Мұғалімдер тағы да қып-қызыл даудың ортасында. Бұл жолы Көкшетауға білімін жетілдіруге барып, жүктерін арқалап, далада қалған ұстаздардың көбі: «Біз ағылшын тілін оқытудың 3 айлық курсынан өтуге  173 мұғалім (физика, информатика, химия, биология пәндері бойынша) мұнда Ақмола облыстық білім басқармасының шақыртуымен келдік. Кейбіріміз бала-шағамызды тастап, Көкшетауға 500 шақырым жерден жеттік. Сабақ басталып кеткенімен, біздің тұратын жеріміз әлі жоқ. Жүктерімізді арқалап, шабаданымызды кабинеттен кабинетке тасып жүрміз. Жол шығыны мен пәтер жалдауға 40 мың теңге қарастарылыпты, оны  осы курсты оқыту құқығын иеленген жеке серіктестік төлеуі тиіс екен. Әйтсе де олар мерзім туралы мұғалімдерге ескертілмеген деп ақталып олар»,— десе, «Астана білім ордасы» ЖШС әдіскері Ернар Акисев болса: «Курстың әрбір айы біткен соң, келесі айдың 10-ында өтемақы төленеді. Яғни олар бұл 40 мың теңгені 10 қазанда алады. Бұл жағдайды облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімдері мұғалімдерге түсіндіруі керек еді»,— деп отыр. Ал, арнайы курстан өтуге барған ұстаздардың жатын орны мәселесімен мүлдем айналыспайтынын алға тартқан білім саласындағы шенеуніктер: «Біздің міндетіміз – курсқа баратын мұғалімдерді анықтап, тізімін беру. Ал олардың қайда қоныстанатынын, оқыту мәселесін тендерде жеңіп алған серіктестік шешуі тиіс», —деп, жауапкершілікті серіктестікке аударып тастады. Осы жерде: «Оқыту мен жатын орны жайлы мәселесінің шешімі алдын ала ойластырылмаса, облыстық білім басқармасы ұстаздарды Көкшетауға неге шақырған? Серіктестік тиісті ақшаны келесі айда берсе, ұстаздар оған дейін немен күнелтеді?»— деген заңды сұрақ туындайды. Шынында да, қалай?

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз