Фото ғаламтордан алынды

Соғыс өрті тұтанды

АҚШ бастаған НАТО ұйымының әскерлері алдын-ала жасалған келісімдер және шешімдері бойынша 2021 жылдың 1 мамырынан бастап Ауғанстан жеріндегі әскерлерін әкете бастаған еді. Президент Джо Байденнің «11 қыркүйекке дейін Ауғаныстандағы барлық әскерлерді қайтарып аламыз» деген шешімі одан бұрын орындалатын сияқты.

Фото ғаламтордан алынды

Ашық ақпараттарда айтылғандай қазір НАТО ұйымына мүше елдерден келген әскерлер түгелдей елдеріне қайтқан. Қазір Кабулдың қауіпсіздігін Түркия және АҚШ әскерлері күзетіп тұр. Ал АҚШ-тың ең соңғы сарбазының Ауғанстаннан қашан кететіндігі әскери құпиялық ретінде нақты айтылған жоқ. Қазір елдің әр аймағында АҚШ-тың 6500 сарбазы міндет өтеп жатыр дейді шетелдік ақпарат көздері. Ал ресми Вашингтон «елдегі АҚШ елшілігі мен кейбір нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 600 әскердің Ауғанстан аумағында қала беретіндігін» жариялады. Бұл сөз Талибанға ұнаған жоқ. Олар Катарда өткен АҚШ пен арада болған келісімдер де айтылған «Ауғанстанда АҚШ-тың бірде бір әскері қалмайтын болады» деген уәде бұзылып жатыр деп қарап, соғысты қозғаудың басты сылтауы ететіндіктерін аңғартып жатыр.

 

Бір анығы бас-аяғы 20 жылға созылған «Ауғанстанды тыныштандыру қимылының» соңы ендігі жерде бұл елдің жағдайын онан ары күрделілендіріп жіберетін сияқты. Өйткені қазірдің өзінде аймақтан тыныштық қаша бастады. Талибан қозғалысының, елдің солтүстік бөлігіндегі біраз аймақтарды өз бақылауларына алғандығы туралы күн сайын жаңа хабарлар таралып жатыр. Кейбір ақпараттарда мамыр айынан бері қарай тұтас Ауған жерінің 3\1 бөлігі талибанның бақылауына өтті делінген. Ауғанстанның болашағынан алаңдаған әскери сарапшылар «алдағы уақытта елде ішкі соғыс басталады» дегенді ашық айтуда. Ауғанстанмен көршілес отырған Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен әлден маза кете бастады. 5 шілде күні Тәжікстаннан таралған хабарларға қарағанда Тәжік-Ауған шекарасы маңында талибан әскерлерімен болған қақтығыста «өмірлерін сақтап қалуды мақсат еткен» 1037 Ауғанстан әскері тәжік шекарасына кіріп бой тасалаған. Тәжікстан қауіпсіздік комитеті тартқан хабарларда қазірге дейін 1430 шақырымнан астамға созылатын Тәжік-Ауған шекарасының 70 пайызы талибан жасақтарының қолына өтіпті.

Фото ғаламтордан алынды

Бұл хабарларға қарата Кабулдағы мансаптылар үкімет әскерлері елдің солтүстік аймақатарын талибандар қолына өткен елді мекендерді қайтарып алу үшін ұрыс жоспарына кірісіп жатқандығын жария етті. Тағы бір ақпаратта ауғанстандық бір саясаткердің болжамы бойынша Ауғанстан ендігі жерде Орталық Азиядағы көршілерінің әскери қолдауынан үмітті көрінеді… Міне осылайша Ауғанстанда ішкі соғыстың өрті қайта тұтана бастады.

Талибан нені көздейді?

Күллі әлемге радикалды ислам ұйымы ретінде танымал болған талибан қозғалысы Ауғанстанның оңтүстігіндегі Кандахар аймағында дүниеге келген. «Мүшелерінің басым көпшілігі Пәкістан медреселерінде (этникалық пуштундардан) тәлім алған ауған босқындарының балалары болған; бірте-бірте олардың қатарына ауған офицер-пуштундар қосылды». Исламның Сунниттік бағытын ұстанатын әсіредіншілдердің идеологиясымен өмірге келген бұл ұйымның мақсаты – Ауғанстанда пуштундар үстемдік ететін әрі «Құран Кәрімді» басшылыққа алған шариғат заңдарымен өмір сүретін нағыз мұсылман мемлекетін құру. Бұл ұйым Пәкістан талибандары және Ауғанстан талибандары болып екіге жіктеледі. Ауғанстан талибандары 1996 жылы елде жаппай шабуылдар ұйымдастырып, Кабулдағы үкіметті аударып тастап «Ауғанстан Ислам Эмиратын» жариялады. Алайда бұл билікті халықаралық қауымдастықта ешбір мемлекет мойындаған жоқ. 2001 жылы «11 қыркүйек оқиғасынан» кейін АҚШ бастаған НАТО ұйымының әскерлері Ауғанстанға кіріп, Талибандарды Кабулдан қуып шықты да ресми үкіметті қайта әкелді. Содан бергі 20 жылда бұл аймақта талай-талай қанды оқиғалар мен лаңкестік әрекеттер орын алып, бұл өңір әлемдегі ең қатерлі аймақтардың біріне айналып шыға келді.

Бір қызығы Пәкістан талибандарын әлем елдері жаппай «террористік ұйым» ретінде қараса, Ауғанстан талибандары туралы көзқарастар әр түрлі. АҚШ үкіметі әлі күнге дейін Ауғанстан талибандарын террористік ұйым ретінде жариялаған жоқ. Сондықтан да олармен сан рет келіссөздер үстеліне отырып, бейбітшілік мәселелерін талқылап келе жатыр. Ал Канада, Жапония, Корея, Қазақстан, Шриланка қатарлы елдер Ауғанстан талибандарын террористік ұйым қатарына жатқызады.

Ауғанстан талибандарының мақсатын жоғарыда айтып өттік. Егер ел билігі солардың қолына өтер болса, онда тәлібтер «нағыз ислам мемлекетін» орнату үшін барын салатын болады. Елде тек қана шариғат үкімдері басты конституция ретінде үстемдік етеді. Еркектер сақал қоюға, әйелдер жаппай пәренжі жамылуға міндеттеледі. Әйелдердің білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысуына тиым салынады. Кино, теледидар, музыка, би секілді дүниелер мүлде шектеледі. Шариғат үкімдерін қатаң атқаратын сақшылар мен жендеттер қоғамдық тәртіпті қадағалайтын болады. Күнә жасағандарға дүре соғылады, ауыр қылмыс жасағандар дарға асылады, зина жасағандар тас боранмен өлтіріледі… Талибандар осылайша біртіндеп күллі әлемдегі мұсылмандарды бір халифаттың қол астына бағындыруды көздейді.

Талибандар билікке жете ала ма?

Соңғы мәліметтер бойынша Ауғанстандағы 370 ауданның 3\1 бөлігі Талибан жасақтарының бақылауына өткендігі туралы хабарлар таралып жатыр. Кейбір деректерде үкіметтің 2000 әскері талибандар жағына өтіп кеткендігі айтылуда. Әлемдік басылымдарда жарияланып жатқан саяси және әскери сарапшылардың пікірлері де алуан түрлі болжамдарды ортаға салып жатыр. Алайда саясаткерлердің көпшілігі Ауғанстанда ішкі соғыстың біраз уақытқа созылатындығын мөлшерлегенімен, Үкімет әскерлерінің талибандарды жеңетіндігіне сенімді. Оған басты дәлел ретінде АҚШның 20 жылдан бері Ауғанстан әскерлерін жаңа соғыс тактикаларына баулып, әуе армиясына қажетті қару-жарақ, әскери техникалармен қамтамасыз етіп келгендігін алға тартып отыр. Яғни қазіргі таңдағы Ауғанстан әскерлері қуаттылығы жағынан, талибанның елдің әр аймағында шашырап жүрген 80 мың партизан жасақтарынан әлдеқайда артық деседі. Келесі бір себеп халықтың көбі талибандарды қолдамайды.

Бұған қоса талибандардың қазіргі ықпал етіп отырған аймағы елдің солтүстік бөлігіндегі Бадахшан өлкесінде. Яғни Талибанның «бесігі» болған оңтүстіктегі Кандахар аймағында емес. Сондықтан Талибандарды қолдаушы халық көп емес деуге болады. Бұдан бөлек пуштундардан басқа ұлттар Талибандарды жек көреді. Өйткені талибандар- Ауғанстанда пуштундар билік басында болуы керек деп есептейді. Сондықтан Ауғанстан үкіметі елдегі түрлі этникалық қарулы топтарды да өздерімен бірлесе отырып талибандарға қарсы тұруға үндеп жатыр. Халықаралық сарапшылар бұл туралы баға бергенде «ауған халқы Кабул үкіметінің жемқорлығы мен дәрменсіздігіне наразы болғанымен, алайда бұл сөз ауғандықтар Талибанды қарсы алады дегенді білдірмейді. Қазіргі Ауғанстандағы жағдай 2001 жылы ауған соғысы басталғаннан мүлдем өзгеше. Ауған жастары заманауи өркениеттің тәрбиесін барған сайын көбірек сезінгендіктен, тәлібтердің алдай алатын адамдары азайып барады» деп баға беріп жатыр.

Ауғанстандағы соғыстың Орта Азияға әсері

АҚШ Президенті Байдан жақында Орталық Азиядағы Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан билігіне өтініш жасап «АҚШ пен НАТО әскері Ауғанстан аумағынан шығарылғаннан кейін Талибан нысанасына іліккен мыңдаған ауғандықты уақытша қабылдауды сұраған» болатын. Ал 25 маусым күні Орта Азия елдерінің басшылары Ауғанстандағы тұрақтылық мәселесін талқылаған еді. Осыдан кейін тәжіктер мен өзбектер Ауғанстандағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірлесіп әрекет етуге уағдаласты. Бұл жағында Ауғанстанмен тікелей шекараласатын үш ел үшін ең басты алаңдайтын тұсы шекара қауіпсіздігі болып отырғаны белгілі.

Ауғанстан Қазақстанмен тікелей шекараласпайды. Бұл бір жағынан шекара қауіпсіздігі үшін тиімді деуге болады. Алайда Орталық Азия аймағының қауіпсіздігі мәселесінде Қазақстан басты ойыншылардың бірі саналады. Бұл ең алдымен ұшқары діни топтардың Қазақстан азаматтарына жасайтын идеологиялық ықпалынан басталады. Яғни біздің елдегі радикалды діни ағымдарды пір тұтатындар «ғазауат соғысына қатысу үшін» ендігі жерде Ауғанстанға аттануы мүмкін. Бұл азаматтардың қауіпсіздігі үшін үлкен сын болып есептеледі.

Қазақстан үкіметі Ауғанстан талибандарын ресми түрде террористік ұйым ретінде мойындаған санаулы елдердің бірі. Халықаралық шарттар бойынша терроризммен күрес- адамзаттың орақ күресі болып табылады. Сондықтан бұл қимылдарда белсене қатысу жағында қазақ елі де шет қалмайды. Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу мен босқындарды қабылдау мәселесінде ел экономикасына белгілі деңгейде салмақ түсуі мүмкін.

Ерқазы СЕЙҚАЛИ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз