Күні кеше ғана бір топ әйел, денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекемеде жап-жас шенеунікті жұлмалап, ана байғұс әрең қашып шыққаны жайлы видео әлеуметтік желіде жүр. Сондағы айқайлаған әйелдердің сөзінен ұққанымыз, мектеп жасындағы балаларға вакцина салдыруға деген қарсылық. Видеоны қарап отырсақ, тараптардың сөзі жараспағаны байқалады: әйелдер бірден шенеуніктерге айқайлап, жұдырық ала жүгіреді. Кадрларға қарағанда, олар вице-министр Бүркітбаев пен ресми өкіл Байтанаевқа көбірек шүйліккен. Олар не жазып қойды екен, ә?

Шынында да бұл не нәрсе? Бала түгілі ересектерге салынып жатқан вакцинациялар туралы алып-қашпа әңгіме көп. Енді келіп балаларды екпеге мәжбүрлеу қаншалықты дұрыс?

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 20- шы шілде күні балаларды коронавирусқа қарсы вакциналау туралы сұраққа жауап берді. Сол жайлы аз-маз мәлімет бере кетуді жөн көрдік.

«Әрине, бұл тек ерікті түрде, ата-аналардың келісімімен ғана жасалады. Біз тек баласына екпе салуға мүмкіндік береміз», – деді Алексей Цой «Хабар 24» телеарнасындағы тікелей эфир кезінде.

Оның айтуынша, министрлікке балаларды вирустан қорғау үшін вакцина салу туралы көптеген өтініш келіп түсіп жатыр-мыс.

«Өкінішке қарай, қазір тек ересек адамдар ғана вакцина салдыра алады, балаларға көмектесуге мүмкіндігіміз жоқ. Қазіргі уақытта 12 жастан бастап Pfizer вакцинасын салдыруға кеңес берілуде. Азаматтар бұл мәселені өздері шешеді, бірақ біз вакциналауға шақырамыз, өйткені ол көмектеседі. Өкінішке қарай, жаңа штаммен балалар да ауырады», – деді министр.

Сонымен қатар, ол ел арасында айтылып жүрген қазақстандық QazVac вакцинасын балаларға салып сынақтан өткізуге қатысты сұраққа да жауап берді.

«Біздің заңнамада екпені балаларға салып, сынақтан өткізуге тыйым салынған. Сондықтан QazVac бойынша мұндай зерттеу жүргізіліп жатқан жоқ», – деді Цой.

Еске сала кетейік, 19 шілдеде өткен кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев QazVac вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеуді жеделдетуді тапсырған еді. Бәлкім балаларға екпе салдыру жайлы әңгіме сол тапсырманы орындауға жасалған қадам емес пе? Оны уақыт еншісіне қалдырайық. Тек әйелдердің бишара шенеуніктердің жүнін жұлған тауықтай жұлмалағаны күлкілі. Олардың қолында не бар дейсің. Олар тек жоғарының тапсырмасын орындаушы ғана емес пе?!

 Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз