Облыстық прокуратураның мәжіліс залында кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Облыс прокурорының міндетін атқарушы Тәжиден Найманов төрағалық еткен басқосуда прокуратура қызметкерлері мекеменің биылғы жартыжылдықта атқарған жұмыстары жөнінде баяндады.

Тәжиден Жүкенұлының айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында әлеуметтік-экономикалық салада заңдылықты нығайту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған. Нақтырақ айтар болсақ, аталған мерзім ішінде 124 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 1000-ға жуық заңбұзушылық анықталған. Оны жою үшін 212 прокурорлық акт (кесім) енгізілген. Қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты 9 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, прокурорлық ықпал ету шараларымен 19 заңсыз акт (кесім) өзгертілген және бұзылған. Сондай-ақ, 780 тұлғаның конституциялық құқығы қорғалып, 274 азамат әртүрлі жауапкершілікке тартылған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мемлекет бюджетіне 2,1 млрд. теңге қайтарылған.

Әкімдікпен бірлескен алты жоба

— Қоғам үшін өзекті болып табылатын күрделі мәселелерді шешуде жобалық менеджмент қағидаты сәтті қолданылуда. Қазіргі таңда облыс әкімдігімен бірлесіп, Әлеуметтік дауларды шешу Картасы, «Таза қол — Чистые руки» (сыбайлас жемқорлыққа қарсы), мал ұрлығы және кәмелетке толмағандардың жыныстық зорлық-зомбылығына қарсы іс-қимылдың Жол Картасы, «Табиғатты бірге қорғайық!» және «Өзіңнен баста!» атты жобаларды жүзеге асырудамыз. Ықпал ету шараларының нәтижесінде 18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуден және оны тағайындаудан заңсыз бас тарту тоқтатылды, осылайша олардың конституциялық құқықтары қорғалды. 30,5 млн. теңгеге 177 жұмыскердің жалақы бойынша берешегі өтелді. Сыбайлас жемқорлық жасаудың екі дерегі, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кір келтіретін қылық жасаудың 17 дерегі анықталды. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау саласында жүйелі түрде жасалған заңбұзушылықтар анықталып, бұдан келтірілген залал 337 млн. теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ, Тұрғын үй заңнамасының сақталуына қатысты жүргізілген тексеріс нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың қызметінде көптеген заңбұзушылықтар анықталды. 21 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде екі мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылды.
Орал қаласы прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Құмар ойынсыз қала» жобасы өз мәресіне жетті. Нәтижесінде облыс орталығы қызметін лицензиясыз жасап келген, заңсыз ойын автоматтары мен букмекерлік кеңселерден тазарды. Осындай 10 нысан жабылып, олардан 100-ден астам құрылғы алынды. 13 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, 4 тұлға сотталды, — деген Тәжиден Жүкенұлы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының арқасында өңірімізде қылмыс жасау жағдаяттарының азайғанын жеткізді.

Қылмыс кеміп, ашылған істер саны артты

— Биыл қылмыстың саны 15 %-ға (7564-тен 6432-ге дейін) азайды. Оның ішінде аса ауыр қылмыс түрлері 4,2 %-ға (24-тен 23-ке дейін), ауыр қылмыс 15,7%-ға (445-тен 375-ке дейін), қарақшылық 79,2 %-ға (24-тен 5-ке дейін), бөтеннің мүлкін ұрлау 9,7 %-ға (3967-ден 3583-ке дейін), бұзақылық 28,7 %-ға (275-тен 196-ға дейін) азайды. Сонымен қатар, бұрын қылмыс жасаған азаматтардың қайтадан қылмыс жасауы 62,6 %-ға (1364-тен 510-ға дейін), кәмелетке толмағандар қылмысы 17,6 % -ға (85-тен 70-ке дейін), топпен қылмыс жасау 14 %-ға (451-ден 388-ге дейін) және мал ұрлығы 36,9 %-ға (279-дан 176-ға) азайды, — деген Тәжиден Найманов қылмыстардың ашылуының 3,3%-ға өскенін айтты. Оның сөзінше, жыл басынан бері мал басын және ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 46 дерегі, сондай-ақ қала базарында көрсетілген өнімдерді заңсыз сатудың екі дерегі анықталған. Сондай-ақ, криминалды полиция ұсталған телефондарды сатумен айналысатын барлық тұлғаларды тіркеуге алған. Қазіргі таңда қолды болған телефондарды табу үшін абонент құрылғыларының IMEI-коды бойынша жұмысын тоқтата тұру ісі тәжірибеден өткізілуде. Осы мақсатта 123 мобильді құрылғының қызметі уақытша тоқтатылған. Тәжиден Жүкенұлы, сондай-ақ, мектеп жарғыларына өзгеріс енгізілуіне байланысты жалпы білім беретін мектептерде қымбат телефондарды пайдалануға тыйым салынғанын қаперге салды.
Прокуратура өкілінің мәлімдеуінше, жергілікті атқарушы органдардан құқық бұзушылықтың алдын алуға 27 млн. теңге бөлінген.

Онлайн — оңтайлы тәсіл

Бұдан кейін сөз алған облыс прокурорының орынбасары Александр Цуранков жазаның орындалу заңдылығын қадағалау саласы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Александр Цуранковтың сөзінше, бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдай қалыпты, жүйелі жүргізілген жұмыстардың арқасында сотталғандар арасында құқық бұзушылықтың артуына жол берілген жоқ. Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыруды қанағаттандыру 86,8 % құрады. Бас бостандығынан айыру жазасының орнына баламалы түрде айыппұл тағайындаудың нәтижесінде бюджетке 15,5 млн. теңге түсті.
— Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген тапсырмаларды орындау мақсатында түрме тұрғындарының саны азайып, олар қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру орындарынан босап шығып, қалыпты өмірге бейімделуде. Пробация қызметтерінде есепте тұрғандардың саны 9,5 %-ға өскеніне қарамастан, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау 55-тен 15-ке немесе 72,2 %-ға азайды. Ағымдағы жылы облыс прокуратурасы азаптау және басқа да қатыгез қараудың алдын алу мақсатында қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде кезекші прокурор институты енгізілді. «Түрмедегі жұмыспен қамту — 2017» түрме реформасын іске асыру жалғасуда, оның барысында пенитенциарлы мекемеге бірқатар шаруашылық субъектілері тартылып, сотталғандардың жартысына жуығы жұмыспен қамтылды. Нәтижесінде жұмыспен қамтылған сотталушылардың саны 52 %-дан 71 %-ға дейін немесе 19 %-ға артты. Жеке еңбек шарты бойынша екі сотталушы жұмыспен қамтылды, — деген Александр Цуранков «Ресоциализация: Сен қоғамға керексің!» жобасы аясында бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан 15 азаматтың жұмысқа орналасып, 7-і оқуға жолданғанын айтты.
Ол, сондай-ақ, прокуратура қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін «фейсбукте» «Онлайн-прокурор» парақшасы құрылғанын жеткізді. Оның сөзінше, азаматтар өздерін толғандырған мәселелер жөніндегі ой-толғамдарын, бастарындағы проблемалық жағдайларды онлайн режімі арқылы осы парақшаға жүктеуіне болады. Бұл парақшаны қазірдің өзінде пайдаланушылар бар. Бұдан басқа таяуда «Онлайн-адвокат» парақшасы енгізілмек. «Кезекші прокурор» және «Кезекші адвокат» жүйесін де енгізу жоспарлануда. Осы жүйе арқылы жұртшылық прокурорлар жұмысын қадағалауға мүмкіндік алады. Бұл жаңашылдық прокуратура қызметінің ашықтығын қамтамасыз етпек. Тұрғындар онлайн қызметті пайдалануды үйреніп алса, оның пайдасы көп. Онлайн режім азаматтардың уақыттары мен қаражаттарын үнемдейді әрі прокурор қызметін визуалды бақылауға мүмкіндік береді. «Осылайша, біз халыққа бір табан болса да жақындадық», — деген облыстық прокуратура өкілі осының бәрі құқық қорғау жүйесінің жаңаруының арқасында мүмкін болып отырғанын жеткізді.
Жиын барысында БАҚ өкілдері тарапынан көп сұрақтар қойылып, бұған тиісінше жауаптар қайтарылды. Солардың бірқатарына жауап берген облыстық прокуратура басшылығы төлемдердің төленбеуіне байланысты тұрғындарға қызмет көрсетуді шектеген «ЖайықЖылуҚуат» АҚ-ның әрекеті заңға қайшы деген пікірлерін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған Тәжиден Найманов енді бір айдан соң азаматтарды қабылдау орталығының ашылатынын айтты. Орталықта арнайы күту залы, екі кезекші прокурор және адвокаттарға арналған екі бөлме келушілерге қызмет етпек.
Айша Өтебәлі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз