Оқырман назарына Астанада өтіп жатқан Халықаралық «ЭКСПО — 2017» көрмесі жөнінде шетелдіктердің пікірін ұсынып отырмыз.
Мануэль Залхли (Швейцария павильонының директоры):
— Астанаға алтыншы рет ат басын тіреген жайым бар. Бірақ бұрын күз, қыс айларында келгендіктен, қаланы еркін аралау, әсіресе көшесімен жаяу қыдыруға мүмкіндік болмағаны рас. Ал, биыл сәті түсіп, жаз мезгілінде, оның үстіне жаһандық шара — «ЭКСПО — 2017» көрмесіне дөп келгеніме қуаныштымын. Швейцария қалалары бұдан үш-төрт ғасыр бұрын салынғандықтан, жаңа әрі жас шаһарды көру, толығырақ танысу, сәулеттің ғажайып үлгілері айқын көрінген ғимараттармен танысып шығу өзім үшін жаңалық болды десем, артық айтқаным емес. Мінеки, ЭКСПО көрмесінің өтіп жатқанына да бір ай болды. Көрменің ұйымдастырылуына жоғары бағамды беремін және қонақ болып жатқан барлық шетелдік менің пікірімді құптайды деген ойдамын.

Эйвелин Бяйл (Нидерланды павильонының директоры):
— Қазақстанның бас қаласы Астана менің туған қалам Роттердамға қатты ұқсайды. Екеуінен де өзен өтеді, ал, оның бойындағы көпірмен жаяу жүріп өту, әсіресе жаз мезгілінде серуендеу жанға рахат сыйлайды екен. Астанаға өткен жылдың желтоқсанында келсем де, Қазақ Елі мені өзінің қонақжайлылығымен, басқа ұлттарға ұқсамайтын әдет-ғұрпымен бірден баурап алды. Жақсыны көрмекке ұмтылған шетелдіктердің барлығы да ЭКСПО арқылы Қазақстанды, Астананы, осы елдің халқын танып жатыр деп есептеймін.

Жонгпия Галь (Франция):
— Бұған дейін Германияда, Қытай мен Италияда өткен Халықаралық ЭКСПО көрмелеріне куә болған едім. Қазақстанда өтеді деп жоспарланған бұл ЭКСПО-ға екі жыл бұрын Миландағы көрме кезінде естіп, сол кездің өзінде-ақ келуге бел буғанбыз. Астананың нағыз заманауи қала екенін бірден байқадық. Оның үстіне салынғанына жиырма жылға енді ғана жақындаған бұл қалада аз уақыт ішінде көп жұмыстың тындырылғанын аңғару қиын емес. Басқасын былай қойғанда, жас қаланың ЭКСПО көрмесін өткізіп жатқанының өзі мақтауға тұрарлық.
Пиркко Аутио (Финляндия):
— Астана — сәулеті мен дәулеті келіскен ерекше қала. Әлемнің неше түрлі шаһарында болып жүрміз ғой. Бірақ мен осы қалада өзімді өте жайлы сезінемін. Бұған дейін бес рет келген болсам, бұл жолы «ЭКСПО — 2017» көрмесіне арнайы келдік. Алған әсерімізді сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес. ЭКСПО-ны аралап шыққан кез келген турист Қазақстанға алғаш келген болса, қазақ халқының жерінің ғана емес, көңілдерінің кең екенін оп-оңай байқай алар еді деп ойлаймын.

Бетті дайындағандар:
Нағашыбай Қабылбек,
Ермұрат Назарұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз