Қазақстан дәуірі газетінің (22.07.21) номерінде «Әкімдер сайлауы: Үміт пен Күдік» атты мақала жариялаған болатынбыз. Онда ауыл әкімдерін сайлаудағы ізгі мақсат пен соған жетер жолдағы кедергілерді сөз еткенбіз. Халықтың көкейінде үміт пен күдіктің итжығыс түсіп жатқанын да жасырмағанбыз.

Бұл жолы жаңадан сайланған ауыл әкімдері кімдер, олар қалай сайланды? Сайлау әділ өтті ме, әлде баяғыдай «бармақ басты, көз қысты әрекеттер» етек алды ма? деген құлағы қылтиып тұрған сауалдарға жауап іздеп көрмекпіз.

25 шілде күні Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Бұл сайлауда республика бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл округіне 730 әкім сайланды. Тағы 45 басшы жыл соңына дейін сайланады, ол үшін әкімдердің өкілет мерзімі аяқталуы қажет.

Сайлау 25 шілде күні сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін өткізілді. Сайлау учаскелерінде дауыс санау дауыс беру аяқталғаннан бастап 12 сағаттан кешіктірілмей жүргізілуі тиіс». Қорытынды сайлау өткеннен кейін үш күн ішінде шығады.

Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуді президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында ұсынды. 23 шілдеде мемлекет басшысы сайлау саяси жаңғырудың жаңа кезеңі деп атап, қазақстандықтарды сайлауға қатысуға шақырды.

«25 шілде күні Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Бұл оқиға саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді. Сайлаушыларды белсенді дауыс беруге шақырамын. Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек», – деп жазды Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ал президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жергілікті атқарушы органдардың басшылары саналатын әкімдер мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – отандастарымыздың тұрмыс сапасын арттыру мәселесін шешуде негізгі рөл атқаруға тиіс екенін айтып, президент сайланған кандидаттың бәрі өзі ісінің маманы болатынына және халықтың үмітін ақтай алатынына сенім білдіргенін жеткізді.

Айта кетейік, елімізде алғаш рет өтетін ауыл әкімдерінің сайлауына қатысуға тіркелгендердің көпшілігі – өзін-өзі ұсынған азаматтар (1 419 адам). Олар жалпы кандидаттардың 61,8%-ін құрап отыр.

Сонымен елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы күндей күркіреп, найзағайы шатырлап, телегей-теңіз нөсерлетпесе де, жаймашуақ жаздай жанды жадыратып өте шықты. Халықтың белсенділігі жайлы да кесіп-пішіп бірдеңе деу қиын. Ала-құла пікірдегі ағайын көп. Себебі әділ сайлауға сенбейді көбі. Сенетіндердің өзі секемдене қарайды. Бұл үшін бұқараны кінәлауға да болмас…

Фото ғаламтордан алынды

Бір қуанарлық жайт- ауыл әкімдігіне үміткерлердің дені жастар. Жас келсе-іске! Алайда көптеген ауылдарда «ескі көздер» өз орынтағын сақтап қалды. Нұр отанға бәсекелес үш партияның ауыл әкімдері сайлауындағы белсенділігі де тым нашар. Көнбістік, көнгіштік, жасқаншақтық, талапшылдық мүлде жоқ. Сүйреткен тазы аң алмайдының кебі баяғы… Жарайды «алғашқы әкім сайлауы ғой» деп жылы жаба салуға болар еді, бірақ, халықтың талап-тілегін ескеріп, қалың топты жарып шығып, таптауырын болған жүйеге қарсылық танытса кім қой депті оларға. Әттең тонның келтесі-ай деген осы шығар бәлкім.

Тұмсығын құмға тығып алатын түйеқұс секілді «сен тимесең мен тимен бадырақ көз» деген ұстаныммен қашанға дейін жүрмек тағы да бұлар.

Жә, дейік. Сонымен ауыл әкімдері сайлауы әділ өткеніне, әділ өтпегеніне ешқандай кепілдік жоқ. Билікке сыни көзқарасы бар, немесе биліктің айтқанымен жүре бермейтін жеке тұлғаларды өткізбеу мәселесі сайлауға дейін де айтылып жатты. Билік бұл жолы да әкімшілік ресурсқа арқа сүйейтіні анық. Тіпті алақандай ауылдың өзіне «турашыл адамға» еркіндік бермеуге тырысқаны, елге қолайсыз адам өтіп кетті ме деген қорқыныш бар екені жасырын емес. Бұл стереотиптің пайда болғанына көп болды, әлі де көпке созылады. Көпке созбау үшін үлкен өзгерістер керек екені даусыз.

Қоғам белсендісі, ұлттық кеңес мүшесі Айгүл Орынбек: Күні ертең елімізде, алғаш рет ауқымды реформа – ауыл әкімдерін сайлау науқаны өткелі отыр. Қобалжу басым. Иә, тарихи сәт! Осы орайда, шалғай ауыл аймақты аралап, халықтың хәлі, мұң-мұқтажымен танысып, көзбен көрген қоғам белсендісі ретінде өз ойымды айтып кеткенді жөн санадым…

Расында, ауыл әкімдерін сайлау туралы Ұлттық кеңестің төрінде айтылды. Президентіміздің алдында ұсынылды да. Себебі, 30 жылдан бері тек айтылып жақ талған, бірақ оны орындауға келгенде тасада қалатын жобалардың бірі осы-тын. Иә, көлеңкеден табылуының себебі де, салдары да бар. Несін жасырамыз?! Айтайық! …Бүгінге дейін бұл әкімдерді сайлауда билік халқымыздың ішінара ру-руға бөлініп, тайпабастармен билеп-төстейтін қасиетінен қорықты деп ойлаймын. Иә, қорықты! Енді еліміз сыбайласқан жемқорлықтан арылып, саяси-экономикамыз алға дамысын десек, ол үшін ең алдымен ауыл-аймақты тазалауымыз керек! Жоғары жақ ұрандап атойлап шаба бергеннен, төменгі жақ іріп-шіріп, былыққа батып жатса, бәрібір артқа кетеміз.

Қанша күннен бері байқап-бағып отырмын ауыл әкімдерінің сайлауына ешкімнің қызығушылығы жоқ. Шаруасы да жоқ! Тіпті ауыл-аймақтағы белсенділер де үнсіз! Сол баяғы «Nur Otan”, сол баяғы адамдар деп көңіл күйлері түсіңкі! Бағдарламаларымен танысып, олардың алға қойған мақсат-мүдделерін білу керек емес пе?!

Елде өзгеріс жасауға, халыққа жағдай жасауға (қызмет етуге) дайынсың ба? Онда сол «Nur Otan»-ға кіріп, неге әкімдер сайлауына түспеске? Неге берілген мүмкіндікті пайдаланып, жемқорлыққа батқан жүйені жоймасқа? Тіпті ішіне кіріп алып, шындықтың бетін ашпасқа? Кім және не кедергі?

Иә, бұрындары ауылдарда интернет жоқ, бүкіл бюджетті ашық көре алмайтын едік. Талан-таражға түсіп жатса да көрмейтінбіз. Себебі, ашықтық болмады. Ал қазір ше? Бәрі өзгерді. Президентіміздің өзі халық алдындағы ашықтықты, биліктің әділдігін қолдап отыр. Жағдай да жасалуда бұл үшін: бәрі ашық, бәрін елге бақырайтып тұрып көрсетуге мүмкіндік бар! Шүкір!

Естеріңізде шығар, таяуда ғана «өз руының адамын, өз құдасын тағайындайын деп жатыр Айгүл ханым!», – деп Бәйдібек ауданына қарасты бір ауыл тұрғындары тыныштық бермеген еді, әділдік іздеп! Енді неге бұл сайлауда ауылдағы ағайын үнсіз отыр? Түсінейікші енді… Бүгінгі сенің таңдауың – бұл сенің болашақ ұрпағыңның таңдауы! Сөз басында айтқанымдай шалғайдағы тұрғындардың тыныс-тіршілігімен етене таныспын. Аралап, өзім жиі барам! Сенсеңіз…Ауылда әлі күнге кітапхана, мәдениет үйі, спорт мектептері жоқ! Олардың бәрі КСРО-мен бірге ізім-қайым жоғалып кеткен. Енді солардың бәрін қайтару керек! Нағыз талантты жастар ауылда, елімізді әлемге танытатын чемпиондардың да біз жағдайын жасауымыз керек! Ол үшін ертеңгі саяси науқанға көз жұмып, салғырт-атүсті қарамауымыз керек! Тағы да айтамын….ауыл ӘКІМДЕРІН өзіміз сайлау керекпіз! Президентіміз – Қ.Тоқаев бізге керемет мүмкіншілік берді. «Өзгерісті қалайсың ба? Онда өзіңнен баста! Сайлауға бар, таңдау жаса! Әкіміңді таңда», – деп жатыр! Бұдан артық бізге не керек?! Мойындау керек, кез келген жаңа бастамада қателік, жобаға жатсыну болады. Бірақ, бұл реформа – дұрыс әрі дер кезінде жүзеге асқалы отыр. Ұтымды шешім. Соған қуанамын. Ел үшін, атамекен жерім үшін, келешек ұрпақ үшін қуанамын! Ең бастысы, бұл науқанда жауапкершілікті жіті сезіну маңызды, нәтижесіне уақыттың өзі сарапшы. Тек өзгерістерді енгізу өз қолымызда!

САЙЛАУ ТУРАЛЫ ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТПЕЙ БӘРІ БЕКЕР

Белгілі журналист Алмас Алтай: «Әне-міне деп жүргенде келіп қалды: осы жексенбі Қазақстандағы 730 ауылдың әкімі сайланады. Кәдімгідей халық ұнаған азаматына дауыс беру арқылы, демократиялық жолмен таңдап алады. Маңғыстауда да сайлауалды жарыс қызып тұр. Бейнеу, Маңғыстау, Түпқараған аудандарындағы бірнеше ауылда әкім сайлауы өтпек. Ел де саяси доданың қызығына кіріп алған, әлеуметтік желіде өз жүйріктерін үкілеп, жарнамалап жатқан көпшілік баршылық, әйтеуір. Сонымен, Әкім сайлауынан қандай пайда? Кім ұтады? Менімше біздің халықтың жыл сайын құқықтық сауаты көтеріліп келеді. Бұл сайлау да дәл сол бағыттағы кезекті баспалдақ болады. Сайлау – әр азаматтың конституциялық құқы!

Халық өзі сайлап алған әкіміне талап қоя алады! Кез-келген адам әкімдікке таңдалмайтыны түсінікті, сол алға шыққан азаматты халық қамшылап отыруға мүмкіндік алады. Осылайша, жалпы билікке деген сенім пайда болады. Сайланған әкім де шапқылап тыным таппайтын болар. Ауылдың мәселесін тез шешпесе сайланардағы уәдесін бетіне басушылар көбейеді. Сөзсіз, бұл Тоқаев қабылдаған маңызды қадамдардың бірі. Өйткені, мына реформа жергілікті басқару жүйесіне деген көзқарасты өзгертеді.

Яғни, ауыл тұрғындары өздерінің көңілінен шығатын және әлеуметтік талаптарын орындай алатын әкімді таңдайды. Демек, Ауыл Әкімі жергілікті халықтың қолдауына ие болса аудан басшысы алдында саяси салмаққа ие бола алады…

Сонымен, 25 шілде – әжептәуір маңызды дата, ауылыңның алдағы төрт-бес жылдағы тағдырын таңдап алуға берілген мүмкіндік».

Азаттықтың жазуынша Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ауылдарда әкім сайлау «саяси модернизацияның жаңа кезеңі» бола ала ма? Ауыл әкімінің қолында не билік бар? Сайланған әкім не өзгерте алады? Азаматтық қоғам, саяси партиялар оған неге селқос қатысып жатыр? «Жергілікті өзін-өзі басқару – азаматтық қоғамның алғашқы баспалдағы» зерттеуінің авторы, саясаткер Дос Көшім Азаттықтың осы тақылеттес сұрақтарына жауап беріпті.

Дос Көшім: «Жоқ, бізде кез келген демократиялық реформа декорация есебінде жүреді. Ауыл әкімдерін сайлау да демократиялық ойынның бірі. Сайлау туралы заң мен сайлау жүйесін өзгертпесе, қазіргі сайлаулардан әлдене күту артық. Сайлау демократияның белгісі екені рас, бірақ сайлау жүйесі арқылы халықтың таңдауын жасатпай отыр. Орталық сайлау комиссиясынан бастап учаскелік сайлау комиссиясына дейінгі ұйымдардың жұмысын осы уақытқа дейін талай көрдік. Сайлау дұрыс өтпесе, нәтижесі қалай болатыны белгілі емес пе? Әкім сайлауы бірінші рет болып отырған тәжірибе емес. 2000-жылдары төрт ауданның әкімін сайлап көрді. Рас, ол жанама сайлау еді, яғни әкімді мәслихат депутаттары сайлады. Мен сол уақытта Алматы облысының бір ауданында бақылаушы болдым. Әкім қызметіне бір депутат та кандидатурасын ұсыныпты. 13 депутат дауыс берді. Бұрынғы әкім қайта сайланғаннан кейін әлгі қарсылас депутаты бар, бәрі күліп-ойнап, құшақтасып мейрамханаға кеткенін көзіммен көрдім.

Ауыл әкімін сайлаудың азаматтық қоғамды дамытуда бір ғана үлесі бар. [Билік] қаласын, қаламасын, бұл сайлау халықтың оянуына түрткі болуы мүмкін. Халық тікелей өзі сайлағаннан кейін әкімнен нақты жауап талап ете алады. Әкімнің жауап беруіне тура келеді. Сонда халықтың көзі ашылады. Мұны не үшін сайладық деген ой келеді. Әрине, ауыл әкімдері деңгейінде халық өзі қалап отырған, билікке де қырын келмейтін адамды әкім етіп сайлауға мүмкіндік беруі ықтимал. Мен жергілікті жердегі адамдардың оянғанына қуанып отырмын. Халық ынтамен кіріссе, сайлаудың нәтижесі қандай болғанына қарамастан, бұл үлкен саяси тәжірибе болады. Қалай болғанда да мұндай ауылдарда билікке деген көзқарас қатты өзгереді».

Түйін: Қазірден-ақ ел арасында «Қазақстандағы ең абыройсыз лауазым ауылдың сайланған әкімі болады. Халықтың мандатын алды, проблема шаш етектен, жұрттың бәрі таниды, қажет десе есігін теуіп кіреді. Ал өзі жоғарыдағы әкімге тәуелді, қолында соқыр тиыны да, билігі де жоқ» деп сөз етіп жатыр. Бұл енді уақыттың еншісіндегі шаруа. Қалай десекте демократияға бір қадам жасалды. Халыққа таңдау еркі берілді. Егер осы мүмкіндікті пайдалана алмаса, әділетсіздікті көре тұра үндемесе, өз дауысын қадағалауға дәрменсіз болса, өздері қалаған адамын қорғап шыға алмаса кімге өкпелейді? Әрине, әркім өзіне. Өзін-өзі басқару деген сол! Халық талап етеді, сөйтіп арманына жетеді.

Өкінішке қарай, Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жоқ. Қолданыстағы конституцияның 89-бабында жергілікті өзін-өзі басқару туралы бап бар еді, оның өзін 2007 жылы алып тастапты. «Жергілікті өзін өзі басқару туралы» заң 1997 жылдан бастап алты рет ұсынылды. Бәрінің де талқылауына қатыстым, өтпеді. Бізде жергілікті мемлекеттік басқаруды жергілікті өзін-өзі басқару есебінде ұсынып жүр- депті Досекең. Мүмкін солай да шығар.

ХАЛЫҚ НЕГЕ ӘКІМДЕРГЕ СЕНБЕЙДІ?

https://sn.kz/sn-akparat-agyny/82354-auyl-kimin-sailauga-barmaimyz-almaty-oblysynda-turgyndar-shu-shygardy-video?fbclid=IwAR3v9jiXLvih0nvZHk_zop8C6jsx7YWUVmyrMs6IwTe6Tw4OkWNonho1dTE сайтының жазуынша «Алматы облысында Қаратөбе ауылының тұрғындары алдағы ауыл әкімдерін сайлау науқанына қатысудан бас тартты. Қарасай ауданына қарасты бүтін бір ауылдың айтуынша, талай әкім келіп-кеткенімен елдімекенде қордаланған мәселенің біреуі де шешілмеген. Амалы таусылған жұрт халықты ойламайтын әкімді не үшін сайлаймыз деп мұң шағады. Интернеті, газы, жолы мен суы жоқ ауыл тұрғындары тіпті сайлауда бақ сынайтын үміткерлерді танымайды екен.

Әкім-қаралардан көңілі қалған қаратөбеліктер саяси дода алдында тайлы-тұяғы қалмай көшеде жүр. Қолына түрлі плакат ұстаған жұрт бірауыздан алдағы ауыл әкімін сайлау науқанына қатыспаймыз дейді. Өйткені талай әкімнің құрғақ уәдесіне тойған қараша осы уақытқа дейін ажары қашқан ауылды өрге сүйрейтін бір адам табылмағанына қапалы.

Алтын Келменбетова, Қаратөбе ауылының тұрғыны: – Бұл жерде бір жарым мың адам тұрады. Не су жоқ, не жол жоқ, не газ жоқ. Балалар ойнайтын жер де жоқ, балабақша жоқ, Интернет жоқ, медпункт жоқ. Алматыдан небәрі 29 шақырым. Ешкім келмейді. Бармайыз. Пайдасы жоқ бізге, керегі жоқ.

Нүрия Оспанова, Қаратөбе ауылының тұрғыны: – Бұл ауылды адам тұрмақ, әкімдік тұрмақ, Құдай да ұмытып кетті, шындығын айтсақ. -Әкім халық үшін сайланады. Халықты әкім ойламаса, неге халық әкімді ойлау керек? Бармаймыз деп бірауыздан шештік. Әкім сайлауына түспейміз, бармаймыз. Ауылға кіргізбейміз.

Тұрғындар айтқандай-ақ, көктемде саз балшыққа айналатын көшелер жаз шыға көк шаңға көміледі. Фельдшердің үйіне барып ем-дом алатын ағайын қазір ол мүмкіндіктен де қағылыпты. Тіпті тұрғындар бау-бақша баптамақ түгілі, аптап ыстықта бір жұтым ауыз суға зәру.

Қуаныш Төлекбаев, Қаратөбе ауылының тұрғыны: – Екі сиыр алыңдар деді ғой. Алдық, ал су жоқ. Жалғыз колонка ма? Бүкіл мың жарым халқы бар ауылға бір колонка! Оның өзі істемейді. Еститін құлақ жоқ. Әкім өзі мына суды ішпегеннен кейін, әкімнің бұнда шатағы да жоқ. Дегенмен Қаратөбеде саяси науқанға қызу дайындық басталып кеткен сыңайлы. Ауылдағы жалғыз өркениет ордасына айналған мектеп қабырғасына хабарлама ілініп, сайлау учаскесінің нөмірі де жазылған. Бірақ қарапайым жұрт әлі күнге үміткерлердің кім екенін білмейді. Алтын Келменбетова, Қаратөбе ауылының тұрғыны: – Бір әкімнің орынбасары келіп айтқан жоқ. Мысалы, кандидаттар жазылып тұруы керек, мектептің алдында. Жалғыз бетке ұстарымыз мектеп қана. Мына кісі әкім болайын деп жатыр деген сияқты. Халық сайлайды ғой әкімді. Бәрін өздері шешеді. Бәрін өздері сайлайды. Қалтасына салады, кетеді, болды. Үміткерлерді танымаймыз, білмейміз. Әкімнің кім екенін тіпті білмеймін».

Бұл бәлкім бір-екі ауылда болған келеңсіздіктер шығар. Алайда ащы айқайдың артында шыңғырған шындық бар. Өйткені еліміздің әр өңірінен өкпе-ренішке толы жазбалар әлеуметтік желінің бетін кернеп тұр. Көптің көңілінен шығу деген оңай жұмыс емес негізі. Қалған көңіл шыққан жан дейді қазақ. Яғни, жаңашылдыққа бастар жолда өзіндік қарама-қайшылықтар болуы да заңдылық секілді. Әйтсе де дүниедегі ең үлкен қасірет – туған еліңнің сенімін жоғалтып алу! Басқаының бәрі түк емес.

Белгілі жазушы Камал Әлпейісова «БОЛАШАҚ ӘКІМГЕ АРНАУ СӨЗ» жазыпты. Сонда «Алдымызда – сайлау. Біздің қоғамда «сайлау» деген сөздің қадірі кете бастағаны жасырын емес. Бұлай болуына негіз де бар. Сонау кеңес заманынан бастау алатын – партия, билік лайық көрген адамды «бүкіл халық» болып «сайлау» үшін өткізілген науқандар осыған алып келді. Дегенмен, алдымыздағы сайлау – бұрынғыдан өзгерек! Бұл – қай адамның әкім болатынын халықтың өзі қалап, шешетін сайлау! Елімізде тұңғыш рет осындай сайлау өткізілмек.

Жер-жерде халық өзі лайық көргенді ұсынып жатыр. Мұндай тың бастамадан партиялар да тыс қалған жоқ. Әкімдік қызметті атқара аламын деген азаматтарымыз да өз кандидатураларын ұсынуда. Мұны – сайлау өткізу ісіндегі реформаны халықтың қабылдауы деуге болады.

Сайыста тек лайықты азаматтар жеңіп шығуына тілектеспін! Және сөзім де соларға арналады.

Сайлауға түсуге бел буған әрбір болашақ ӘКІМ өзі атқарар қызметтің мән- мағынасына үңіліп, түсінгені ләзім. Араб тілінде «дана, ақылгөй, төреші», сондай-ақ «білімді, шешім қабылдаушы» мағынасында қолданылған «хакім» сөзінен туындап, орта ғасырларда «билеуші, басшылық жасаушы» деген мәнге ие болған бұл сөзді Абай бабамыз 38-ші қара сөзінде «хакім… адамға қызмет етуді мақсат етіп еңбектенетіндігімен өнегелі» деп түсіндіреді.

Яғни, биылғы сайлауда жеңіп шығатын әкімнің алдындағы басты мақсат – адамдарға қызмет ету.

Жасыратыны жоқ, бұрын кең кабинетте отырып билік жасау үшін: ағайын алдында айдарыңнан жел есіп жүру үшін, жағдайыңды жасау үшін, тіпті әлдекімдердің мысын басу үшін не түйіндемесіне бір жақсы жол жазылуы үшін де әкімдікке баратын.

Қазір ондай ұғымның заманы өткен!

Әкімдікке ауылдастарыңа қызмет ету үшін бару керек. Иә, солай!

Кіндік қаның тамған, түлеп ұшқан, еңбекке жарамды жастар жан-жаққа тарап кеткен соң – күйі кеткен ауылды көтеру үшін өздеріңдей білімді, іскер, батыл шешім қабылдаушы адамдар керек-ақ!

Махамбет бабамыз айтқандай, «қатепті қара нардай» қызмет ететін бұл істе қиындықтардан салы суға кетпей, мың сан кедергіні еңсеретін, қайсар, табанды әрі әділ азаматтарға еліміз зәру!

Сондай азамат екеніңе, ішкі әлеуетіңе сенесің бе? Ауылдағы қат-қабат мәселені шешуге әзірсің бе? Онда, сайысқа түс! Сайлаушыларыңа

кабинетте отыру үшін емес, елмен бірге жүріп, іс тындыру үшін келетініңді түсіндір. Халық өз әкімінің сондай болғанын қалайды.

Ал шешім қабылдап, сөзіңді іске асыруға бел бусаң, мыналарды жадыңда ұста:

• «Бір адам таққа отырса, мың адам атқа отырады» дейді халқымыз. Яғни, әкім болған адамға жақын болудың жолын іздеушілер бар.

Бұрын танымайтындардың туыс болып шығуы да жиі кездеседі. Жалған мақтаушы, қолдаушылардың сөзіне масайып, өз-өзіне риза басшылардың кейпіне түспе!

• Қарға тамырлы қазақпыз, өз туыстарың, жекжат-жұрағатың бар. Олар – сол ауылдың басқа тұрғындарымен тең жағдайлы азаматтар. Артық не кем емес. Ел ішіндегі тірліктің бәрі алақандағыдай көрінеді. Қандай шешім шығарсаң да, Аяз бидей әділ бол!

• Халық – бақылаушы. Сайлауалды науқанда айтылған сөздердің іске асырылуын жіті қадағалайды. Үгіт-насихат кезінде тілінен бал тамғандардан әдемі уәделердің орындалуын талап етеді. Қазір әкімді сайлау тәртібі ғана емес, қоғамдық сана да өзгерген. Жақсы басшы болсаң, қорғаушың – халық. Үмітін ақтамасаң, оны да ұмытпайды….» депті. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз