10 шілдеде үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау мен Қызылорда облыстарындағы қуаңшылыққа байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер тарапынан тиісті шаралардың қолға алынбағанына ерекше тоқталып, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты лауазымды қызметінен босатты.

Президент Жарлығында «Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл мәселенің бір жағы ғана. Ең бастысы осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді. Сондықтан осы салаға бірден бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін», – деп атап өтті.

Дегенмен, салаға жауапты министрдің отставкаға кеткенінің себептерін халық әртүрлі бағалап, сан алуан пікір білдіріп жатыр. Басым көпшілік министр емес үкімет отставкаға кетуі керек еді деген көзқарасын ашық айтып жатыр. Сапархан Омаров туралы Facebook парақшасында Берік Хасенов: «Жылдар бойы жыр болған субсидияның қарызын жапқан министр деген көзқарасын білдірді. Берік Хасеновтың жазуынша, «Айтпаса сөздің атасы өледі. Тыңдаңыздар! Сапархан Кесікбайұлының жанында екі жыл жұмыс істегендіктен, екі ауыз сөз айтуға менің де қақым бар. Сапархан Омаров – мықты маман, ең бірінші жақсы адам. Ауыл шаруашылығы саласына көлденеңнен келген көк атты емес. Министрлік мінберде отырып, ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселенің біразының сеңін қозғады. Ел үшін жасаған маңызды қадамдарының ойыма түскенін тізіп өтейін: 1. Жылдар бойы шаруашылықтарға Мемлекеттен берілмей, бюджетте қарыз болып келген, алдында отырған неше Ауыл шаруашылығы министрі шеше алмай кеткен, 70 млрдтай субсидияны Үкімет алдында, республикалық бюджеттік комиссия алдында қорғап, қарапайым шаруалардың ұпайын түгендеп алып берді; 2. Екі жылдың ішінде егістік алқаптарын едәуір кеңейтті; 3. Былтыр еліміздің ірі қарасы арзанға шекара асып, топырлап кетіп жатқанда тірі мал экспортына тыйым салып, асыл тұқымды айыр тұяқтылардың басын сақтап қалды. Бағасын тұрақтандырды; 4. Былтыр пандемия кезінде шұғыл әрекет етіп, отандық азық-түлік қорының тапшылығын болдырмай, төл өнім түгел шетелге кетіп қалмауын жақсы қадағалады; 5. Қазақстанның оннан астам тауарға деген импорттық тәуелдігін азайтты; 6. Жылдар бойы ауа теуіп, субсидия алып келген ауыл шаруашылық саласын сілкіндірді, шаруаларды терең өндіріске бет бұрғызды. Осы әрекеті жеңіл жолмен ақша тауып келген алыптардың көбіне ұнамады; 7. Космомониторингті енгізуді жолға қойып, латифундисттерге салықты 20 есеге көбейтуді, жерді қорғайтын, оны дұрыс пайдалануды қадағалайтын заңды қабылдатқызды; 8. Фермерлердің ауа-райына байланысты банкротқа ұшырап қалмауы үшін екінші деңгейлі Банктермен келісіп, төмен кепілдендірілген «сақтандыруды» енгізді; 9. Отандық шаруаларды қолдау мақсатында форвардтық сатып алуды қолға алды; 10. Елімізде тұралап қалған алма, алмұрт бақтарының бойына қан жүгіртті. Бұрын-соңды болмаған мемлекеттен көмек көрсетілетін болды… Жығылғанға жұдырық бола бермей, реті келгенде жақсы адамның жақсылығын айтып отыру мұсылмандық деп ойлаймын. Әйтпесе, бүгінгі таңда кім саясаттың құрбаны болмай жатыр… Иә, Сапархан Омаровтың бір кемшілігі болды. Ол пиарды қатты қаламады. Ел сияқты түймедейден түйедей жаңалық жасау ол кісінің табиғатында жоқ екен. Сондықтан болар, көп сөйлеп көпіретін, сынаптай сырғып сытылып кететін блогерлерге ақша бермеді. Олар оны сол үшін жерден алып, жерге салды. Қазіргі құрғақшылықтан қырылған мал үшін бір министрге тас лақтырып құтыла салмайық. Шыны керек бұл жерде Министр ғана емес, жергілікті әкімдер де кінәлі. Таразы басын тең тарту керек еді… Қазір билікті халық емес, мыңдаған подписчиктері бар «Блогерлер» басқарады. Қалталарын бәзбіреулер қампайтып қойса, соның сойылын соғады. Әріптестерім журналистерге де өкпем бар. Сараптамалық ақпарат бермей, арзан хайпты қуып кетті. Көгілдір экраннан идеологияны таратудың орнына, қоғамды дүрліктіруге асық. Оған бүгінгі мешіт және жас жігіт туралы ақпаратта дәлел. Әр нәрсенің байыбына бармай байбалам салады. Сол ағайын, айтайын дегенім, адамдықтан аттамайық. «Бүгін бар, ертең жоқ» баянсыз орынтақтарға «кім келіп, кім кетпейді… Өз ойым осы», – деп жазды. Постқа жазылған пікірлерді де саралай отырып, Сәуле Сейдалина деген желі қолданушының «Жақсы кісі керек емес, жақсы маман керек, дәл осы сәтте шұғыл шешім қабылдайтын, шөлді суландыратын, жем-шөп қорын жасай алатын, қыс мәселесін жаз шеше алатын» деген пікірін көзіміз шалып қалды. Шындығында былтырдан бері әлемді әбігерге салған пандемия салдарынан елімізде әлеуметтік, экономикалық жағдай күрделеніп, азық-түлік қымбаттап, инфляция асқынып барады. «Жұт жеті ағайынды» деген қазақ «жаз шанаңды сайла, қыс арбаңды майла» деп, тіршілік қамын күнкөріс қамын күні бұрын қамдап отыратын еді. Тәуелсіздік алған 30 жылда мемлекетімізде аяғынан тік тұрып, «өз қолы өз аузына жететін» бірде бір саланың қалыптаспауына әркімді кінәлап, «сен жаман, ол жақсы» деп тәжікелесіп отырудың еш мәні жоқ. Қазаққа жұмыс істейтін, еститін, жаны ашитын «сөзден іске көшіп, білімімен жүгіретін» үкімет пен билік керек.

Айтпақшы, отставкаға кеткен Сапархан Омаровтың орнына ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы лауазымына ҚР Үкіметінің қаулысымен бұған дейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі болған Ербол Шырақбайұлы Қарашөкеев тағайындалды. Атқарушы министрдің атына айтылып жатқан сын-ескертпелер де әралуан. Әсіресе есте қалғаны кезінде осы Ербол Қарашөкеев «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы болып тұрған кезінде қолға алатын 800 мың айлығын азырқанып, «Мұндай айлық жеке секторды қоспағанның өзінде, елдегі холдингтердің ішіндегі ең төменгі айлық. Былтыр еңбекақы деңгейі бойынша зерттеу жүргізгенбіз. Зерттеу қорытындысы бойынша сарапшылар айлықты көтеру керек деген кеңес берді» (06.11. 2019) деген әпенділігімен есте қалған еді. Өзінің еңбекақы деңгейіне зерттеу жасатқыш басшының, елдегі қарапайым шаруаның еңбекақысы мен күнкөріс деңгейіне алаңдап, қуаңшылық жағдайындағы ауыл шаруашылығының шатқаяқтаған тірлігіне зерттеу жүргізіп, саланы нарықтық бәсекелестік экономикаға сай аяғынан тұрғызуға қарым-қабілеті мен парасат-пайымы жете ме?…

Былтыр «ҚазАгро» холдингі 2032 жылға дейін өтеуі тиіс 774 млрд теңге қарызымен «Байтерек» холдингіне қосылған болатын. Ал біздің білуімізше, қарызды өтеуді «Байтерек» мойнына алды ма, жоқ па? – деген сұрақ «жабулы қазан» күйінде қалды.

Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық жағдайды реттеуден гөрі жұмысы кері кеткен саланың басшысының орнын ауыстыруды ғана әдетке айналдырған Үкіметке халық қандай талап қойып, не күту керектігінен жаңыла бастаған сыңайлы…

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз