Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбектің, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділхан Жүнісбектің, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Құралай Кудеринованың әліпби жайлы айтқандары көңілге қонады. Олардың пікірінше, бүгінгі қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайтынын, бұл үш мәселені қамтитындығына тоқталды. Үш мәселе — дыбыс, әліпби және емле-ереже; дыбыс — өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби — сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; емле-ереже дыбыстардың басын біріктіріп, бәрін құрап тұратын дәнекері деген сөздер айтылды. Осы кеңесте қазақ тілін емес, қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру керек деген де тың пікірлерді естідік.
Жалпы, «Латын әліпбиіне көшу — заман талабы» деген де ой-тұжырымдар айтылуда. Барлық пікір білдірушілердің бүгін түр-түсін анықтап айтқым келмейді. Бірақ осы мәселе төңірегінде тағы да бір науқаншылдық, жалпақ ұраншылдық, даурықпа басталып кеткен сияқты. Естеріңізде ме, осыдан жиырма шақты жыл бұрын ана тіліміз туралы заң қабылданғанда бәрін енді қалпақпен ұрып аламыз деп даурыққанымыз. Одан не шықты? Әлі күнге шейін ресми тілдің дәуірі жүріп тұрғанын, ана тіліміздің табалдырықтан бері аса алмай, босағада жүріп қалатынын жасырып қайтейік? Енді ағылшын тілінің қажеттілігін айтып ән салудамыз. Сондықтан қазақ жазуын латын қарпіне көшірудің оңай екенін айтып, жұртты алдаусыратудың қажеті шамалы. Жастар мен балалар алып кетеді, шауып кетеді деген кертартпа пікірлерді тықпалаудың қажеті жоқ. Қиын болады. Бұл шаруа халық алдындағы үлкен жауапкершілік. Бәрін алғашқы рет мектеп есігін аттаған баладай басынан бастауымыз керек. Оған мыңдаған жақсы дайындалған мұғалімдер, аудармашылар мен оқулықтар қажет. Қорымыздағы миллиондаған кітаптарды қайта басып шығару керек. Латын қарпіне көше салудан сауатсыздық жоғалады, ана тіліміз аспандап кетеді деген пікірден мүлдем аулақ болу керек. Жалпы халықтың тағдырын шешетін шаруаның шатқаяқтап қалмауын бүгін ойластырған жөн.
Мысалы, алысқа бармай-ақ, өз құрдастарымды алайын. Мектепте неміс тілін оқыдық, оқыдық деген аты ғана, ол кезде бүгінгідей заман келіп, шет тіліне қажеттілік туады деген ой тіпті қаперде болмады. Шала-пұла білетін латын әріптерінің түр-түсін де әлі күнге шейін ажыратып, дауыстап айта алмай жүрміз. Енді жазу-сызу латын қарпіне көшірілсе, оны меңгеру үшін аға буынның да партаға отырып, үйренуі, оқуы керек. Оқып жүрген әдебиеттен, мерзімді баспасөз құралдарынан айырылып қалу жасы келген адамдар үшін қандай болатынын білгеніміз жөн. Барлығымыз бір сәтте сауатсыз болып шыға келеміз. Сондықтан қызметтік бөлмелер мен мінбелерден мәжбүрлеп айтылатын даурықпа әңгімені тоқтатып, осы мәселені халықтың талқысына салып, пікір-кеңестерін ескерген жөн.
Қажет болса жаратып, болмаса көңіл аудармай қоятын бұл киім-кешектің, ыдыс-аяқтың жарнамасы емес, тілдің әңгімесі еліміздің әрбір тұрғынының тіршілігіне тікелей қатысты. Өйткені латын қарпін білмеген адамдардың барлығы сауатсыздардың қатарын толықтырады. Біз ежелеп жүріп оқитын халге келеміз. Ал, мемлекет тарапынан шығатын орасан қаржыны тіпті ойлағым келмейді. Кедейшіліктің кебінін киіп, етек-жеңін жинай алмай жүрген адамдар бұны қалай түсінеді? Қоғамдық пікірмен қатты санасқанымыз абзал. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген мақал да қазақтікі. Осындай жүгі ауыр мәселеге келгенде салмақты ой мен саналы пікірлерді халықтың өзі айтуы керек. Әйтпесе, жалпы елдің тағдырын өзі шешкісі келетін адамдардың қарасы көбейіп кетті. Қазақстандағы 18 миллион халықтың таңдауына ешкімнің кедергі келтіруге қақысы жоқ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз