ЭКСПО қалашығына бара қалсаңыз, жанында жетектеген бүлдіршіндері бар ата-аналарды көптеп кездестіруге болады. Дегенмен, оң-солын енді ажыратып келе жатқан ойын баласына ғылыми-танымдық павильондар қайдан «азық» болсын? Айызы қанғанша асыр салып ойнайтын алаңқай да ЭКСПО қалашығынан орын тепкен. «ЕXPO Kids» деп аталатын балаларға арналған ойын-сауық бағының директоры Василий Лапаев:

— Біздің алаңқай бірнеше бөліктен тұрады. “Дат” компаниясының 4,6 және 15 жасқа дейінгі балаларға арнайы жасап шығарған құрылғыларымен жабдықталған ойын бағы келушілердің оң бағасын алып жатыр, — дейді.
Әткеншек пен сырғанақтың түр-түрі орналасқан алаңқайда қуаласпақ ойнап жүрген балдырғандардың шаттанған жүзін көрудің өзі ата-ана үшін үлкен қуаныш болса керек. Ал, есепке жүйрік әрі мектеп қабырғасында оқитын балаларды «өрмекші роботтардың шайқасы» ойынынан табу қиын емес. Сонымен бірге, музыкалық вело-арткейстер де балалар үшін таптырмас ойынға айналып кеткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «EXPO Kids» аймағында 28 ерікті мен 45 аниматор балалардың қауіпсіздігін кірпік қақпай қадағаласа, алаңқайда сегіз сағатқа дейін ойнайтын балалар да кездеседі екен. Бір айта кететіні, балаларға арналған ойын бағы ЭКСПО қалашығындағы «Нұр әлем» павильонынан кейін келушілері көп аймақ саналады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз