Белгілі саясаткер Айдос Сарым: «Егер ұлтымыздың болашағын баянды қыламыз, көкжиегін ашамыз, білім-ағарту саласының мерейін арттырамыз, бақ қондырамыз дейтін болсақ, кем дегенде бірнеше мәселені ашық, анық айтып, талқылау — борышымыз һәм міндетіміз. Бірінші мәселе — саяси феодализмнен арылу. Біздің білім саласының ақсауының басты себебінің бірі – биліктің білім саласын тек саяси-әлеуметтік құрал, саяси науқандарды өткізуге қажетті тетік ретінде қарауында. Кеңес заманынан бері билік мұғалімдерді үгітші-насихатшы, ұйымдастырушы, сайлауды өткізуші, газетке күштеп жаздырушы, билет сатып алушы, тағысын тағы ретінде ғана қарап келеді. Бүгінде мұғалім атаулы ұстаз, тұлға емес, мектеп директорының айтқанынан шыға алмайтын феодалдық заман кезіндегі тәуменді тап, кәдімгі құл дәрежесінде қалып келеді. Оларды содан құтқару керек. Екінші мәселе — ұстаздарды әлеуметтік тәуменділіктен құтқару. Егер дамыған, дамушы елдердегі дәрігер мен мұғалімдердің жалақыларын біздің елдегі әріптестерінің жалақыларымен салыстырар болсақ, ұятты болатынымыз анық. Жалақысы жоғары, болашағына, зейнетіне сенімді полицей, әскер, мұғалім, дәрігер жемқорлыққа салынбайды, атын-абыройын саудаға салмайды, қызметін адал атқаруға тырысады. Ендеше, ең алдымен мұғалімнің әлеуметтік жағдайын жақсарту қажет. Үшінші мәселе. — институционалдық реформалар. Бүгінгі күні еліміздегі білім-ғылым атаулы бір министрлікке бағынады. Осы себепті де біздегі реформалардың кешенді, үздіксіз, сапалы жүргізілуі екіталай дүние. Тіпті ең керемет, ең ғажап маманды, кіршіксіз таза азаматты министр қылып қойсақ та, оның белгілі бір уақыттан кейін осы салалардың ішіндегі топтардың бірінің құрығына түсіп, солардың сойылын соғып кетуі заңды құбылыс. Бүгінгі кез келген білім министрі өзіне «шахид белдігін» таққан жанкешті. Себебі, бірі болмаса, бірі жарылатыны анық. Осыдан құтылудың бірден-бір жолы – білім және ғылым министрлігін кем дегенде үшке бөлу. Мәселен, дұрысы: тек қана балабақша, мектеп, лицей, училище мәселесімен ғана айналысатын ағарту және кәсіптік білім министрлігі; ғылым, ғылым институттарымен қарым-қатынас орнататын, олардың жаңалықтарын нарыққа бейімдейтін ғылым және инновация министрлігі (агенттігі) және де тек жоғары оқу орындарымен айналысатын, оларға грант бөлетін, білім сапасын тексеретін жоғары білім саласын лицензиялау және білім сапасын тексеру агенттігі етіп бөлгеніміз абзал. Осылай бағыт-бағдарды анықтағаннан кейін осы салаларда жүргізілген реформаларға тиісті қоғамдық ревизия жасалып, оның болашақ бағыттары айқындалуы тиіс. Қысқасы, осы үш мәселені ашық, анық айтпай, нақты кешенді шешімдерге келмей, білім саласын реформалау мүмкін емес»,— дейді. Өте дұрыс ұсыныс.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз