Жақында Қадыр Мырза Əли атындағы мəдениет жəне өнер орталығында Алашорда қозғалысының 100 жылдығы мен Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтің құрметіне «Ұлықтауға лайық ұлт зиялысы» атты облыстық мүшəйраның қорытынды кеші өтті. Байқауға 16 мен 30 жас аралығындағы 14 ақын қатысты.

Мүшәйра басталмастан бұрын жергілікті қаламгерлер мен жас ақындар кездесіп, орталықтың мəжіліс залында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына байланысты ой алмасты. Жазушылардан Бауыржан Ғұбайдуллин Алашорда тарихына байланысты баяндама жасаса, Мира Шүйіншәлиева жастарға шығармашылық бағыт-бағдар жөнінде айтты. ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Ақұштап Бақтыгереева өзі жетекшілік ететін «Қаламдас» қоғамдық бірлестігінің атынан бес ақынға қаржылай сыйлық табыс етті. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Ақұштап Бақтыгереева қазақ тарихына, әсіресе Алаш қозғалысына қатысты ақтаңдақтарға көбірек тоқталса, облыстық мəдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасының басшысы Дəулеткерей Атауұлы мүшәйраға қатысушылардың елін сүйген, жерін сүйген абзал азаматтардың ізгі мұратын үлкен ықыласпен жырлағанын жеткізді.
Бұдан соң жас ақындар сахнаға бірінен соң бірі шығып, өз өлеңдерін оқыды. Содан кейін көп ұзамай мүшәйраның қорытындысы жарияланды. Көп ақынның ішінде шұрайлы тілімен көптің көзіне түскен М. Өтемісов атындағы БҚМУстуденті Мадияр Төлеуов бас жүлдені иеленді. Осы университетте оқитын Жанерке Ғинаят бірінші, Марлен Ғилымхан екінші жүлдеге қол жеткізді. Бауыржан Ширмединұлы (Сырым ауданы) үшінші орын алды. Алшынбек Мұқанғалиевке (Жəңгір хан атындағы БҚАТУ), Бауыржан Зейнешевке (Серебряков ауылы), Абзал Серікқалиұлына (Қазталов), Бекболат Қаленовке және Гүлназ Патшағұловаға (Ақжайық) ынталандыру сыйлығы берілді. Олардың туындыларын Ақұштап Бақтыгереева, Айтқали Нәріков, Ғайсағали Сейтақ пен Талап Таймасұлы секілді жергілікті танымал ақындар жоғары бағалады.

Айша Өтебәлі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз