26-30 шілде аралығында Астанада Жамбыл облысының күндері басталды. «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» керуені екі ай жол жүріп, 26 шілдеде келді. Жамбыл облысының 12,9 мың тонна өнімі жәрмеңкеге қойылатын болды. Онда ауыл шаруашылығы тауарлары нарық бағасынан 10-20% төмен бағамен сатылады. Жамбыл облысының Астанадағы күндерін мәдени шаралар қорытындыламақ.
«ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесі аясында өтетін шара жайлы өңір басшылары Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференция барысында айтты. Баспасөз конференцияға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов және Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенали Бықыбаев қатысты.
— 20 мамыр күні «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» керуені ұзақ жолға шықты. Керуен «Ұлы Жібек жолы» бойындағы сауда, мәдениет, өркениеттің рухани орталығы болған Ежелгі Тараздың тарихымен таныстыру мақсатында «ЭКСПО — 2017» көрмесіне келеді, — деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов.
Жамбыл облысы алғаш рет командалық алаңдағы тоғызқұмалақ ойынының тұсаукесер рәсімін өткізеді. Облыстың Астанадағы күндері аясында «Этноауыл» қалашығы маңында қазақ күресі, асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ, алаңдағы тоғызқұмалақ ойындарының көрсетілімімен қатар құсбегілік және тазы, төбет иттер көрмесі ұйымдастырылады. Ұлттық ат спорт түрлері — көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату ойнатылады. Аталған шаралар 29-30 шілде күндері бас қаладағы «Қазанат» ипподромында өтеді. Сонымен қатар, биылдың өзінде Астанаға алтыншы мәрте келген жәрмеңке кең ауқымда өтеді. Өңірдің тауарларын «Қазақстан» спорт кешенінен сатып алуға болады.
Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Д.Бықыбаев мәдени шаралардың кестесімен таныстыра келе, ЭКСПО аумағындағы «Амфитеатрда» облыстық филармонияның «Әуені әсем Әулие ата» атты 500 өнерпаздың қатысуымен өтетін мерекелік концерт болатынын атап өтті. 30 шілдеде «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда «Жамбылым қандай тамаша!» атты шығармашылық концерт және эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен Жамбыл облысы күндерінің жабылуы өтеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз