Мәжiлiстiң жалпы отырысында Мәжiлiс депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдiгi арасындағы қылмыскерлердi ұстап беру туралы келiсiмдi ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасын мақұлдады. ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин: «Қазiргi таңда Қазақстанның заң органдарынан Сауд Арабиясы аумағында жасырынып жүрген азаматтар жоқ. Қазақстан аумағында да контрәрiптес билiгi iздеп жүрген азаматтар жоқ. Дегенмен, сондай тұлғалар анықталған жағдайда келiсiмнiң бекiтiлуi болашақта екi елдiң қылмыспен күрес саласында тиiмдi ынтымақтастық орнатуы үшiн жақсы құқықтық негiз жасайды деп ойлаймыз. Бүгiнгi таңда Қазақстан алыс шетелдермен 18 екiжақты келiсiм жасасқан. ТМД елдерi аясында Минск және Кишинев сияқты екi көпжақты конвенция әрекет етедi. Қазақстан жақын арада Бразилия, Македония, Иордания, Грекия мен Португалиямен осыған ұқсас халықаралық келiсiмшартқа қол қоюды жоспарлап отыр»,— деді. Ал, Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдiгi арасындағы қылмыскерлердi ұстап беру туралы келiсiм 2016 жылы Эр-Риядта бекiтiлген. Келiсiм ережелерiне сәйкес, Тараптар өздерiнiң аумағындағы ұстап беруге әкеп соғатын қылмыстары үшiн екiншi Тараптың аумағында күдiк келтiрiлетiн, айыпталатын немесе сотталған кез келген адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сот үкiмiн орындау мақсаттарында ұстап беруге мiндеттелген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз