Фото ғаламтордан алынды

100 миллионнан аса халқы бар Ресей «ана капиталын» жолға қойып алып, миығынан күліп отыр. Империалист мемлекет адам құндылығы жоғары шықпаса, далиған даланың қайыры болмайтынын баяғыда түсінген. Халық азайса, биліктің де, дәулеттің де құны қашатынын түсінген. Сондықтан «ұлы орыс» халқының өсіп-өркендеуіне тәуелді екендерін сезеді. Сезеді де, халықтың ашуынан қаймығып безек қағады. Ал бізде «баяғы жартас сол жартас». Тек ұран ғана көш бастап тұр. Ана мен бала тағдыры, елдің кемел болашағы туралы ойлап жатқан жан аз. Қайта халықты масыл көріп, жалқау көріп оларды Алла берген несібесінен қаққысы келетін шенділер көп. Тіпті олай-бұлай күн туса қамсыз болмайын деп буынып-түйініп отырғандар қаншама! Ащы шындық бұл! Әлем қазір интернеттің уысында тұншығып тұр. Бәрі ашық. «Кім не деді? кім қайда жүр?». Үкіметінде министрлері мен депутаттары халық үшін бірін-бірі жұлқылап, парламентте бірін-бірі тепкілеп жатқан қызба кілең. Бірақ тым болмаса бір шенеунігі «халықты масыл» деп айтып көрмепті. Бұрыс болсын, дұрыс болсын халықтың айтқаны заң! Оған тіл тигізуге, даттауға болмайды. Ондай атты күн туса, шенеунік пен депутат халықтан кешірім сұрап, өз еркімен қызметінен кетпек. Мұсылман біздің шенеуніктер айтуға тиіс «Халық – Құдайдың бір аты» деген түсінікті, кәпір жұрты қалтқысыз орындап жүр. 2019 жылы сенатор Бектас Бекназаров кейбір заңнамалық актілерге атаулы әлеуметтік көмек туралы өзгеріс асығыс енгізілгенін, соның салдарынан, қоғамда дау-дамай басталғанын айтып ағынан жарылғаны есіме түсіп отыр. «Қазір қоғамда ең көп талқыланып жатқан әлеуметтік мәселені қарайық. Тез арада дайындалып, әлеуметтік атаулы көмек туралы заң қабылданды. Әрине, түсінемін, тез арада қабылдау керек болды. Бірақ, осыны талқылау кезде ол заңның неге апарып соқтыратынын болжай алдық па? Қазір масылдық деген мәселе айтылып жатыр. Ал,осы масылдықтың туындауына осы заң үлес қоспады деп кім айта алады? Оны халық көріп отыр. Бес баласы бар, күні-түні еңбек етіп, ата-анасы екі жақтан жұмыс істеп жүрген отбасын әрқайсысына шаққандағы табысы 21 мың теңгеден асып кетті деп, мемлекеттік көмектен тыс қалдырдық. Сөйттік те, ешқандай жұмысы жоқ, аракідік табыспен күн көріп жүрген отбасыларға бейғамдықты меңзейтін заң қабылдадық. Меніңше, ойландыратын мәселелер», – деген еді сенатор. Осыдан-ақ заң шикі болса, алдымен депутаттар кінәлі болатыны айтпаса да түсінікті. Және жоғарыға жалтақтық, өздерінше талтақтық көп депутаттардың түбіне жетіп жатыр. Қазір халық арасында «не шықса да сенаттан шығады деген» сөз жиі айтылып жүр. Өйткені осыдан бір ай бұрын Парламент отырысында сенатор Әли Бектаев халық арасындағы масылдық жөнінде мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, жәрдемақыға бөлінетін 561 миллиард теңге қаржы ауыл, су, орман, балық шаруашылығына бөлінетін қаржыдан көп. Ол «халыққа балық бергенше, қармақ берген» дұрыс деп есептейтінін жасырмады. «Бізде 561 миллиард теңге қаржы зейнетақылық емес жәрдемақыға қарастырылған. Бұл бүкіл ауыл, су, балық, орман шаруашылығына бөлінген қаржыдан көп. Халқымызда «адамға балық берме, қармақ бер» деген аталы сөз бар. Өкінішке орай, кей тұрғындар арасында масылдық психология меңдей бастады», – деді Бектаев. Халық қалаулысы деп әспеттелетін Парламент депутатының осы сөзі – өзі де әрең жүрген халықтың ашу-ызасын туғызды. Тілдемеген адам жоқ. «Басқа пәле – тілден», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» дегенді бір қазақ білсе Әли Бектаев білуі керек еді.

Қай түлен түрткенін кім білсін, әйтеуір ауыздан «авария» болды. Қазақта «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» деген тәмсіл бар. Соның кебін киіп тұрмын қазір. Сенатор Әли Бектаев халықтың масылдық психологиясы туралы айтпас бұрын, жыл сайын депутаттарға кететін шығын туралы айтуы керек еді. Мысалы, бір депутатқа ай сайын 8 миллион теңге, жыл сайын 92-93 миллион теңге қаржы жұмсалады. Ал олардың көпбалалы аналарға төлеп отырған ақшасы түкке тұрмайтын ақша. Бір балаға 11 мың теңгеден төлейді. 11 мың теңгеге қазір не алуға болады? Бізде минималды жалақы 42 500 теңге. Бұл әлемдегі ең кедей мемлекеттердің ішіндегі ең төменгі жалақы. Қазір Қазақстанда 2 миллионнан астам адам кедейшілікте өмір сүріп жатыр. 2,5 миллион адам үйсіз-күйсіз жүр. Осы статистиканың барлығына қарасаңыз, Қазақстан ешқандай да әлеуметтік мемлекет болып отырған жоқ. Керісінше, бүкіл әлеуметтік көмектен елді мақұрым қылып отыр. Сондықтан Әли Бектаевтың айтып отырғаны ешқандай шындыққа жанаспайды. «Жыламаған балаға емшек бермейді» демекші, 2019 жылға дейінгі көп балалы отбасылар әрі кетсе 10 мың теңгені талғажу етті. Бұдан өткен сорақылық болмас. Кейін Қазақстанда көпбалалы аналар наразылығы болып, 2019 жылы Нұр-Сұлтан іргесінде бір отбасының бес бірдей баласы тірідей өртеніп кеткеннен кейін көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек беріле басталған. Билік бастапқыда әрбалаға 21 мың теңге жәрдемақы беретін болған. Кейіннен ол 11 мың теңгеге қысқарған. Аналар биліктен әлі күнге дейін бір балаға 42 500 теңгеден беруді және көпбалалы отбасыларға баспана мәселесін шешіп беруді талап етіп келеді. Бірақ жүзеге асар түрі көрінбейді. Ал сенатор Әли Бектаев тұрғындар арасында масылдық психологиясы меңдей бастағанын алға тарта отырып, «ал масылдық кедейшілікке алып келетін төте жол. Соңғы 5 жылда әлеуметтік шығыстардың 2 есе артуына қарамастан кедейлік шегінен төмен өмір сүріп жатқан халықтың үлесі 2,5%-дан 4%-ға өскен»,-деді. Ел сенім артқан сенатордың бұл сөзінің астарында «кедейшіліктің көбеюіне халықтың өзі кінәлі» деген ұғым жатқанын түсіну қиын емес. Осы Әлекеңнің Парламентте оппозициялық «Ауыл» партиясы төрағасы атынан сөйлеп отырғанын ескерсек, елдің мұңын айтып, құнын даулайды деген «оппозиционердің» «Өз қағынан жеріп», билікке жанашыр қалып танытуын не деуге болады? Ұстамдылық қайда, принцип қайда? Әлде бізде құбыла беруге, құныға беруге жол ашық па! (Айтпақшы «Ауыл партиясы» төрағасы ауыл халқының проблемасын жиі-жиі көтере берсе, нағыз мұқтаж аналардың ауылда жүргені биліктің де құлағына жетер еді. Ол аналар күні кеше денсаулық сақтау министрлігіне «басып кіріп» шенеуніктерді тоқпақтаған әйелдерден мүлде бөлек. Ұят пен ары, ұлттық танымы, ер-азаматқа деген құрметтері де өзгеше. Олардың айқайлап, шулатып жүруге уақыттары да жоқ. Қандай жағдай болса де, қазақ әйелі әдептен аспау керек қой. Шенеунік пе, басқа маер азаматқа қол көтеру заңды былай қойып ұлттық әдебімізге жат қылық. Ия, халықтың шыдамы да, сабыры да тозып бітуге таяу. Сонда да адамгершіліктен, «қазақ әйелі» деген аттан садаға кеткірлерге, айтар уәжім бар. Олар жайлы алдағы нөмірлерде тарқата жазармын). Бір сөзді айтып, бір сөзге кете бердім-ау, қиыншылық қамытын иығына артқан халықты масыл деп айту арға сын! Өйтіп пайымдауға ешкімнің де хақысы жоқ! Мені осы ашындырады! Қазақтың ұлттық бояуы сақталған, салт-дәстүрге берік өлкеде туып, халықтың тұрмысымен қанығып, құмға аунап, көкмайсаға боянып, көлшікке шомылып өскен қара бала Әлекеңнің орта жастан асқанда алжасқаны – қай сасқаны? Әлекең осылай «жолдан тайып» жатқанда, асфальтта өсіп, аузына не келсе соны «көкіп» жүрген әріптестері мен кейбір шенеуніктерге тоқтам айтуға ұялады екенсің! Айтайын дегенім осы еді!

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз