«Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» бүгінгі күнде «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» бір бөлігіне айналды. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Алматы облыстық мәслихатының шешімімен «Текелі қаласының 2015-2017 жылдарға арналған Кешенді даму жоспары бекітіліп, негізгі үш бағыт айқындалған. Осы бағыттардың орындалуы жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметіне келіп, БАҚ өкілдеріне 65 жылдық тарихы бар Текелі қаласының әкімі Бахтияр Әлтайұлы Өнербаев толық ақпарат беріп қана қоймай, қосымша қойылған сауалдарға толыққанды жауап берді.

Моноқаланы дамыту — өзекті мәселе

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының негізгі басымдықтарын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда Текелі қаласында жүйелі жұмыс атқарылып келеді, — деді лауазым иесі. — 2012 жылы қабылданған «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасына Алматы облысынан Текелі қаласының енгізілгені белгілі.
2013 жылдан моноқаланы дамыту бойынша Кешенді дамыту жоспарына сәйкес 19 шара іске асты. 10 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бөлінген жалпы қаражат 5,7 млрд. теңге болса, оның 3,2 млрд. теңгесі республикалық бюджет есебінен, ал жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді. 18 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бүгінде қала халқының саны 32 600-ге жетті. Соңғы бес жылда тұрғындар саны 2700-ге көбейген.
Биылғы жылдың өткен мерзімдегі көрсеткіштері бойынша, 7548,6 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, физикалық көлем индексі 110,2 % құрады. Бұл облыс өнеркәсіп өнімінің 2,3 % көрсетеді. 2017 жылдың сәуірінен бастап мәрмәр ұнын шығарумен айналысатын «Artek-Stone» ЖШС іске қосылды. Мамыр айында «Алақай» сауда белгісімен кондитерлік пряник шығаратын өндіріс көлемі ұлғайтылды. 5,8 млн. теңге игеріліп, 17 жаңа жұмыс орны құрылды.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қала экономикасын дамытуға 2249,9 млн. теңге инвестиция тартылып, физикалық индекс көлемі 104,4 % құрады. Текелі кенді қайта өңдеу кешеніндегі «Bapy Mining» ЖШС «Инновациялық технологиялар бойынша шойын алынатын темір кенін өндіру мен өңдеу» жобасының негізгі инвесторлары: «Горное бюро» ЖШС және «KSP Steel» Павлодар трубопрокат зауыты». Кәсіпорында 438 адам жұмыс істейді. Жоба басталғалы 7044,7 млн. теңге инвестиция, оның ішінде 2017 жылы 629,8 млн. теңге игерілді. Зауыттың толыққанды іске қосылмауының негізгі себебі — домна коксының нарықтық бағадан 2 есе қымбаттауы. Кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін шикізат, жанар-жағармай және материалдар жеткіліксіз болып тұр.
«АСПМК-519» ЖШС Қора өзенінде қуаттылығы 21,5 МВт ГЭС құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаның сметалық құны — 4,7 млрд. теңге, оның 2,0 млрд. теңгесі игерілді. «Достық» өндірістік алаңы инфрақұрылымының құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Аумағы 15 гектар алаңның жобалық сметалық құжаттамасы мен мемлекеттік сараптамасы жасалған. Құны — 916,4 млн. теңге. Қазіргі таңда өндірістік алаңның инженерлік-транспорттық құрылысын жүргізуге өтінім беру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

296 млн. теңге шағын
несие берілген

Қалада орта және шағын бизнес қарқынды дамып келеді. 1122 кәсіпкерлік нысаны белсенді жұмыс істейді. Биылғы алғашқы жартыжылдық-та шағын және орта бизнеспен 4,1 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, мемлекеттік бюджетке 541,0 млн. теңге салық төленген, бұл жалпы түсімнің 56,6% құрайды. Бизнес саласындағы жұмыс істейтіндердің жалпы саны — 2500 адам. Кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға Текелі қалалық кәсіпкерлік палатасы оң ықпалын тигізіп келеді. Палата жанындағы ақпараттық-кеңестік қызмет көрсету орталығы жыл басынан бері 925 азаматқа кеңес беріп, 70 азаматты кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытты.
«Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында жаңа өндірістерді дамыту бойынша 17 жобаға 42 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде 1 жоба осы жылға 1,5 млн. теңгеге қаржыландырылды. Жалпы сомасы 5220,7 млн. теңгеге 28 жо-баның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды. 296,4 млн. теңге шағын несие 124 адамға берілді. 2017 жылы шағын несие алуға 52 әлеуетті жоба дайындалды, жалпы сомасы 509,3 млн. теңге болады.

Инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру жұмыстары

Қаланың инфрақұрылымын жақсарту мен дамыту бойынша мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар іске асырылуда. 2020 жылға дейінгі «Аумақтарды дамыту» бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұ-рылымды дамытуға 3,5 млрд. теңге бөлінді:
776,4 млн. теңгеге 20,7 км жол қайта жаңғыртылды:
1501,9 млн. теңгеге «Достық» және «Алатау» шағынаудандарындағы 9 км жылу жүйелері ауыстырылды:
308,6 млн. теңгеге 3 көпір жөнделді:
312,6 млн. теңгеге тазарту ғимараты мен Қора өзеніндегі бас тоғандағы резервтік электр беру желісі салынды.
Жыл сайын бюджеттен қаланың ағымдағы абаттандырылуына қаражат (609,8 млн. теңге) бөлінеді. Орталық саябақ (аумағы қоршалып, маунтинбайк трассасы, шағын сәулеттік нысандар орналастырылды) абаттандырылды, көшелер жарықтандырылды (468 жарықтандыру бағаны орнатылды), тротуарлар (7,9 км ) ағымдағы жөндеуден өткізілді.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ұзындығы 24,4 шақырым сумен жабдықтау жүйелері жаңғыртылады. 439,2 млн. теңге бөлінген. Бірінші жартыжылдықта 13,2 шақырымы ауыстырылып, 54,1 % орындалды.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 80 пәтерлік жалдамалы үй құрылысы қолға алынған. Осы құрылысқа 430,4 млн. теңге бөлінген. Сонымен қатар, қалалық ауруханада тамақтандыру блогы мен зарарсыздандыру камерасының, кір жуу бөлімшесінің құрылысы жүріп жатыр.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 401 жұмыссыз азамат жұмыспен қамтылды. Кәсіптік қайта даярлауға (Текелі кәсіптік колледжінде) 161 азамат жолданды. Жастар тәжірибесімен 26 жас маман қамтылды. 16 әлеуметтік жұмыс орны құрылып, 198 жұмыссыз азамат қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Қала бойынша орташа жалақы көлемі 90431 теңгені құрайды. Биыл алғашқы жартыжылдықта 175 жаңа жұмыс орны құрылды. 1836 тұрғынға 88,6 млн. теңгеге түрлі әлеуметтік көмек көрсетілді. «Өрлеу» бағдарламасымен 67 отбасымен (325 мүшесі) 7,6 млн. теңгеге әлеуметтік келісімшарт жасалды.
Жас ұрпақтың мәселесі
оң шешілген

«Балапан» бағдарламасы бойынша қаладағы 5 балабақша мен 7 шағын орталықта 1020 бала тәрбиеленіп жатыр. 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі даярлықпен қамту деңгейі 95,2 % құрайды. Биылғы оқу жылын 152 түлек бітірді. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша орташа балл — 85,9, облыста ІІ орын, ал қатысу көрсеткіші 53,9 % құрайды. 8 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 10 мектеп бітіруші «Үздік аттестат» алды.
Қалада 3 жазғы лагерь жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда онда 3539 бала демалды, жазғы демалыспен қамту 93,8 % құрайды. Мектеп жанындағы лагерьлерде 1056 бала қамтылды.
Брифингте Бахтияр Өнербаевқа көптеген сауалдар қойылды. Оның ішінде күннен-күнге өсіп келе жатқан Текелі қаласының тұрғындарын пәтерлермен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Қазіргі кезде 1166 отбасы тұрғын үй алу кезегінде тіркелгенін ескерсек, әрине, биылғы жылы пайдалануға берілетін 80 пәтерлік жаңа тұрғын үй мәселені шешпейтіні анық. Сондықтан Текеліде тағы да көп қабатты тұрғын үйлер салу жөнінде жобалық-сметалық құжаттама дайындау жұмыстары басталған. Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын қала жұртшылығы арасында насихаттау, түсіндіру жұмыстарының барысы жөніндегі сұраққа лауазым иесі нақты мысалдармен жауап берді. Арнайы құрылған насихаттау тобы Текелі қаласының тұрғындарымен кездесулер өткізіп, барлық деңгейдегі әлеуметтік салаларды, оның ішінде зейнеткерлер, жастар мен жұмыссыздарды толық қамтыған. Тағы да бір қойылған сұрақ табиғаты көз тойдыратын Текелі қаласы аумағында туризмді дамыту мәселесі болды. Ақиқатын айтсақ, екі таудың ортасында, үш өзеннің сағасында орналасқан Текеліде болашақта туризмді дамытуға өте зор мүмкіншіліктер бар. Жуырда осы мәселені шешу мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық туризм басқармасымен бірлескен форум өткізу жоспарлануда екен.
Брифингте көтерілген Текелі қаласының санитарлық тазалығы, жастар тәрбиесіне қатысты, аз қамтылған тұрғындарды әлеуметтік қолдау туралы сауалдарға толыққанды жауап берілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз