өнуіне мүмкіндік берілмеген. Ұлт тамырына балта шабатын қауіп-қатер, адамзат дамуының тепе-теңдігін бұзатын адасушылық, дәстүрлі отбасы құндылықтарына қарама-қайшы түсінік ретінде тыйым салынған. Алайда қазір елімізде жоғарыда айтқанымыздай, ЛГБТ өкілдерінің саны артып, Батыс, Еуропа елдерінің қолдауының арқасында, сондай-ақ фенимистердің әйел құқығы мен мемлекет қолдау білдіріп отырған гендерлік саясат «шапанын» жамылып, ақырындап, заңды тұрғыда ЛГБТ-ның құқықтарын кеңейте түсуге білек сыбана кірісіп, күшейіп келе жатыр.

Буллинг ұғымы бала құқы туралы заңға не үшін енгізіліп жатыр?

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан ата-аналар одағы» белсенділерінің ұйымдастыруымен «Отбасы институтының жойылуы. Халықаралық ұйымдардың міндеттері» тақырыбында жиын өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дөңгелек үстелдің мақсаты – азғындық жайлап бара жатқан бүгінгі қоғамның жанайқайын билікке жеткізіп, ұрпақты адасушылықтан халық болып, билік болып сақтап қалу үшін не істеуіміз керек деген мәселені талқылау. Осы орайда, «Қазақстан ата-аналар одағының» белсенді мүшесі Бағила Балтабаева: – «Менің айтайын дегенім, бүгінгі біздің қоғамға шетелдік ұйымдардың тигізіп отырған зияны қандай? Әсіресе, қазір халықаралық ұйымдарға арқа сүйеп отырған ЛГБТ ұйымы дегенді халқымыз әлі күнге дейін толық біле қойған жоқ. Тіпті, арамызда бұл ұғымның не екенін түсінбейтіндер де бар. Алдымен ЛГБТ деген не дегенге тоқталатын болсам, ол – бір жыныстылар, яғни қарапайым түсінікпен айтсақ, еркек пен еркек, әйел мен әйелге «неке қиюға» рұқсат беретін және басқа да адам баласына жат ұғымдарды насихаттайтын ұйым. Өкінішке орай, бұрын оларды теледидардан, кинодан көрсек, қазіргі күні дәл іргемізде, арамызда жүр. Дәл қазір осы ұйымның ағымына кіріп, санасы уланған ұрпақтың өсіп келе жатқанын көріп, жүрегіміз жарылып, жан айқайымызды жан-жақтан білдіруге тырысып жатқан жайымыз бар. Бұлар қайдан пайда болды? десек, алғаш 20-30 жыл бұрын Нидерландыда «бұлар онысыз да аз ғой» деген түсінікпен бір жынысты некеге рұқсат берілді. Өкінішке қарай, қазір бұл бүкіл Батысты жаулап алды. Біздің елге де жасырын түрде, мысық табандап кіріп келеді. 2000 жылдардан бері қарайғы 20 жылда әрекетсіз отыруымыздың салдарынан бүгінгі жағдайға жеттік. Қазір ЛГБТ-ның ашық та жасырын түрде де насихатын көріп отырмыз. Санасы уланған ересектерді қойып, олар қазір кішкентай бүлдіршіндерге «ауыз сала» бастады. Балабақша жасындағы бүлдіршіндердің санасын улауда тиімді жасырын құралы мультфильмдер болып отыр. Дер кезінде әрекетсіз болғанымыздың берекетсіздігін енді көрініп жатырмыз. Қазақстан Республикасының барлық саналы, ойлы, көкірек көзі ашық ата-аналар, Сіздерді ел ішіне іріткі салып, ұрпағымыздың болашағына балта шабатын дүниелерге қарсы тұрып, заң аясында бірге күресуге шақырамыз. Сондай-ақ бұлар неге сонша есіріп кетті десек, бұларға немқұрайлы қарауға болмайды.
Мен 10 наурызда «Неге?» бағдарламасына қатысып келгеннен кейін, жекеме жасөспірімдерден «Біздің таңдауымызға араласпа» деген мазмұнда көп хат келді. Сондықтан адасып жүрген ұрпақты құтқару үшін Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрлігіне Үндеу жолдағым келеді. Халық пен билік бірігіп, бір жоба дайындап, бағдарлама енгізуіміз керек. Біз Қазақ елі кең байтақ, дархан жерімізді мекен еткен этностардың барлығын бауырымызға басып, әрқайсысының салт-cана, әдет-ғұрпына құрметпен қарап, сақтап келе жатырмыз. Қазір қоғамды жаулап келе жатқан ЛГБТ-ның әрекетін, барлық ұлттар мен ұлыстар «жұдырықтай жұмылып» тоқтатуымыз керек», – дейді.
Ал «Қорғау HR» ҚҚ тәжірибелік заңгері, Әлия Абдинова: – «Заңнамаға «буллинг» терминін енгізудің қаупі қандай?» деген сұраққа, депутаттарымыз қазір Бала құқын қорғау туралы заңға және Білім туралы заңдағы «Білім беру ұйымдарындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» жөніндегі актіге өзгерістер енгізуді қарап жатыр. Осы акт арқылы заңға буллинг деген ұғымды енгізу көзделген. Буллинг деген не? Буллинг дегеніміз негізінде әлімжеттік, балаларға жәбір көрсету, қорқыту деген мағына береді. Меніңше, заң актісіне осы буллинг ұғымын енгізу арқылы, ең алдымен баланың ата-анасы мен бала арасындағы тәрбиеге заң аясында араласу көзделіп отыр. Заң аясында баланың санасына оның қаншалықты еркін, қаншалықты өз құқын қорғай алуы керек деген түсінікті енгізу арқылы, баланың ата-ананы тыңдау, сыйлау, ұлттық сана-cезімді бойына сіңіру деген сияқты халықтық педагогиканың тамырына балта шабу ойыны жүріп жатыр. Яғни буллинг ұғымының астарында жасөспірімнің санасына «өз өміріме өзім қожамын», «мен қандай болғым келеді, яғни туа бітті болмысына қарамай, ұл немесе қыз болуды да өзім таңдаймын», «қандай некені қалаймын, соны таңдаймын» деген сияқты көзқарасты енгізу болып табылады. Демек, буллинг ұғымы жас санаға «дәнін септі» деген сөз – балалар арасындағы гомосексуализмнің өсуінің, жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауының, СПИД секілді басқа да аурулардың асқынуының тамыры тереңдей түсті деген сөз екенін ұғуымыз керек екенін ескерткім келеді. Бұл халықаралық балалар құқын қорғаушы ұйымдардың елімізді іштен ірітуге арналған нақты жоспары екені, ұлтқа төнген қауіп екені даусыз.
Бірақ біздің бұл ойымызды Д. Закиева, Е. Бейсенбаев деген депутаттар жоққа шығарып отыр. Олардың айтуынша, буллинг және кибербуллинг ұғымы енгізілгелі отырған құжат Қазақстанға қатысы жоқ, ол құжат Ресей федерациясына тиесілі. Егер олай болса, бұл құжат қазақстандық UNESCO.kz ресми сайтында не үшін жарияланып отыр? Сондай-ақ неге аталмыш құжатты талқылауға Қазақстан атынан ҚР БҒМ-нің эксперті Ержан Жиренбай, Алматыдағы ЮНЕСКО бюросының өкілі, Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің маманы қатысқаны туралы айдан анық жазылып тұр? Сондықтан бұл құжат бізге тиесілі емес деп өтірік айтудың астарында не жасырынып жатқанын түсініуіміз керек. Билік мойындамау арқылы өз өзін және халықты алдап, адастырып отырғанын ұғуы керек. ЛГБТ-ны насихаттау – халыққа жасалған геноцид деп ойлаймын. Билік бұған тез арада тыйым салуы керек», – дейді.

Америкалық арманға қарсы тұрар қауқар бар ма?

«Бақсақ, бақа екен» дегендей, шынында да билік «Білім беру ұйымдарындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» жөніндегі актіге буллинг ұғымы енгізіліп жатыр ма, енгізіліп жатса, оның мақсат-міндеті қандай неге халыққа ашық түсіндіріп, талқыламайды? Халықымыз қытай фобия, ресей фобия, америка фобия сынды қауіпке жұтылып кетуі керек пе? Абылайхан бабамыздың түсіндегідей «бақа-шаян, құрт-құмырысқаға» айналып бара жатқан жоқпыз ба? Рухани жаңғырып, ұлттық кодымызға оралу арманымыз ада болып қалды ма? Не болып жатыр? Сан сауалдың жауабын Үкімет міндетті түрде береді деп ойлаймыз.
Ал халықымыз санасы уланып, қолдан шығып бара жатқан ұрпақтан безіну немесе оларды ұрып-соғу, арамыздан қуып жіберу керек деген көзқарастан арылуы керек. Абай атамыз «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» дейді. Сондықтан ұрпағымыздың санасы уланып, азғындап жатуының басты себебі, қолдағы смартфон мен бақылаусыз интернет желісінің әсері екенін және арнайы шетелдік ұйымдардың гендерлік теңдік секілді, ұлттық құндылықтарымызға жат құқықтық ұғымдарды мақсатты түрде тықпалауының салдары екенін ұғып, бала тәрбиесінде қателеспеуге қамдануымыз керек.
Дінтанушы, журналист Салтан Сайранұлы (facebook парақшасында): – «Адамның ақылына симайтын азғындықты қоғам үшін қалыпты дүниеге айналдыруға болатын арнайы техникалары бар. Оны 1990 жылы америкалық әлеуметтанушы Джозеф Овертон ашқан. 1914 жылы Америка билігі әйелдердің жағажайда жалаңаштануына тыйым салған. Жаңа заңның орындалуын қадағалау мақсатында суға түсетін киімдердің тізеден жоғары болмауын қадағалайтын арнайы полиция қызметі құрылған. Заң бұзғандар қатаң жазаланатын болған. Киімдері талапқа сай келмеген келіншектер бірден тұтқындалып, айыппұл төлеуге мәжбүрленген, кейбірі абақтыға да қамалған. Әйтсе де, сөйткен Америка арада жүз жыл өткенде, азғындықтың шыңы болып табылатын бір жыныстылардың некесіне заң жүзінде рұқсат берді әрі оларды қорғауға алды», – дейді. Сонымен қатар, Салтан Сайранұлы: – «1950 жылдардан бері Америка президенттерінің қасында түрлі қызметтер атқарған Генри Алфред Киссинжердің 1974 жылы Америка президенті Фордқа ұсынған «Ұлттық қауіпсіздік істері меморандумы» деп аталатын мәшһүр есебінде: «Мұнайды басқарсаң, мемлекеттерді басқарасың, азық-түлікті басқарсаң, адамдарды басқарасың. Азық-түлік бір қару, біздің келіссөздер портфеліміздегі қарулардың бірі» деген сөйлем бар. Яғни, мақсаттары – барлық адамзатты өздеріне бағындыру, олардың үстінен билік жүргізу», – дейді. Яғни, мемлекет іргесінің ыдырамауы үшін сырттан таңылып, мақсатты түрде ұрпақты азғындату арқылы, әлемді басқарғысы келетін кез келген елдің сасық саясатынан сақтану алдымен қазаққа керек.
PS: Десек те тек қазақ үшін ғана емес, барлық адамзат үшін аса қауіпті саналып отырған ЛГБТ мәселесінің бастан-аяқ орыс тілінде талқылануы, қазақ тілді ортаның елге қауіп қайдан және ұлтты, ұрпақты неден қорғауымыз, неге, не үшін алаңдауымыз керек деген мәселеде әлі де біріге алмай отырғанын білдіреді. Ал ҚР Діни басқармасының ЛГБТ-ға қатысты дайындаған Үкімі жүректерге жетсе екен деген үміт бар…

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз