Н. Назарбаев: Өндіріс өркендесе, халықтың жағдайы жақсарады

Апта басында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болды.
Елбасы ең әуелі «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің аумағында бой көтерген Достық үйін аралап, этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.
Өткен жылдың 10 қыркүйегінде пайдалануға берілген Достық үйі бүгінде өңіріміздегі түрлі этнос өкілдерінің құтты шаңырағына айналған.
Бүгінгі таңда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы 175 қоғамдық келісім кеңесі, 27 аналар кеңесі, 12 медиация кабинеті, 12 ақсақалдар кеңесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы, ғылыми-сараптамалық топ, қолөнер шеберлерінің клубы және «Ақ желкен» жастар лигасы нәтижелі жұмыс істеп келеді.
Сондай-ақ, мұндағы 240 және 100 орындық мəжіліс залдары, пікірлесуге арналған дөңгелек үстел алаңы, ғылыми-əдістемелік бөлмелер, хореографиялық зал тиімді пайдаланылуда. Бүгінде өңірлік Ассамблея этностық құрам өкілдерінен орыс, дүнген, түрік, өзбек, күрд, əзірбайжан, қырғыз, кәріс, татар, неміс, украин жəне тағы сол секілді 73 этномəдени бірлестіктің басын біріктіріп, жүйелі жұмыс атқаруда.

Достық үйінің тыныс-тіршілігімен танысқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты құшақ жая қарсы алған этномәдени бірлестік өкілдері Елбасымен ашық әңгіме-дүкен құрып, татулық пен тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндіктерінше үлес қосып келе жатқандарын тілге тиек етті.
— Этномәдени бірлестіктер қалада өтетін барлық мәдени-көпшілік һәм мерекелік шараларға белсене қатысады және қоғамдағы аса маңызды мәселелерге дер кезінде үн қатып отырады. Қандай шара өткізсек те, ол ең бастысы ел бірлігіне, Отанды сүюге, патриоттық рухты көтеруге, қазақ халқымен арадағы мызғымас достықты дәріптеуге арналады. Ұлтаралық бірлік, бұл — бәріміздің таңдауымыз, — деген өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахром Муминов елімізде қалыптасқан татулық пен тыныштық тікелей Елбасы саясатының жемісі екенін айрықша атап өтті.
Ал М.Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухаббат Тұрдиева Елбасымыздың латын әліпбиіне көшу туралы бастамасы жайында өз ойын білдіріп:
— Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті бір сессиясында Сіз «Сіздердің барлығыңыз мемлекеттік тілді меңгерсеңіздер, мен бақытты Президент болар едім. Одан артық бақыт жоқ» деген едіңіз. Сол басқосудан ерекше әсермен оралып, мен қазақ тілін меңгерудің жаңа жобасын жасап шықтым. Нәтижесінде «Тіл жанашыры» деген марапатқа ие болдым. Бұл — мен үшін үлкен мәртебе. Ал қазір латын қарпіне көшуге дайынмын, — деді.
Сондай-ақ, облыс жастары атынан сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Карина Карташова бала кезінен қазақы ортада өскендіктен, қазақ тілін еркін меңгергенін мақтанышпен жеткізді.
— Тек мен ғана емес, отбасымыздың барлық мүшелері қазақ тілінде еркін сөйлесе алады. Сонымен қатар, жастайымнан қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан көптеген салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарға қанығып өстім. Меніңше, еліміздің әрбір тұрғыны мемлекеттік тілді міндетті түрде меңгеруі тиіс деп есептеймін, — деді Карина Сергеевна.
Сөзінің соңында Карина Елбасымыздың бүгінгі таңда жастардың жан-жақты, жарасымды дамуы үшін барлық жағдайды жасап жатқандығын айтып, Тәуелсіз еліміздің болашағы баянды, келешегі кемел болуы үшін аянбай еңбек етуге уәдесін берді.
Кездесу барысында өзге де бірқатар этномәдени бірлестіктердің өкілдері сөз алып, татулық пен тұрақтылықты нығайтқан мемлекет басшысына шексіз ризашылықтарын білдірді.
Ал Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы құндылықтарының бірі екенін айта келе, мемлекеттік тілді латын əліпбиіне көшірудің маңыздылығына тоқталды.
— Мен сіздерге Өзбекстан мен Түркіменстанға сапарларымнан соң келіп отырмын. Біздің кездесулеріміз бен уағдаластықтарымыздың нәтижесінде осыған дейін орын алған кедергілердің барлығы да алынып тасталды. Бүгінде жақын көршілерімізбен тиімді ынтымақтасу үшін барлық жағдай жасалған.
Мен тұрақтылық пен халқымыздың бірлігі дамуымыздың кепілі болып саналатынын әрдайым айтып жүремін. Латын әліпбиіне өту мәселесін де дұрыс түсінген жөн. Тіл халқымызды одан әрі біріктіру үшін жетелеуге тиіс, — деген Елбасы келесі кезекте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының өзекті тұстарына тоқталды.
— Санамызды жаңғырту қоғам үшін қай кездегіден де өткір мәселе болып тұр. Ақпараттық-цифрлық заманда бір орында тұруға болмайды, бүгінгі талаптар мен жағдайға сәйкес жетіліп, өзгеріп отыру қажет. Адамдармен бірге бүкіл қоғам да бәсекеге қабілетті болуға тиіс, — деді мемлекет басшысы.
Еркін форматта өткен кездесуден кейін Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев этномәдени бірлестік өкілдерімен естелік суретке түсіп, Достық үйінің фойесіне қойылған ортағасырлық құнды жәдігерлермен танысты.

Жамбыл химия өнеркәсібінің орталығына айналуы тиіс

Мемлекет басшысы облыстағы жұмыс сапары кезінде Жамбыл ауданының аумағында орналасқан «КазУпакТрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытында болды. Серіктестік басшысы Нұрлан Алжанқұлов Елбасын гипс және гипсокартон өндіретін кәсіпорынның жұмысымен таныстырды. Өндіріс орны Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде іске қосылған. Жобаның құны — 1 725,0 миллион теңге. Жылдық қуаттылығы — 150 мың тонна. Кәсіпорында қазір барлығы 75 адам жұмыс істеуде. Кәсіпорын басшысы Нұрлан Лесбекұлының айтуынша, зауыт алты айдың ішінде 20 тонна құрылыс материалын өндіріпті. Қазірдің өзінде отандық өнімге Қырғызстан мемлекетінен де сұраныс түсіп жатқан көрінеді. Ал алдағы уақытта гипс өнімін Өзбекстан және өзге де елдерге экспорттау көзделуде.
Сондай-ақ, Президентке зауыт аумағында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған және алдағы уақытта жүзеге асатын жобалар да таныстырылды.
Жалпы, баянды бағдарламаның екінші бесжылдығында облыста жалпы құны 557,2 миллиард теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба жанданса, құрылыс жұмыстары кезеңінде 6500 және іске қосылу кезеңінде 5900 жаңа жұмыс орындарының ашылуы жоспарланып отыр.
Биылдың өзінде жалпы құны 17,3 миллиард теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылып, 1400 жаңа жұмыс орны ашылған. Оған қоса, өңір ресейлік «Еврохим» компаниясымен ауқымды инвестжобаны жүзеге асыруды жалғастыруда. Жобаның жалпы құны — 2,4 миллиард доллар. Ал зауыт жылына 1,4 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндіруге қабілетті. Аталмыш өндіріске ресейлік компания 230 миллион доллар инвестиция құйған. Жоба толығымен жүзеге асқан кезде 2500 жаңа жұмыс орны пайда болмақ.
Сонымен бірге, аймақта натрий цианидін өндіретін «TalasInvestmentCompany» зауыты іске қосылған. Өткен жылы кәсіпорын құны 1,5 миллиард теңге болатын 2,5 мың тонна натрий цианидін өндірді. Бүгінде тәулігіне 30-35 тонна өнім шығаруда.
Аймақта «Тараз химиялық паркі» еркін экономикалық аймағын құру бойынша да жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жобаға жалпы көлемі 274 миллиард теңге инвестиция салынып, алдағы уақытта 1300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
«ХИМплюс» компаниясы қытайлық инвесторлармен бірге глифосфат пен үшхлорлы фосфор, каучук содасы және хлор өндіретін химиялық кешеннің құрылысын қолға алды. Тиісті жұмыстарды келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Зауыт аумағында Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Ескендір Бейсембетов Қазақстанда құрастырылған электр-гибридті автобустарға арналған батареяларды шығаратын өндіріс орнын Таразда ашу жөніндегі жобасын ұсынды. Бұған дейін мұндай автобустар Алматы қаласында қытайлық компаниялармен біріге құрастырылып, алғашқылары Астана қаласында «ЭКСПО — 2017» көрмесі кезінде қолданысқа берілген. Міне, осы заманауи көлік енді Жамбыл жеріне де жетіп отыр.
— Бұл автобустардың сыйымдылығы 58 адамға шақталған. Жылдамдығы сағатына 70 шақырым. Батареялар 10-12 минуттық қуаттаудан кейін 70 шақырым жүре алады. Мұндай жаңа технология экологиялық таза жолаушылар көлігін пайдалануға жол ашпақ. Қазір Таразға бір көлігімізді әкеліп отырмыз. Келешекте арнайы парк ашып, шаһардағы барлық автобустарды жаңа үлгідегі көліктерге ауыстыру жоспарда бар, — дейді Ескендір Қалыбекұлы.
Жаңа жобалармен танысып шыққан Елбасы Жамбыл облысы қуатты индустриялық өңірге және еліміздің химия өнеркәсібінің орталығына айналуы тиіс екенін айрықша атап өтіп, «ҚазУпакТрейд» ЖШС жұмысшыларының еңбектеріне табыс тіледі.

Жаңа көпір жолды 14 шақырымға қысқартты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облысымызға жұмыс сапары барысында шаhардың Айша бибі көшесіндегі жол өткелінің құрылыс жұмыстарымен де танысты.
— Бүгінде Тараз қаласы тұрғындарының жалпы саны 369 мыңға жетіп отыр. Оның 100 мыңы қала аумағымен өтетін теміржол желісінің арғы бетінде тұрады. Бұған дейін қала орталығы мен теміржолдың арғы беті арасындағы көлік қатынасы Жібек жолы көшесінде орналасқан жалғыз жол өткелі арқылы жүргізіліп келген. Соңғы жылдары өткелдегі көлік қозғалысының жиілігі 2-3 есеге өсті. Оған қоса, Қырғыз Республикасының шекарасы «Айша бибі» кеден бекеті бағытынан қатынайтын көлік қозғалысының жиілігі тәулігіне 4-5 мың автокөлікке жеткен. Салдарынан теміржол өткелінің арғы бөлігіндегі тұрғындар үшін қаламен қарым-қатынас жасау қиындық орнатып келген-ді. Осы мәселенің шешімін табу үшін құрылысы өткен ғасырдың 90-жылдары басталып, аяқталмай қалған Айша бибі көшесінің аяғында орналасқан жол өткелін жаңғырту жобасы қолға алынды. Осы мақсатта былтыр республикалық бюджеттен 1 119,0 миллион теңге, биыл облыстық бюджеттен 709,1 миллион теңге бөлінді. Жол өткелінің құрылысын «Арайстроймаркет» ЖШС жүргізуде. Мердігер компания келісімшартқа сай бөлінген қаражатты толығымен игерді, — деді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов.
Тәулігіне 7 мыңға жуық көлік өткізу қабілетіне ие көпірдің пайдалануға берілуі орталық пен теміржол өткелі маңындағы тұрғын үй алқаптары арасындағы жолды 14 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді және қала орталығы мен қала маңындағы 12 елді мекен арасындағы көлік ағыны 40 пайызға төмендейді.
Сондай-ақ, Елбасы назарына облыс орталығы тұрғындарының үштен бір бөлігі тұратын аумақтағы халықтың игілігіне айналған көпірді жаңғырту жұмыстарынан бөлек өңірдің транзиттік әлеуетін көтеруге негіз боларлық жобалар да ұсынылды.
Жалпы, облыстың аумағынан ұзындығы 1237 шақырым болатын республикалық маңызы бар автомобиль жолы өтеді. Өңірде ұзындығы 495 шақырымды құрайтын «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзитті дәлізінің жұмыстары аяқталып, халықаралық автожолды жаңғырту жұмыстары кезінде 22 көпір, 15 жол өткелдері, 643 су өткізу құбыры, 11 көліктік жол айрығы салынды. Қазіргі таңда «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автожолымен тәулігіне 7 500 көлік қатынауда. Сол секілді облыс аумағындағы республикалық мәні бар «Меркі — Шу — Бурылбайтал» автожолына қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Атап айтқанда, «Меркі — Шу — Бурылбайтал» автомобиль жолын сапасына қарай І және ІІ санатты етіп қайта жаңғыртудан өткізу жоспарлануда. Жобаны іске асыру бойынша «Каздорпроект» ЖШС-мен әзірленген техникалық-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамаға ұсынылды.

Меже мен міндет

Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы сапары барысында «Арай Плаза» бизнес орталығында актив жиынын өткізді.
— Дәстүр бойынша өңірлерді аралап, елдің жағдайымен танысып отырамын. Бүгін жасалып жатқан шаруаларды көрдік. Облыстың өндірістік әлеуетін көтеру керек. Өндіріс өркендесе, экономиканың ауқымы көбейеді, бюджетке түсетін қаражаттың көлемі артады. Халықтың жағдайы жақсарады. Көріп отырмын, «Нұрлы жер» бағдарламасымен жаңадан ықшам аудандар салынып жатыр. Жол төселуде. Жамбыл облысының аумағымен «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» үлкен даңғылы өтіп жатыр. Теміржол тартылуда. Газ құбыры жүргізілуде. Бұрынғымен салыстырғанда айырмашылық жер мен көктей болды. Тараз қаласының ішіндегі машиналардың санына қарап-ақ халықтың әл-ауқатының көтерілгенін байқауға болады. Соның барлығы елдің тыныштығы мен ауызбіршілігінің арқасы. Әкімдіктер өз жұмысын атқарып жатыр. Бірақ істейтін шаруалар да көп, — деді Елбасы.
Жүздесуде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірде сегіз айда атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Кәрім Нәсбекұлы ең алдымен арнайы уақыт бөліп, киелі Жамбыл жеріне келгені үшін Елбасына барлық жамбылдықтар атынан шын жүректен ризашылығын білдірді.
— Кезінде өзіңіздің «Тараз — тарихымыздың темірқазығы» деп айтқан сөзіңіз өңірдің қазақ халқының тарихындағы рөлін дәл айқындап берді.
Қазіргі таңда біздің облыс «100 нақты қадам: Ұлт жоспары» мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауыңызды іске асыру жолында қажырлы еңбек етуде.
Үстіміздегі жылдың 8 айында облыс экономикасының барлық саласында оң динамика байқалуда.
Жалпы, өңірлік өнім бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 0,5 пайызға артып, 231 миллиард теңгені құрады. Инвестиция көлемі 0,9 пайызға артты, — деді облыс басшысы. Кәрім Нәсбекұлы өз сөзінде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Бизнестің жол картасы — 2020», тағы да басқа мемлекеттік бағдарламалардың облыста табысты жүзеге асып жатқандығын тілге тиек етті. Ауыл шаруашылығы саласында да ілгерілеушілік бар екенін айтты.
— Ауылшаруашылық саласы жылдан-жылға даму үстінде. Биыл 104,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, көлемі 2,6 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы дақылдары 630 мың гектарға орналастырылды.
Біз Аграрлық университеттің ғалымдарымен бірлесе отырып, бидай тұқымының сортын ауыстырып, жаңа технология енгіздік. Нәтижесінде, соңғы екі жыл қатарынан әр гектардан 24-25 центнер дәнді дақылдар алдық.
Жалпы өнім көлемі екі есе артып, 1 миллион 200 мың тонна астық жиналды. Бұл — облыста бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Қазір біз басым дақылдар: қант қызылшасы, жүгері, мақсары, соя алқаптарын ұлғайту жұмыстарын жүргізудеміз. Биыл қант қызылшасы алқабын 9,5 мың гектарға жеткіздік. Өткен жылы 5 мың гектар жерден 116 мың тонна қызылша жиналып, орташа өнімділігі 232 центнерді құрады. Биыл 180 мың тонна өнім жинап, одан 18 мың тонна қант шығару жоспарлануда.
Облыста мал басы да өсуде. Біздің өз-өзімізді етпен қамтамасыз етуге және экспортқа шығаруға жағдайымыз бар. Сондықтан ет өнімдерін қайта өңдейтін «Меркі ет», «Оңтүстік Халал Тағамдары» және «Әулие Ата Феникс» құс фабрикасы сияқты ірі кәсіпорындар іске қосылды.
Өткен жылы шет мемлекеттерге 451 тонна ет экспортталды. Биыл оны 700 тоннаға жеткізбекпіз.
Ет кластерін дамыту үшін Мойынқұм, Меркі аудандарында ресейлік «Агрофирма Түрікпен» және малайзиялық «Агростан Фермс» серіктестіктері әрқайсысы 3 мыңнан 5 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылайтын кешендер соғуда.
Облыста 151 ауылшаруашылық кооперативі құрылды. Онда 540 жұмыс орны ашылды.
Бір ғана «Меркі сүт зауыты» төңірегінде 42 кооператив құрылып, біріншіден, халықтың сүт өткізуіне барлық жағдай жасалды. Екіншіден, зауыттың жүктемесі 30 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайды. Халық тарапынан бұл өте жақсы қолдау тауып отыр, — деді К.Көкірекбаев.
Облыс басшысы әлеуметтік салада «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» ерекше назарда тұрғанын айтты. Бағдарламаны жүзеге асыруға үстіміздегі жылы 9 миллиард 871 миллион теңге бөлінген. Бұл 14 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.
Білім беру саласында да оң істер жетерлік. Биыл 14 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 4-уі жаңа оқу жылында пайдалануға берілді.
Өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің даму қарқыны бар. 2010 жылы облыста тек 2 жекеменшік балабақша жұмыс істесе, биыл оның саны 94-ке жетті. Онда 8 мың 400-ден аса бала қамтылды.
Соңғы үш-төрт жылда Таразда 2 жекеменшік кардиохирургиялық орталық ашылды. Олардың әрқайсысында жылына 1 мыңға жуық ота жасалуда. «Атлетик» спорт кешені 2 миллиард теңге жеке инвестиция есебінен соғылды. Сондай-ақ, Шу қаласында жерлесіміз Юрий Андреевич Цхайдың бастамасымен 470 миллион теңгеге «Тарлан» спорт кешені іске қосылды.
Осындай 4 нысан «Казфосфат», «Еврохим-Каратау» компаниялары және жеке кәсіпкерлердің қолдауымен соғылып, спорт саласына 5 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынды. Бұның барлығы да «Туған жерге тағзым» жобасы аясында атқарылуда.
Облыс әкімі К.Көкірекбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын міндеттерге де тоқталды.
— Құрметті Елбасы! Өзіңіз айқындап берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізге жаңа міндеттер жүктеп отыр.
Жамбыл облысының тұрғындары Сіздің бастамаңызды толығымен қолдап, оны жүзеге асыруға белсенді атсалысуда. Өңірлік комиссия құрылды. Жобалық офис, Сараптамалық кеңес жұмыс жүргізуде. Бағдарламаны іске асырудың нақты іс-шаралар жоспары әзірленді. Бүгінгі күнге өңірлік Жобалық офиспен «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» кіші бағдарламалар бойынша 73 жоба енгізілді. «Руханият» орталығы ашылып, 8 жаңа өлкетану маршруты жасалды, оған 34 мың оқушы мен студент тартылды. Барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылы «Рухани жаңғыру» тақырыбымен басталды. Бүгінде 7 киелі орын анықталды. Енді оларды насихаттау жұмысын қолға алудамыз. Облыстың тарихы, мәдениеті мен киелі орындары туралы 11 сериалық деректі фильм түсірілді. «Жамбыл облысының өнері мен қолшеберлігінің энциклопедиясы» шығарылды. Ағымдағы жылы Бектөбе, Тамды, Саудакент ортағасырлық қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Ақыртас қалашығының туристік инфрақұрылымы кеңейтілді. Осындай инфрақұрылым 6 нысанға жүргізілетін болады.
Алдағы үш жылда 107 мәдениет нысандары жөнделіп, материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Сондай-ақ, әр ауданда меценаттар клубы құрылуда. Өңір кәсіпкерлері өз бастамасымен 1,5 миллиард теңгенің әлеуметтік жобаларын ұсынбақ, — деді К.Көкірекбаев.
Кездесуде Елбасы өңірдің химия өнеркәсібін дамыту саласындағы әлеуеті зор екенін айтып, индустриялық және инфрақұрылымдық бағдарламаларды тиімді іске асырудың маңыздылығына тоқталды.
— Химия саласы облыстың бүкіл өнеркәсіп өндірісінің 20 пайыздан астамын құрайды. Индустрияландыру бағдарламасы арқылы өңірде 53 жоба іске асырылды. Осы мақсатпен 158 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 7 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.
«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық автожолы салынды. Қаратау мен Жаңатас қалаларына едәуір қолдау көрсетілді.
Жалпы, жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламалар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы шешімін таппай тұрған бірқатар мәселелерге тоқталды.
— Өңірдің әлеуметтік даму көрсеткіштері төмен. Жалпы, облыстың өнеркәсіптік әлеуеті де толықтай ашылмай отыр. «Жібек жолы» экономикалық белдеуін дамыту барысында 5 жобаны іске асыру көзделген. Бірақ бүгінгі күнге дейін бірде-бір жоба іске қосылмаған, — деді мемлекет басшысы.
Елбасы жиынға қатысушылардың назарын облыс тұрғындарын өнімді жұмыспен қамту мәселесінің шешілмей отырғанына аударды.
— Өзін-өзі жұмыспен қамту өзекті мәселеге айналды. Бүгінде экономикалық тұрғыдан белсенді 523 мың адамның 44,6 пайызы — өзін-өзі қамтығандар. Бұл — республика бойынша ең төмен көрсеткіш. Өзін-өзі қамтығандарға келсек, олар барлық елдерде бар. Мәселе бұл адамдардың, біріншіден, өнімді жұмыспен қамтылуында, екіншіден, ашық, заңды түрде жұмыс істеуінде, — деді Президент. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы шағын және орта бизнеске арналған инфрақұрылым дамуының жеткіліксіз екенін айтты.
— Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылған халықтың небәрі 24 пайызы жұмыс істейді. Бизнеспен айналысу жағдайларын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Болашақ ірі кәсіпорындардың емес, шағын және орта бизнестің қолында. Нарықтың сын-тегеуріндерін бірден байқап, жедел қайта мамандануға бейім тұратыны да осы шағын және орта бизнес, — деді мемлекет басшысы. Елбасы аграрлық саланың әлеуеті жеткілікті түрде тиімді пайдаланылмай отырғанын атап өтті.
— Аграрлық сектор экономиканың және шикізаттық емес экспортты өсіру драйвері болуға тиіс екенін айтқанмын. Облыста бұл саладағы еңбек өнімділігінің көрсеткіші төменгілердің бірі болып отыр. Ал осындай көрсеткіш Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында едәуір жоғары. Облыста жер учаскелерінің көп бөлігі тиімді пайдаланылмай келеді. Оларды отбасылық ферма ретінде пайдалану үшін тиісті жұмыстар жүргізу қажет, — деді Н.Ә.Назарбаев.
Содан соң Елбасы қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ауқымды бағдарламаны сапалы іске асыру қажеттігіне тоқталып, оның Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңыздылығын атап өтті.
Жүздесуде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облыс тұрғындарымен емен-жарқын пікірлесіп, ойларын тыңдады.
Өз кезегінде халық мемлекет басшысына ыстық ықыластарын жеткізді. Президент тұрғындардың барлығын ыждаһаттылықпен тыңдап, әрбір пікірді парасатты пайымдарымен толықтырып отырды. Кездесу соңында Нұрсұлтан Әбішұлы жиынға қатысушылардың барлығына жақсылық, бақ-береке мен сәттілік тіледі.
Саятхан Сатылғанов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз