Қарыштап дамыған қазіргі заманда көненің көзіндей болған көреген әжеміз жайлы бір мақала редакциямызға түскен соң, байыппен оқып шығып, іштей қазақтың аналарының осындай асыл қасиеттерін жастар үйренсе ғой деп бір түйдім. Желіде ғана өмір сүретін, жалған өмірмен өзгені де, өзін де алдаған, жұрт құтыртқан талай желіккен желбуаздарды кеңдікке шақыратын анамыз бұл қоғамда біздер үшін дархан мейірдің, тектіліктің бір үлгісіндей көрінеді. Шымшық анамызға бақытты ғұмыр тілей отырып, жасы ұзақ болғай деген жүрекжарды пейілімізді білдіргіміз келеді. Деніңіз сау, көңіліңіз қашанда шат-шадыман болып, жүре беріңіз!

Редакциядан

 

«Екі жыр жазсам саған бірін арнап, «шеше» деп жаздым ылғи сөз басына» деп ақиық ақын Мұқағали айтпақшы, ана десе тебіренбес жүрек, жыр ағытпас кеуде жоқ шығар, сірә?! Қазақ әйелдері турасында сөз қозғалғанда «Ақ жаулықпен орап алтын басыңды отпен кіріп, шығып жүрдің күлменен» деп өлең жырларына ананы арқау еткен Қадыр Мырза Әлі де осынау сөздерді текке айтпаса керек-ті… Ал, қазақтың хас батыры атанған Бауыржан бабамыздың өзі «Мен қанша батыр болсам да, бөтен танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп, ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді» деген жоқ па?! Қазақ халқының тарихында бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеген, нәзік жанды бола тұра иығымен нардың жүгін көтере білген, отбасы, ошақ қасымен бірге Отанның міндеттерін де қатар ала жүріп, абырой биігіне көтерілген аналарымыз қаншама?! «Бүгінгі қоғамдағы қаракөздерімізге сол аналардың өмір жолын дәріптеп, үлгі алуға үндесем, қазақ аналарының алдындағы абыройлы парызымның өтелгені деп білемін» дейді ақжаулықты анамыз.
Шу өңірінде шырағын жағып, шарапатты істерімен көпке үлгі болып отырған, төңірегіне шуағын шашып, шұғыласын таратқан, шын мәніндегі қазақ әйелінің, қазақ анасының образын өзінше қалыптастырған аналардың бірі – Шымшық ана дерсіз… Жазарыма арқау еткен жанды алғаш рет кезіктіргенде кимешек киген жарқын жүзін көріп, елжірей ерек күй кешкенім әлі есімде. Әлі де әрін бермей, ақшаң тартқан жүзіне кимешегі келіскен әжені көргенде тарихтағы орны ерек әулие аналарымыздың ойыма оралғаны рас. Болмысына сүйсіне отырып, ойға шомған мен оның жомарттығын көргенде таңдай қағып, тамсанғаным тағы бар. Әне бір жылдары игі істің басы қасында жүріп, көпті қуанышты сәтке жұмылдыра білген, көргені мен түйгені мол, ақжаулықты әже Шымшық Мадалиеваның көпбалалы отбасыға баспана сыйлап, қуаныштарын еселегенде, туған ойлар еді бұл. Сол сауабы мол іске мұрындық болған жігіт ағасы, Шымшық ананың кіндігінен тараған бір ұлы Сағадат Мадалиев «Анам үнемі жақсылық жасаңдар, қайырын өздерің көресіңдер» деп жиі айтып отырады. Ол кісінің әрбір сөзі біздің санамызға шегеленіп қалған» деген сөздерінің салмағы ұғынған жанға өлшеусіз. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп дана Абай айтқандай Шымшық апа адамдарды алаламай, барлығын тең көріп, жасына да кәрісіне де бір кісідей сыйластықтың үлгісін танытып жүр. «Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ» демей ме, қазекем?! Көргені мен түйгені мол асыл әжеміздің көкірегінде көкөрімдерге айтар өсиеттері сайрап тұр, жастарға жөн көрсетіп, жол сілтеуден танған емес. Ең бастысы, оның бойында адамдық деген бір ауыз сөздің сәулесі ерекше нұрын шашып тұрады.
Қарттықтың жағалауына жақындаса да, бойындағы қуаты сарқылмаған ана сексенді алқымдаса да, қоғамның үдерісінен қалыс қалмай, әлі де бой көрсетіп жүргенін айтпай кетуге болмас. Жаңа толқын жастарға өмір жолы үлгі болатындай жан өз ошағында да үлгілі ана, мейірбан әже. Айтпай кетуге болмас, өмірге келген шағы нәубет жылдармен тұспа-тұс келген Шымшық анамыздың және оның замандастарының балалық шағы болмады десек те артық емес… Әкесі Уәли сұрапыл соғысқа аттанғанда енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан Шымшық апа ес білгенде анасының «қара қағаз» құшақтап, егілгенін көргенде ет жүрегі езілген кездерін әлі де бір сәт естен шығарған емес. «Орнында бар оңалар» демекші, анасы Жаңғақ құрсағына біткен он баланы өмірге әкеліп, аман қалған бесеуін жеткізеді. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледінің үлгісін танытып, Шымшық апамыз да өз анасының жолын жалғап, он баланы дүниеге әкеліп, алтын құрсақты ана атанады.
«Аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал» деген қазағымның ізгі дәстүрін арқау еткен, халқы «Қалқа» атап кеткен Нұрмағанбет ата Шымшық ананы бір көргеннен нақ жарым деп таниды. «Ер жігіттің құсы оңбай, ісі оңбайды» демекші, тағдыр бір арнаға тоғыстырып, бастарын бір жастыққа түйістіріп, бір табақтан дәм татқан асыл ері Нұрмағанбет Мадалиевпен бірге он баланы дүниеге әкеліп, оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, оқытып-шоқытып, бірі-бір маман иесі етті. Әрі ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін демей ме, қазекем?! Көзін көріп, қолынан алып, тіпті сыйлас, дастархандас болған алдыңғы буын ағалар Нұрмаханбет атаның атын ардақтап, жол түскенде Шымшық апаның үйіне әлі де бас сұғып тұратынын көз көріп жүргендер жақсы біледі. «Сыйласарлық тектінің кім танымас нұсқасын» деп бұрынғылар тегін айтпаған ғой. Мұқтаж жандардың мұңын ескеріп, сұрап келген адамның сұрауын өтеуге қолынан келгенше аянып қалмаған Шымшық ананың шарапаты көп кісіге тиген екен, әлі де жақсылықты істері көпке үлгі бола берсе екен деген тілек басым.
Екі ғасырдың куәсі болған асыл ананың ендігі қуанышы, базары мен байлығы – алдына салған ұрпағы. Әр баласын елінің бір-бір сыйлы азаматы етіп, жеке шаңырақ көтеріп, түтінін түтетіп кетуде аянып қалмаған ақжаулықты әжеміз мұнымен парызым бітті деп ойласын ба?! Немеренің де, шөберенің де өсіп-өніп, үлгілі азамат атануына тілеулес болып, имандық жолына бет түзеуіне жол салып беріп отырған жайы бар. Ақжаулықты әжейдің көкейінде жүрген тағы бір тілегі – ел-жұрттың амандығы, мызғымас мемлекеттің мерейі! «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, санасы әлі де сергек, шама-шарқынша қоғам тәрбиесіне ел анасы ретінде үлес қосып жүрген ананы кейінгі қаракөздерге үлгі етсем, жоғарыда айтқандай, абыройдың бір биігі дер едім.

Айғаным АСҚАРБЕК

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз