top news on a newspaper page

*Қарағандыда көпжылдық тарихы бар «Шахтер» футбол клубы сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беру үшін, бар болғаны мың теңгеге аукционға шығарылды. Клубты сенімді басқаруға алған тұлға оның 208 миллион теңге көлеміндегі кредиторлық қарызын жабуы тиіс. Клубтың нақты құны осы соманы құрайды.
***
*Хосеп Гвардьола жаттықтыратын Англияның «Манчестер Сити» клубы Лионель Мессиді сатып алуға 300 млн еуро төлеуге дайын. Месси Каталонияның бас командасы «Барселона» құрамында 2004 жылдан бері ойнап келеді. Осы уақыт ішінде ол клубтар қатысатын түрлі турнирлерде 585 ойынға қатысып, 508 гол соқты. Ол «Барселонаның» 8 рет Испания чемпионы атануына, 5 мәрте ұлттық кубоктарды иеленуіне, 4 рет Чемпиондар лигасын жеңіп алуына көмектесті.
***
*«ЭКСПО-2017» аясында ШЫҰ мен АӨСШК халықаралық марафоны 2017 жылдың 27 тамызында өтеді. Оның жүлде қоры — 60 мың доллар. Марафонның жалпы жүлде қоры 60 мың долларды құрайды. Егер спортшы 42 шақырым 195 метр қашықтықты 2 сағат 20 минутта жүгіріп өтсе, 13 мың АҚШ долларына ие болады. Әйелдер бұл қашықтықты 2 сағат 40 минутта жүгіріп өтсе жеткілікті. Мәреге 2 сағат 20 минутта емес, одан сәл кешірек келіп, бірақ жеңімпаз атанатын болса, 7 мың долларға қол жеткізеді. Жалпы, 9 ер, 9 әйел спортшыға дейін ақшалай сыйақы қарастырылған. Ал 10 шақырым және 2017 метрге жүгіретіндерге демеушілер тарапынан бағалы жүлделер тағайындалған. Бірақ оларға ақшалай сыйақы берілмейді.
***
*Қазақстандық кәсіпқой боксшы қыз Фируза Шарипова «FSK Promotion» атты промоутерлік компания ашты. Ол боксшыларды Қазақстанда ғана емес, шетелде де танытатын болады. Ал 26 тамызда компания EXPO-2017 аясында үлкен бокс кешін ұйымдастырады. Онда жерлесіміз Фируза жеңіл салмақтағы WIBA және WBU чемпионы болгариялық Милена Колевамен жұдырықтасады.
***
*Италиялық велошабандоз, «Аstana Pro team» велокомандасының бұрынғы мүшесі, марқұм Микеле Скарпонидің велосипеді Бурабайда өткен Charity tour de Burabay қайырымдылық велошеруі аясында ұйымдастырылған аукционда 20 млн 500 мыңға сатылды. Жиналған қаржы Петропавлдағы облыстық балалар ауруханасына, Талдықорғандағы облыстық перинаталды орталыққа және Оралдағы көпсалалы облыстық балалар ауруханасына, Ақтөбе облысы балалар клиникалық ауруханасына және Батыс Қазақстан облысындағы мүгедек балаларға арналған «Бәйтерек» қоғамдық ұйымына медициналық құрал-жабдықтар алуға жұмсалады.
***
*Үш аттап секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Бирмингемде өтіп жатқан «Гауһар лига» кезеңінде үшінші орын алды. Ең үздік көрсеткіші — 14,29 метр. Бірінші орынды колумбиялық Катрин Ибаргуэн (14,51), екінші орынды ямайкалық Кимберли Уильямс (14,44) еншіледі. Лиганың жалпы есебінде де алғашқы үштік осылайша орналасқан: Ибагуэнде 31, Уильямсте 24, Рыпаковада 20 ұпай бар.
***
*18 тамыз — Қазақстан Республикасының спорт күні. Осы мерекеге орай ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы еліміздегі спорт саласына еңбек сіңірген азаматтарды арнайы құттықтап, олардың бірқатарына мерекелік медальдар табыс етті.

Бетті дайындаған — Ермек Сахариев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз