Жетісудың ең бір шұрайлы жерінде қоныс тепкен Талдықорған қаласы бүгінгі тыныс-тіршілігімен, көрікті табиғатымен, сәні мен әні жарасқан келбетімен абыройы жылдан-жылға асқақтап келеді. Бүгінгі күні осы бір жасыл желекті қаланың тұрғындарының саны 171 мыңға жетіп отыр.
Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың тікелей басшылығымен Талдықорған — қарқынды дамып келе жатқан өңірдің әкімшілік, өндірістік және іскерлік қаласы. Өткен жылды қала жақсы табыстарымен қорытындылады. Биылғы жылдың 7 айында негізгі әлеуметтік-экономикалық бағыттарда тұрақты өсу үрдісі сақталды және осы қарқыннан танбаса, жыл соңына дейін жақсы нәтижеге жетуіне зор мүмкіншілік бар. Қаладағы балаларды балабақшамен қамту 92,5 пайызға жетіп, республика көлемінде алдыға шыққан.
Осындай жақсы көрсеткіштері және тағы басқа жүзеге асырылып жатқан игілікті шаралары туралы өңірлік коммуникация қызметіне келіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүздескен Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев әңгімелеп берді.

Инвестиция
62 пайызға артты

Талдықорған қаласы жылдан-жылға дамып, өсіп-өркендеп, көркейіп келеді. Талдықорғанның тыныс-тіршілігі туралы қала әкімі Бағдат Әбілмәжінұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен сайын егжей-тегжейлі хабарлама беріп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспарларымен ой бөлісіп тұрады. Күн сайын көз алдымызда түрленіп келе жатқан қаланың жаңа келбеті көрген адамды қызықтырмай қоймайды.
Жетісудың бас қаласының өркендеуі, сөз жоқ, өндірістің өрге басуымен байланысты екені белгілі. Талдықорғанда 20 ірі және орта өндірістік кәсіпорындар бюджеттің қоржынын толтыруға өзіндік үлесін қосып келеді. Олар салық базасының негізгі бөлігін құрайды. Мысалы, өткен мерзімде 37,0 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, кәсіпорындардың 85,0 пайызы өндіріс көлемін ұлғайтты. Өнімнің нақты көлемі жөнінен қала облыс бойынша алдыңғы қатарда — 133,0 %. Өткен жылға қарағанда аккумулятор өндіру, алюминий катанкасын, тарату қалқандарын, сүт өнімдерін өндіру ісі өркендей түскен.
Екі жұмыс істеп тұрған өндіріс кеңейтіліп, 45 жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл соңына шейін 6,0 млрд. теңге инвестиция тартылған 381 жаңа жұмыс орнымен 5 өндіріс орны кеңейтіліп, іске қосылады. Бұған қоса май өнімдерін өңдейтін, құны 4,0 млрд. теңге тұратын 130 жаңа жұмыс орнымен зауыт құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта 270 жұмыс орнымен құны 4,6 млрд. теңге тұратын екі зауыт құрылысы аяқталуға таяу. Өткен мерзім ішінде өнеркәсіп саласына 1 млрд. теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 62 пайызға көп.

Қала маңында егін де өсіріледі

Қала аумағындағы егістік көлемі 6,6 мың гектар жерді алып жатыр. Оның ішінде 50 пайызға жуығы майлы дақылдар, көкөніс және тағы басқа қала тұрғындарына қажетті өнімдер өсіріледі. Соңғы кездегі талапқа сай 59 шаруа қожалықтарын біріктіріп, 3 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Ірі қара мал басы, құс өсіру едәуір артқан. Ет, сүт, жұмыртқа өндіру артты. Өткен есепті кезеңде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 5 млрд. теңгеден асқан.
Өткен жылғы желтоқсан айында ашылған «Сардар ЛТД» ЖШС нан комбинаты өз жұмысын жақсы жолға қойды. Мұнда қазір «Алтын Емел» логотипімен сапалы нан шығарылуда, бір бөлкесі дүкендерге 55 теңгеден жеткізіледі. Кәсіпорын есепті мерзімде 1,5 млн. дана нан өнімдерін шығарды, 62 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

90 мың кәсіпкері бар қала

Кәсіпкерлікпен айналысатын шағын және орта бизнес саласында 684 өндіріс орны бар. Онда 90 мыңға жуық адамдар еңбек етуде. Өткен мерзім ішінде осы сала бойынша 32,0 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен 7,0 млрд. теңге көлемінде салық түскен. Жыл басынан бері 12 жаңа нысандар пайдалануға беріліп, 247 жаңа жұмыс орны ашылған. Олардың қатарында 1 мәдени-ойын сауық кешені, 3 мейрамхана, 1 сауда үйі, 1 қонақүй, 2 автокөлік жуу орталығы және т.б.
Бөлшек сауда айналымы көлемі өткен мерзім ішінде 18,4 пайызға өсіп, 29,0 млрд. теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда едәуір артқанын көрсетеді. Осы мерзімде қала экономикасына 20,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бюджеттік түсім жоспары 108,5 пайызға орындалып, қазынаға 16,8 млрд. теңге салық түсті.
Талдықорған қаласының тұрғындарын қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында әр жеті сайын Талдықорған, Ескелді, Көксу, Ақсу, Қаратал ауданы және Текелі қаласының ауыл шаруашылығы өндірушілері өнімдерін «Жерұйық», «Оптмаркет» коммуналдық базарларында өткізілетін жәрмеңкелерінде сату ұйымдастырылған. Бір күндік сауда айналымы 2 млн. теңге көлемінде. Сонымен қатар, еліміздің тауар өндірушілерін қолдау мақсатында арнайы сүт және тағы басқа азық-түлік өнімдерін шығаратын дүкендер ашылған. Қазірдің өзінде сауда үйлерінде «Қазақстанда жасалған» деген айдармен 15 бөлім жұмыс істейді.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша қайта даярлауға, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға жіберілген жастардың белсенділігі жоғары. Қазіргі кезде қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,3 пайызды құрайды.
Алайда қала аумағында рұқсатсыз жерде жабайы сауда жасау кеңінен етек алып отыр. Өткен уақыттта 434 заң бұзушы жауапқа тартылып, оның 345-іне қатаң ескертілді. 89 заң бұзушыға 1,0 млн. теңгеден астам айыппұл салынып, рұқсатсыз салынған 14 дүңгіршек сүрілген. Осындай жұмыстар қала аумағында одан әрі жалғасын таппақ.

Қыркүйекте 46 үй
салына бастайды

Өткен мерзімнің қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 25.0 млрд. теңгені құрады, нақты көлем индексі 76,1 пайыз. Сонымен қоса қаланың экономикасына бюджеттен тыс 15,9 млрд. теңге тартылған, бұл өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда едәуір артық. Осы сала бойынша Талдықорған қаласы, Қарасай және Іле аудандарынан кейінгі үшінші орында тұр.
Құрылыс жұмыстары көлемі 14,0 млрд. теңгені құраған немесе 91,8 пайызға орындалған. Жыл соңына шейін 25,2 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары орындалады деген нық сенім бар. Өткен мерзім ішінде 15,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2016 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 15,5 пайызға артық. Жыл қорытындысы бойынша 104,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болса, оның 64,2 мың шаршы метрі бюджет қаржысы есебінен. Қазіргі кезде Талдықорған қаласы бойынша 15 мың адам пәтер алу кезегінде тұрғанын ескерсек, алдағы кезде де тұрғын үй құрылысын жүргізу қарқынын арттыру қажеттілігі туындап отыр.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бюджет қаржысы есебінен қаланың Оңтүстік-Батыс және Шығыс аудандарында 83.0 мың шаршы метрлік 1043 пәтерлік 11 көп қабатты үйлер салынады. Ал жылдың соңына шейін 42,0 мың шаршы метр 6 көп қабатты үйлер пайдалануға берілмекші.
Ал коттедж қалашығындағы 104 гектар жерді игеру басталады. Бұл аумақта 63 мың шаршы метр 607 үй құрылысын жүргізу жоспарланған. Қазіргі кезде 3 коттедж үйдің жобалық-сметалық құжаты дайындалуда. Қыркүйек айында 46 үйдің құрылысы басталмақшы. Бүгінде 26 мың қала тұрғыны үй салу үшін жер кезегін алуға тіркелген. Олардың талабын орындау үшін 5 мыңнан астам жер керек. Жер телімімен қамту мақсатында инфрақұрылымы бар 150 гектар жер дайындалып, құжаттары реттеліп жатыр. Әрине, бұл жеткіліксіз. Осы мәселені шешу де оңай шаруа болмай тұр.
Жеке инвесторлар 19,1 мың шаршы метрлік 205 пәтерлі 5 көп қабатты үйлер құрылысын жүргізуде. Осындай жаңа типтегі құрылыс нысандары қаланың көрікті, сәулетті болуына өз үлесін қосуда.

Мемлекеттік бағдарламалар кімге қызмет етеді?

Қала бойынша мемлекеттік бағдарлама-лардың орындалуы қатаң бақылауға алынған. «Бизнестің жол картасы — 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы— 2020» мүгедектерді оңалту бағдарламаларын орындау жұмысы күннен-күнге жанданып келеді. Тұрғын үй құрылысы, шағын кәсіпкерлік, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту, жол жөндеу, білім, денсаулық, мәдениет пен тіл, спорт, туризм, құқық қорғау салаларында жаңа бастамалар қолға алынған.
«Өңірлерді дамыту —2020» бағдарламасы аясында қаланың тұрғын үй шаруашылығын қайта жаңғырту жұмыстары жүйелі іске асуда. Өткен кезең ішінде қаланы абаттандыру, орталық саябақты жөндеу, орталық жүзу бассейнін күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Тұрғындар есебінен құны 50,0 млн. теңге тұратын екі көп қабатты үйді күрделі жөндеуден өткізу жұмысы жүргізілуде. Жастар, Самал, Мүшелтой, Жетісу, Достық шағын аудандарында орналасқан 30 көп қабатты үйлерді қамтитын 10 қалдық жинайтын алаңдар орнатылды. Халыққа ыңғайлы төлемдерді қабылдайтын 3 мыңнан астам абонементтерге қызмет көрсететін үш орталық ашылды.
Көп қабатты үйлердің аулаларын қалпына келтіру, су жүретін арықтарды жөндеу жұмыстары да қолға алынған. Бүгінгі күні 6 аула тәртіпке келтіріліп, 3,6 шақырым арық жүйесі жөнделіп, 8,2 шақырым жаңа салынған арық желісімен су ағып тұр. Құны 158 млн. теңге тұратын 7,5 шақырым арық жүйесін жөндеу жұмыстары басталды. Қаланың электр және жылу желілерін жаңарту жоспарлары да жүзеге асуда.
Есепті мерзім ішінде қаланы абаттандыруға 1,0 млрд. теңге бағытталған. Жетісу және Жастар шағын аудандарында құны 24,0 млн. теңге тұратын екі спорт алаңы жұмысы аяқталды. Қала ішіндегі құны 529,0 млн. теңге тұратын 27,2 шақырым ауызсумен қамтамасыз ететін жүйе күрделі жөндеуден өткізілмекші.

«Газ келді
дегенше, жаз келді десеңші!»

Жасыл желекті қала — Талдықорған жылдан-жылға көріктеніп келеді. Алайда ала күзден ерте көктемге шейін түтіні будақтаған тұрғын үйлерді жылытатын қазандықтар мен жеке үйлердің, сансыз сапырылысқан көліктердің қаланың экологиялық жағдайына кері әсерін тигізетінін көзіміз көріп жүр. Биіктен көз жіберсең, қаланы қыс бойы көк түтін бұлты торлап, күн ұзақ қара ысты ауамен демалған уақытымыз аз болған жоқ. Сондықтан да қалаға табиғи газ келеді деген жақсы хабар қалалықтардың көңіліне қуаныш ұялатты. Қазіргі таңда қала өміріне қатысты міндеттерді жүзеге асыру ең алдымен тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған. Осы мақсатта тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмысы ағымдағы жылдың мамыр айынан басталды.
Талдықорған қаласының ішкі газбен жабдықтау желілерін салуға әзірленген жобаға сәйкес газбен жабдықтау 22 іске қосу кешені бойынша 4 кезеңге бөлінген. Талдықорған қаласының ішкі газбен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 1370 шақырымды құрайды. Абоненттер саны 54 мыңнан асады. Оның ішінде көпқабатты үйлер — 28985, жеке сектор — 25682. ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттама) құны 24 млрд. теңгені құрайды.
Бірінші кезектегі жұмыстардың жалпы құны — 4,4 млрд. теңге. Бірінші кезектегі құрылыс 6 іске қосу кешенінің құрылысы бойынша барлығы 181,5 шақырым, соның ішінде жоғарғы қысымды 12,9 шақырым және 168,3 шақырым ішкі кварталдық газ құбырының құрылысы қарастырылған. Жоспар бойынша 10399 абонентті газбен жабдықтау, соның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер 4718 және жеке сектор 5681 абонент, шамамен 41,7 мың адамды құрайды. Бірінші кезек жеке секторды, Абылай хан көшесі бойымен, айналма жолы, Қаратал шағын ауданы, жаңа құрылыс, облыстық аурухана ауданы, теміржол вокзалы ауданы, қаланың орталық бөлігін қамтиды.
Қаланың көп қабатты тұрғын үйлерін және бюджеттік нысандарын орталықтандырылған табиғи газ құбырына қосылудың шығынын есептеу үшін, Талдықорған әкімдігінде «Талдықорған қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ, «Талдықорған қаласының ТҮКШБ» ММ, «КазТрансГаз-Аймақ» АҚ, «ЖетысуОблГаз» ЖШС және «Аппаттық газ қызметі-104» МКК мамандарымен жұмыс тобы құрылған. Қазіргі уақытта 1-ші кезектегі құрылыстың құны 2,3 млрд. теңге тұратын 3-ші кешені іске қосылды, 82,0 шақырым газ құбырын салу жұмысы аяқталды. Тамыз айында 225 абонементтің техникалық жағдайы тексеріліп, іске қосылды.
Қазіргі кезде 2-кезектегі 4,5,6 кешендерінің құны 2,1 млрд. теңге тұратын 87,0 шақырым газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Орындалу мерзімі — биылғы жылдың қыркүйек айы. Одан әрі бұл жұмыс жалғаса бермекші. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 6,0 млрд. теңге қаржы қарастырылған.
Жұмыс тобымен «КазТрансГаз-Аймақ» АҚ-ның мамандарын жұмылдырумен бірге қолданыста бар ішкі үй сұйытылған газ құбырларының техникалық жағдайын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ағымдағы жылы жол салу және көшелерді жөндеу жұмыстары газдандыру мәселесімен сәйкестендіріп жоспарланған. Биыл қаланың жекеменшік секторына газ құбырын төсеу жұмыстары аяқталады. Жалпы, қазіргі кезде 82 шақырымнан астам құбыр төселді. Оңтүстік батыс аудандарда жол салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жолдар мен жолаушылардың
тағдыры бір

Әрине, қала іші жолдары мен жолаушылар тасымалдайтын көліктердің жұмысы тұрғындардың басты назарында екені белгілі. Жекелеген жағдайларда бірталай сын-ескертпелер де айтылып жатады. Осыған байланысты биылғы жылға қала жолдарын жөндеп, күту үшін 3,0 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Қазір 30 шақырымға жуық көше жөндеуден өткізілуде. Қаланың орталық көшелері ғана емес, шетіндегі ауылдардың көшелерін күрделі жөндеуден өткізу жұмысы да жүргізілген. Мысалы, Еркін ауылының 5,5 шақырым жолы, Өтенай ауылының 1,7 шақырым жолы ағымды жөндеуден өткізілді.
Қаланың барлық көшелеріндегі жолдың жағдайы дер кезінде мұқият тексеріліп отырады. Оның себебі жолаушыларды тасымалдау барысында автобустардың жүру қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынған. Жыл басынан бері жолаушыларды тасымалдау көрсеткіші 10,3 пайызға өскен. Шілде айында жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын «TRANSTAL» ЖШС құны 70,0 млн. теңге тұратын 5 жаңа автобус сатып алып, қала көшелеріне жіберді.

Жұмыссыздық
деңгейі — 4,3 пайыз

Үстіміздегі жылдың өткен мерзімінде 2499 жаңа жұмыс орындары құрылған, бұл жылдық жоспардың 82,0 %-ы (2017 ж. жоспар — 3059).
Қала бойынша үш бос орындар жәрмеңкесі өткізілді, оларға 1070 адам қатысып, 210 жұмыссыз азамат жұмысқа тұрды, олардың 25-і мүмкіндігі шектеулі жандар.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына жұмыс мәселесімен 3602 адам өтініш білдірген. Жұмысқа орналастыру деңгейі 46 %-ды құрады.
1 тамызға 842 адам жұмыссыз ретінде тіркелген, бұл өткен жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 200 адамға немесе 31 %-ға артық.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша қайта дайындауға 371 тұрғын, жастар практикасына — 140 жас маман, әлеуметтік жұмыс орындарына — 47, қоғамдық жұмысқа 747 адам жіберілді. Жалпы сомасы 84,6 млн. теңге 10 шағын несие берілген.
Сонымен бірге жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бірінші бағытына сәйкес, қайта оқытуға 370 азамат жіберілді. Ал, үшінші бағытына сәйкес, жастар практикасына 124 адам бағытталды, 47 азамат әлеуметтік жұмыс орнына тартылса, 689 азамат қоғамдық жұмысқа жұмылдырылған. Аталған кезеңде жұмыспен қамту органдарына 2985 адам өтініш берген. Олардың 1298-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Жұмыспен қамту деңгейі 43,5 пайызды құрады.
Түйін:
Біз Жетісудың бас қаласы Талдықорғанда атқарылып жатқан біраз бағыттағы жұмыстарға тоқталып өткен қала басшысы Бағдат Қарасаевтың ақпараттарын қаз-қалпында беріп отырмыз. Осы лауазым иесінің сөзімен айтсақ, Талдықорған қаласы аумағында бірталай кемшіліктерге де, олқылықтарға да жол берілген. Алайда қала тұрғындарының күрделі мәселесін шешуде қала әкімі өзінің командасымен шұғыл шара қолданып, дер кезінде нәтиже шығару үшін жұмыс істеп жатыр. Бәрі жақсы, жуық арада оңалып кетеді деп құрғақ уәде беруден қала басшысы мүлдем аулақ. Қазіргі кезде қала аумағында шешімін күтіп тұрған күрделі мәселелері жеткілікті. Оның ішінде саяжайға қоныстанған тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрмыс қалдықтарын өңдеу, жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапасын бақылау, санитарлық тазалық, экология саласы және толып жатқан мәселелер бар. Оны қала басшысы Бағдат Қарасаев жақсы біледі. Алайда атқарылып жатқан жұмыс та өте ауқымды. Алдағы уақытта бұдан да әрі Талдықорған шаһары гүлденіп, түрленіп кетеді деген сеніміміз бар. Ол үшін барлық мүмкіншіліктер мен шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Нұрила Бектемірова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз