АҚШ-тан келген Томас Джастин отандасымыз Әли Ахмедовпен қолғап түйістіру үшін ринг төрінен табылған-ды. Бірақ алғашқы раундтардан-ақ нокдаунға түсіп қалған ол жекпе-жектің белортасына дейін берілмеді. Әбден таяқ жеген боксшы кеш бойына бетіне мұз басқан күйде жүрді. Бұдан кейін өзінің үшінші жекпе-жегін өткізу үшін шаршы алаңға Нұрсұлтан Жаңабаев шақырылды. Жамбылдық бокс мектебінің түлегіне тілеулес болып отырған жанкүйердің үміті ақталды. Алекс Сандро Дуартені бір соққымен сұлатқан ол техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Нұрсұлтанның ерлігін аса ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев та қайталады. Өзі секілді кәсіпқой рингте тәжірибесі аздау аргентиналық Андрес Матиасты оңай әрі жылдам жеңді. Қазақ боксшыларының ішіндегі нокаутерлердің бірі Жәнібек Әлімханұлына өзінің екінші кездесуін осы бокс кешінде өткізу бұйырыпты. Бразилиядан келген Перейро дос Сантосты қанша сабаса да, жекпе-жектен нокаут көре алмадық. Десе де, Жәнібектің жеңісі еш күмәнсіз еді.
Қанат Исламның ізінен ерген інілерінің бірі Жаңқош Тұраров бокс кешіндегі 8-ші жекпе-жекте төбе көрсетті. Аргентиналық Бруно Ромэй екеуі де бұған дейін 21 кездесу өткізіпті. 10 раундтық жекпе-жек ерте аяқталады деп ойлаған едік, бірақ Жаңқоштың Ромэйді нокаутқа түсіруге шамасы жетпеді. Сөйтіп, күллі Қазақстан күткен Қанат Ислам мен канадалық Брэндон Кук та көп ұзамай шаршы алаңға шақырылды. Екі елдің әнұраны орындалды. Кездесу алдындағы баспасөз мәслихатында Қанат:
— Елордада тұңғыш рет кездесу өткізбекпін. 9 қыркүйек күні шаршы алаңға шығатын боксшылардың барлығы тәуелсіз елдің ер-азаматтары. Мақсатымыз — елге жеңіс сыйлау, қазақ боксшыларының мықты екенін бүкіл әлемге таныту, — деген болатын.
Лақап атының өзі «Qazaq» болып кеткен Қанаттың бокстағы тәжірибесі Брэндон Кукпен шамалас. Бір-біріне лайықты екі боксшы 9 раунд бойына тамаша өнер көрсетті. Дегенмен, қарсыласының осал еместігі алғашқы раундтардан көрінді. Ішінен соғам деп жүріп, Қанаттың ауыр соққылары Брэндонның белінен төмен екі рет тиіп, ұпайы шегерілді. Үшінші раундтың соңғы секундында оң қолымен жұмсаған соққысы Куктың көкесін тануға жетіп жатқандай еді. Алайда әккі боксшының жолы болып, тезірек есін жинап, бірден үзіліске шықты. Төртінші раунд алма-кезек шабуылмен тезірек өте шықты. Бесінші раундта Кук тағы да нокдаунға түсіп, есін тағы жинап алды. Осылайша арада үш раунд өткеннен кейін кездесудің нүктесі қойылды. Тоғызыншы раундтың белортасында нокдаунға түскен Брэндонның быт-шыты шықпай тұрғанда аман қалсын деген ниетпен төреші жекпе-жекті тоқтатып, Қанатты жеңімпаз деп таныды. Әйтсе де, Кук бұған келіспей біраз жүріп алды.
Шаршаңқырап қалса да, өзінің басымдығын анық байқатқан Қанат Ислам намысты қолдан бермеді, реті келгенде ринг төрінде халқына, Елбасына, өзін қолдап жүрген ел ағаларына алғысын білдірді. «Намыс жоқ жерде жеңіс жоқ!» дейді Қанат бір сөзінде. Жеңісті жолға бастайтын, намысы мықты Қанат сынды саңлақтарымыз көп болғай!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз