ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованы қабылдады. Кездесуде Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысына жалпыұлттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ел өңірлерінде жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндап, Президент жанындағы өзі басшылық ететін комиссиялардың биылғы 9 айдағы жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы мемхатшыға бірқатар нақты тапсырма берді.

Мұғалімдерді ғаламтор арқылы бақыламақ

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Үкімет отырысында: «Бүгінде мектеп мұғалімдері үшін 80 мың бейнефильмдер мен интерактивті сабақтар бар. Биыл аталған цифрлық материалды 7 082 білім беру ұйымы, яғни барлық мектептер пайдалануға кірісті. Оны онлайн және оффлайн режимде алуға болады. Бейнематериалдар мектеп серверінде де сақталады. Мұғалім оны кез келген уақытта алып, сабақты сапалы түрде беру үшін пайдалана алады. Сонда қосымша материал іздеудің қажеті жоқ. Қазіргі кезде 440 мұғалім ортақ жүйеге қосылды. Енді, біз кім, қанша, қандай мектеп пен сабақ бойынша бейнематериалдарды пайдаланып жатқанын көре аламыз. Бейнефильмдер мен интерактивті сабақтар жүйесінде 200 мыңға жуық оқушы тіркелді. Әрине, әзірше оқушылардың саны аздау. Биыл мобильді телефондар арқылы бейнесабақтарды көру көрсеткіші 28 пайызға көтерілді. Балалар математика, информатика мен ағылшын тіліне арналған интерактивті сабақтарды өз бетімен көріп жүр, бізді қуантатыны да осы»,— деді.

Ақорданың баспасөз қызметі: «Нұрсұлтан Назарбаев Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановты қабылдады. Мемлекет басшысына Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы қызметі туралы мәлімделіп, бірқатар халықаралық іс-шараларды өткізу қорытындысы жөнінде есеп берілді. Сыртқы істер министрі Елбасына БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясына қатысуының нәтижелері жөнінде баяндап, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуіміздің негізгі басымдықтары туралы айтты. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрі Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіндегі ынтымақтастығының негізгі бағыттарына тоқталып, осы ұйымға мүше елдердің барлығы Қазақстан Президентінің Сириядағы қақтығысты реттеуге бағытталған бітімгерлік бастамасына оң баға беріп отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек, Қайрат Әбдірахманов Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдерінің сыртқы істер министрлері биылғы қыркүйекте Астанада өткен осы ұйымның ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінің нәтижелерін жоғары бағалайтынын ерекше атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы министрге бірқатар нақты тапсырма берді», — деп хабарлайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз