Фото ғаламтордан алынды

Кеше бір танысыммен кездесуім бар еді. Жұмыстан шығып 92, сосын 63 нөмірлі автобусқа ауысып отырдым. Әдетте автобустың іші лық толы адам. Бірақ бүгін адам аз екен. Оқушылар мен студенттерге демалыс, бәлкім содан болар. Кітап оқуға мүмкіндіктің барына қуанып, артқы жақтағы бос орынға барып жайғастым. Сол кезде шаттанып, терезеге қарап күлімсіреп отырған қызға көзім түсті. Оған қарап отырған мен де еріксіз жымидым. Кенеттен күндіз Тайландтағы досымның: «Ақшаны үнемдеп жұмсап, балалардың оқуына жинауға бола ма? Бұған шариғат не дейді? Ғалымдардан сұрап берші?» – деп сұрағаны есіме түсті. Әріптестерімнің арасында шариғат ғылымын жетік білетін, ғылыммен айналысатын ғалымдар бар. «Сол кісілерден сұрап, жауабын айту керек. Үйге барған соң сұрармын», – деп, қолыма кітабымды алдым. Бірнеше аялдамадан кейін қасымдағы бос орындыққа апа келіп отырды. Түріне қарасам, өмірден әбден қажыған. Қолындағы ескі-құсқы пакетін сығымдап ұстап алыпты. Сол жас құралпы анам есіме түсіп кетіп, өне-бойым шымырлап кетті.

Кішкене әңгімеге тартып, сейілтейін деп едім, автобус аялдамаға кілт тоқтады. Адамдар түсіп, егде жастағы орыс әйел мінді. Ол ішке кіре салып: (аударып жазып отырмын)

– Қайырымды адамдар! Білемін, ешкім жетісіп жүрген жоқ. Бірақ сұрауға мәжбүр болып отырмын. Менің жалғыз қызым ауру. Оның еміне ақша жеткізе алмай жүрмін. Өзім екінші топтағы мүгедекпін. Егер ақшаларыңыз болса, көмектесе аласыздар ма? Негізі қол жаюға арланамын, бірақ амал нешік қарайласатын ешкімім жоқ. Оған шұғыл ота жасамаса болмайды. Көмектесіңіздерші, өтініш. Қол жайып, қайыр сұраудан басқа амалым жоқ. Кешіріңіздер, – деп жылап жіберді. Оның бұл сөзі отырғандардың көбінің сай-сүйегін сырқыратты. Риясыз болмысынан шын айтып тұрғаны көрініп тұр. Міне, ана жүрегі осындай! Бауыр еті перзенті үшін кез келген жанкештілікке баруға дайын.

Автобуспен жүретіндерде артық ақша қайда болсын? Бір айлықты екінші айлыққа әрең жеткізіп, күнелтетіндер мінетін көлік. Адамдар қалтасынан 200, 500 теңгеден шығарып бере бастады. Қолымды қалтама салып ақша іздеп тұр едім. Әлгі күлімсіреп отырған қыз лып етіп орнынан тұрып 20000 теңгені орыс апаның қолына ұстатты.

Орыс апа:

– Қызым, бұл көп, алмаймын, – деп азар дабезер болды.

– Ақша артықтық етпейді. Өтініш, алыңызшы. Мен сіздің қызыңыз үшін бұдан басқа ештеңе жасай алмаймын. Қызыңыз емделіп кетсін. Менің көмегім болсын. Менің де үйде кішкентай бауырларым, іні-сіңілілерім бар. Сізді түсінемін. Шын жүрегіммен беріп тұрмын, алыңызшы.

Орыс апа:

– Рақмет, храни вас Господи, – деп алғысын жаудырды. Әлгі қыз орнына қайта жайғасты. Орыс апа жаңағыдай жылы сөзді естимін деп ойламаса керек, біршама уақыт бойы көзінен жас сорғалап, үнсіз тұрды. Сол сәт қасымда отырған апаның көз жасы пакетке сырт-сырт тамды. Қапелімде аузыма сөз түспей, қипақтадым да қалдым. Ол басын төменге түсірген күйі:

– Әттең, ақшам болса берер едім. Менің де балаларым бар. Кезінде қатты ауырған. Мен де мына апаңдай қиналғанмын, – деді.

– Апа, әркім шамасына қарауы керек. Уайымдамаңыз, осы ниетіңіз де жетеді. Бар болса, берер едіңіз ғой. Бастысы ниет болсын!

Апа бірден басын көтеріп, жалт қарады. Көзі жасқа толып отыр екен. Маған таңырқай қарап:

– Солай дейсің бе?

– Иә, уайымдамаңыз, – деп әңгімеге кірістік. Көзін сүртіп, көңілі жайлана бастады. Сосын сығымдап отырған пакетін ашып, ішінен бір алма шығарды.

– Әй, құрдас, менде мына алма ғана бар. Қызыңа апарып берші, жесін», – деді.

Орыс апа оны түсінді. Алманы алып, алғысын айтып келесі аялдамадан түсіп қалды. Қасымдағы апа мәз. Алма бергені үшін емес, біреуге бірнәрсе жасай алғанына қуанышты. Сол кезде одан асқан бақытты адам жоқ еді. Оның көзінен сондай бір толғанысты, қуанышты жүрегіммен сездім де, қуанышы ұзақ болғай деп тіледім. Бірнеше аялдамадан кейін әлгі қыз түсті. Стипендиясына керек-жарағын сатып алуға бара жатыр екен, жарты жолдан түсіп қалды. Өйткені бар ақшасын жаңа ғана қайырымдылыққа жұмсады. Оны түсіп бара жатқанда телефон шалған құрбысына:

– Киімді келесі айдың стипендиясынан алатын болдым. Келесі автобусқа отырып үйге қайтамын, – деп сыбырлап айтқанынан түсіндім. Сол кезде дүниедегі ең бақытты адам сол еді. Күлімсіреген жүзінен білініп тұр. Оның да қуанышы ұзақ болғай деп мен де өз жөніммен кете бардым.

Мадина Жұмадиллаева, Алматы қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз