Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бірінші кезекте «ЕуроКристалл» өндірістік ғимаратында болып, онда шыны ыдыс шығарудың технологиялық процесімен және дайын өнім түрлерімен танысты. «ЕуроКристалл» ЖШС — өңірдегі шыны құтылар мен бөтелкелер шығаратын алғашқы зауыт. Зауыт жылына 60 млн дана өнімін тек ішкі нарыққа ғана жеткізеді. Бұдан кейін, ҚР Премьер-Министрі керамикалық гранит шығаратын «Зерде Керамика» ЖШС кәсіпорнында болды. Бұл Қазақстандағы керамикалық гранит өндіретін жалғыз зауыт. Ол ел қажеттілігінің жалпы көлемінің 40%-ын толықтырады. Зауыт өнімдерінің бір бөлігін шекаралас елдерге экспорттайды. 2010 жылдан бастап қызмет көрсететін «Оңтүстік» индустриалды аймағында жалпы сомасы 55,8 млрд теңгеге, 5 000 жұмыс орны ашылатын 85 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда 21,4 млрд теңге сомасында, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылған 46 жоба жүзеге асырылған. Бұдан кейін Бас уәзір Шымкент мұнай өңдеу зауытында болып, зауытты жаңғыртудың бірінші кезеңінің нәтижелерімен танысты. Қазіргі таңда Шымкент МӨЗ үш қазақстандық МӨЗ шығаратын мұнай өнімдерінің жалпы көлемінің 30%-ын өндіреді. МӨЗ қуаттылығы 5,25 млн тоннаны, немесе жылына шамамен 40,65 млн баррель мұнайды құрайды. Сондай-ақ, Б.Сағынтаев «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесу өткізіп, онда өңірде шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері қаралды. Кеңес барысында оған қатысушылар мемлекеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыру, Шымкент қаласында халықаралық әуежайдың жаңа жолаушылар терминалын жаңғырту және салу, сумен қамту жүйесін қалпына келтіру, өсімдік шаруашылығын субсидиялау, отандық тауарларды экспорттау кезінде кездесетін кедергілерді алып тастау, АӨК-ні жеңілдікті несиелендіру, облыстың экономика салаларын цифрландыруға қатысуы, жаңа экспорт саясатын әзірлеу мәселелерін талқылады. Кездесуді қорытындылай келе, Бас уәзір Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауына сәйкес, кәсіпкерлікті дамыту елімізде экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру кезіндегі басты бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз