Шекарада атылған оқ

Өткен аптада сенбі күні кешкі сағат сегіздер кезінде «Жасөркен» шекара бекеті тұсында 20-ға жуық жастар шекарашылардың «тоқта» деген сөзін елемей, тікенек сымды қиып өткісі келіпті. Ескерту ретінде аспанға оқ атқан әскерилерге олар тас лақтырып, қарсылық көрсеткен көрінеді. Тіпті, бірінің басын жарақаттаған. Осыдан соң шекарашылар амалсыз олардың өздеріне оқ жаудырып, әлгілердің бірі басынан жарақат алған. Қалғандары оны көліктеріне салып, оқиға орнынан іздерін суытып үлгеріпті. Соңыра жарақат алған жігіт қаза тауыпты. Ол Жамбыл облысындағы Жасөркен ауылының 1987 жылғы тумасы Еркін Әміртаев болып шықты. Қазір оның туыстарынан жауап алынып жатыр. Сондай-ақ, шекара бұзушыны атып өлтірген екі сарбаз да тергеуге алынды. Қазір шекарашылар Ергешов пен Бөрібаевқа қатысты Қылмыстық Кодекстің «Қызметін асыра пайдаланып, қару қолдану арқылы ауыр жарақат салу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр деседі. Қазір атыс болған шекара бекеті маңында тыныштық. Дегенмен, Тараз шекара жасағы күшейтіліп, мұнда қосымша күштер тартылған. Із суытқан өзге азаматтар облыс аумағынан іздестірілуде. Құзырлы орындар тергеу шараларының құпиялығына байланысты бұдан артық ақпарат таратпай отыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз