Маңғыстау облысының жылыту маусымына дайындығы пысықталды. Бүгінгі таңда өңірдегі жылу желілерінің 52 пайызы, яғни 11 шақырымға жуығы толық жөндеуден өткен. Сондай-ақ, аймақтағы қазандықтардың 294-і жаңғыртылды.
Жылыту маусымына облыстағы білім беру нысандарының 80 пайызы дайын. Яғни, 373 ғимараттың 298-і әзір. Денсаулық сақтау саласы да бақылауда. 95 мекеменің 72-сі сақадай сай. Сондай-ақ, аймақта 140 спорт және мәдениет нысаны бар. Жылыту маусымына оның 101-і дайын.

— Орталықтандырылған жылыту Ақтау және Жаңаөзен қалаларында және облыстың кейбір аудандарының тұрғын үйлерінде іске асырылады, бұл облыстың жалпы санының 58 % құрайды, халықтың қалған бөлігі жылумен жергілікті қазандықтардан қамтамасыз етілген. Облыс бойынша жылумен жабдықтау желілері 779,72 км құрайды, оның ішінен 2017 жылы 20,78 км жөндеу жоспарланды, — дейді Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сапар Аманбеков.
Басқарма басшысының мәліметінше, жылыту маусымына білім және денсаулық саласындағы нысандар қыркүйек айының басына дайын болса, мәдениет және спорт мекемелері қыркүйек айының соңына әзірленеді. Бұл — тым ұзақ уақыт. Осы орайда өңір әкімі барлық ғимараттың дайындығы 15 қыркүйекке дейін аяқталуы керектігін айтты.
— Әлеуметтік салада 15-не дейін бітуі керек. Арғы жағында 15 қазанға дейін ұсақ-түйек жұмыстарын жасау керек. Сол үшін негізгі жұмыстың барлығы 15 қыркүйекке дейін бітетін болсын, — деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Өңірдегі сумен жабдықтау желілері бойынша жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. 9 шақырымы жөнделген. Ал, электрмен жабдықтау желілерінің 494 шақырымы жаңғыртылды. Жиында талқыланған тағы да өзекті мәселенің бірі — уақытында төленбейтін коммуналдық төлемдер. Аймақта электр энергиясы, жылу мен судың өтеуін төлеуден жалтаратындар қатары азаймай отыр. Мамандардың айтуынша, бұл қысқы дайындыққа кері әсерін тигізеді.
— Қарызы барлардың қатарында тұрғындардан бастап, ірі компаниялар бар. Жалпы, электр энергиясы, жылу мен суға облыс бойынша 5 млрд. 222 млн. теңге қарыз бар. Ақтау қаласының тұрғындары 527 млн. теңге қарыз болса, облыстың мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 724 млн. теңге қарыз. Түрлі саладағы тұтынушылардың 462 млн. теңге берешегі бар, — дейді «МАЭК Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бас директорының орынбасары Мереке Мұханбетов.
Тұтынушылар коммуналдық төлемдерді дер кезінде төлеу керек. Әйтпесе, «Маэк-Қазатомөнеркәсіп» мамандары бұл мәселеге қатысты нақты шаралар қолға алады.
Сондай-ақ, отырыста Ералы Тоғжанов электр энергиясы мен жылуды 50 пайызға үнемдейтін жаңа жүйеге көшуді ұсынды. Жоба көңілге қонымды, қаражаты қалтаға тиімді, — дейді әкім. Айта кетсек, тиімді бағдарлама аясында облыста 3 балабақша жаңғыртылды. Жыл аяғына дейін тағы 3 нысан қосылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз