Парламент Мәжiлiсiнде өткен Үкімет сағатында «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметiнде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтiк оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешендi стратегиясын iске асыру мәселесi» қаралды. ҚР Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов мырза баяндама жасады. Жиыннан соң, асығыстығына қарамай, министрден бірнеше сауалға жауап алдық.

— Қалмұханбет Нұрма-ғанбетұлы, сотталғандарды түрмелерде түзету, жаңа өмірге бейімдеу қалай жүріп жатыр? Олардың ішінде де сан түрлі адамдар бар ғой. Орта білімі жоқ кісілер де кездесуі бек мүмкін. Осы жайлы айтсаңыз.
— Бүгiнгi таңда колонияларда барлық сотталғандардың жалпы орта және кәсiби бiлiм алуы үшiн қажеттi жағдай жасалған. Түзету мекемелерiнде 53 жалпы бiлiм беретiн мектеп жұмыс iстейдi. Оларда жыл сайын 2500-ден астам сотталған азамат оқиды. 47 кәсiби колледж базасында 2600 мерзiмiн өтеушi еңбек нарығында сұранысқа ие 35 жұмыс мамандығы бойынша бiлiм алып жатыр. Атап айтсақ, олар ағаш ұстасы, сантехник, электр, газ дәнекерлеушi, тiгiншi, аспазшы және т.б. мамандықтар.
— Бүгін Мәжілісте «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру туралы» мәселе талқыланды. Осы орайда мынадай сауал туындап тұр. Қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?
— Еліміздің құқық қорғау жүйесі үшін пробация институты жаңа қызмет түрі болып саналады. Онымен біз соңғы жылдары ғана айналыса бастадық. Өткен жылы пробация туралы заң қабылданды. Сондай-ақ, Елбасының жарлығымен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтардың әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясы бекітілді. 2011 жылы шілдеде қылмыстық атқару жүйесі Әділет министрлігінің бақылауынан алынып, бізге берілді. Ашығын айтайын, сол уақытта біз пробация туралы ойлайтын халде емес едік. Уақыт өте келе өздеріңіз көріп отырсыздар, бәрі жақсарып келеді.
— Кешіріңіз, колониялар мен тергеу изоляторларында болып жататын түрлі келеңсіздіктер туралы жиі естіп қаламыз. Заңбұзушылықтар да болып жататын сияқты?..
— Жасырмаймын, бір кездері жағдай өте ауыр болды. Сотталғандар арасында жаппай тәртіпке бағынбау, есірткі мен суық қаруды еркін саудалау сияқты көптеген заңбұзушылық әрекеттер тіркелгені рас. Мұндай жағдай бірсыпыра колонияларда болды. Аталған колониялардың әкімшілігі өз мекемелеріндегі тәртіпті қамтамасыз ете алмады.
Мақтанғаным емес, біздің тарапымыздан істелген жұмыстар ондағы жағдайды тұрақтандырды. Қазіргі кезде біздің мекемелерде тәртіп орнады. Оны сенімді түрде айта аламын.
— Қылмыстық істерді жүргізу барысында жаңашылдық байқала ма?
— Жасырып-жабары жоқ, біздің қылмыстық іс жүргізу жүйеміз әлі күнге дейін кеңестік жүйемен келе жатыр. Ол халықаралық талаптарға сай емес. Осы орайда, Елбасының тапсырмасымен қылмыстық іс жүргізу мен жазаны орындау саясатын жетілдіру үстіндеміз.
— Түрмеге түсушілер саны жыл өткен сайын азаюда ма, әлде керісінше көбейіп жатыр ма?
— Атқарылған жұмыстың жемісі десек болар, соңғы жылдары түрмедегі қылмыскерлердің саны айтарлықтай азайды. Мысалы, 2011 жылғы 50 700 адам түрмеге түссе, биыл 35 500 қылмыскер тіркелді.
— Түрмеге отырудан Қазақстан әлемдік рейтингте нешінші орында тұр?
— Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан түрмеде отырғандардың саны бойынша әлемдік рейтингте АҚШ пен Ресейден кейін 3-орында болса, қазір біз 68-орындамыз.
— Жыл сайын түрмелерден қанша адам бостандыққа шығатыны жөнінде нақты айта аласыз ба?
— Ол құпия емес. Елiмiзде жыл сайын колониялардан 10 мыңнан астам азамат бостандыққа шығады. Өкінішке орай, олардың шамамен үштен бiрi бостандықта қайта қылмыс жасайды…
— Біз қылмыс жасаған адамды абақтыға қамауға асы-ғамыз. Әрине, ауыр қыл-мыскердің жазасы да ауыр болуы тиіс. Бірақ жазым басып, қателікке ұрынып сотталып жататындар да аз емес. Оларға кейде жаның ашиды…
— Ойыңызды түсіндім. Иә, біздің көптеген жылдар бойы жинаған тәжірибеміз (ауыр қылмыскерлерден бөлек) жаза басқандарды бас бостандығынан айыру орындарында ұстау әрқашан тиімді болмайтынын көрсетті. Бас бостандығынан айыру қылмескерді түзейтін құрал ретінде немесе оның сол қылмысты қайта жасамауы үшін ескерту құралы ретінде жұмыс істемейді. Ашығын айтқанда, көптеген азаматтарды түрмелерде ұстау мемлекет бюджетіне салмақ түсіреді. Сондықтан Қазақстан қылмыстық заңнаманы ізгілендіру жолына түсті. Келешекте бәрі ескерілетініне сенемін.
— Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз