Елбасы Ресей журналисінің Астананы салу тарихы жөніндегі сұрақтарына жауап беріп, Қазақстан елордасының төңірегіндегі жасыл аймақты дамыту барысын әңгімеледі.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік телеарна тілшісіне еліміздің бітімгершілік миссиясының мақсаттарына, әлемдегі қақтығыстарды реттеу жөніндегі Қазақстан қызметінің нәтижелеріне тоқталды. Бұдан бөлек ел экономикасын жаңғырту үдерісі және индустриялық-инфрақұрылымдық даму бағдарламасын іске асыру нәтижелері туралы айтып берді.
Сұхбат барысында Елбасы «Россия 24» телеарнасы тілшісінің Астана әуежайына өз есімін беру туралы сауалына:
«Бұл менің бастамам емес. Мен ылғи да бұндай бастамаларға қарсы болып келдім. Бірақ бұндай ұсыныс қайт-қайта алдымнан шыға береді. Соған қарағанда, адамдар атқарылған жұмысты көріп, соған ризашылығы мен алғысын білдіргісі келетін секілді. Кез келген саясаткер, мемлекет басшысы тарихта атқарған ісімен қалуы керек. Баға беретін біздің буын емес, келер ұрпақ. Мен ұлы философ, Рим императоры Марк Аврелийдің «Сіздің неге әлі күнге ескерткішіңіз жоқ?» деген сұраққа «Мен кейін адамдар мына ескерткіш кімнің ескерткіші деп сұрағанын қаламаймын. Керісінше, «мына адамға неге әлі ескерткіш қойылмаған?» деп сұрағанын қалаймын» деген жауабын жиі есіме аламын», — деп жауап берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз