Кешегі аптада Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев өңірдегі жұмыспен қамту, туризм және кәсіпкерлік, сондай-ақ еңбек ресурстары салаларындағы тыныс-тіршілігімен кеңінен танысып, бірқатар нысандарды аралады. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Үкімет басшысын стратегиялық маңызы зор нысандардың бірі — «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-іне бастап алып барып, арнайы делегация ондағы жаңғырту және қайта құрастыру жобасының іске асу барысымен танысты.

Түсінікті болу үшін айта кеткен жөн, Шымкент мұнай өңдеу зауыты биылғы жылдың маусымынан бастап жаңғырту жұмыстарының 1-ші кезеңінің мақсатына сәйкес К-4, К-5 экологиялық кластағы жоғары октанды бензин шығаруды қолға алған болатын. Бұл — Кеден одағының техникалық регламентінің талабы. Бұйыртса, зауыттағы жаңғыру жұмыстарының 2-ші кезеңі келесі жылдың қыркүйегінде аяқталады деп жоспарлануда. Жоспар толығымен орындалған жағдайда жоғары октанды бензин өндіру көлемі жылына 652-ден 2 270 мың тоннаға дейін, дизель отыны — 1 192-ден 1 916 мың тоннаға дейін, авиаотын 254 -тен 400 мың тоннаға дейін өседі деп күтілуде. Зауытта жоғары октанды автобензиндерді өндіру үлесі 100 пайызды құрайтын болады. Зауытқа арнайы келген Үкімет басшысының алдында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС басшылығы жобаның екінші кезеңі аясында қуаты жылына 2 миллион тонна болатын мазутты және вакуумдық газойлды өңдеуге арналған RFCC каталитикалық крекинг кешеніндегі жұмыс барысы туралы баяндады. Премьер-министр зауыттағы қайта құрылымдау жұмыстарын уақтылы аяқтауға және Қазақстан нарығын жоғары сападағы моторлық отындармен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

«Оңтүстік» индустриалды аймағында 5000 жұмыс орны ашылған

Бүгінде ел экономикасын көтеріп, халықты жұмыспен қамтуда индустриалды аймақтардың ролі орасан болып тұрғанын жоққа шығара алмаймыз. Үкімет басшысы осы сапар барысында аталған аймақтардың да жұмысын өз көзімен көріп қайтты. Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындарды аралаған Премьер алғаш шыны бұйымдар шығаратын «Еврокристалл» зауытындағы өндірістік процесс пен дайын өнім түрлерімен танысты. Бұл кәсіпорында түрлі қалыпта, сыйымдылығы 200 миллилитрден 3 литрге дейінгі түссіз және жасыл түсті бөтелкелер мен құтылар әзірленеді. Бүгінде өнімдері облыс тұтынушыларынан бөлек Қазақстанның барлық аймақтары мен көрші Қырғызстаннан да тапсырыстар түсіп жатыр. Жылына 200 миллион дана шыны құты шығаруға қауқарлы кәсіпорында 350 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын басшысы Рустам Суховтың айтуынша, бүгінде зауыт жұмысының 95 пайызы автоматтандырылған. Бүгінде зауыт жұмыс iстеу аясын кеңейтiп, көмiрқышқыл газын өндiрудi де қолға алыпты.
Бақытжан Сағынтаев бастаған делегация-ның келесі кезекте көрген кәсіпорны «Зерде-Керамика» керамогранит өндірумен айналысады. Итальяндық автоматтандырылған жүйе бойынша жұмыс істейтін зауыттың өніміне де сұраныс өте жоғары. Қазіргі кезде өндіріліп жатқан 2 миллион шаршы метр өнімнің 70 пайызы ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырса, қалған 30 пайызы шетел асады. Жаңғыру жолына түскен кәсіпорын осы жылдың соңына дейін өндірістің екінші желісін іске қосып, өнім көлемін екі жарым есеге дейін арттырып, 4,5 миллион шаршы метрге дейін жеткізуді көздеп отыр. Пайдаланып отырған шикізаттың 60 пайызы жергілікті болса, қалғанын шет мемлекеттерден жеткізеді. Қазірдің өзінде мұнда 140 адам жұмыспен қамтылып, осынша отбасының нәпақасы табылып тұр. Екінші желі іске қосылған жағдайда жұмысшылар саны бұдан да артатыны айтпаса да түсінікті. Ал бұл меженің де орындалу уақыты жақындап қалды.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында жалпы сомасы 55,8 миллиард теңге болатын 85 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде бес мың жұмыс орны ашылған.
Үкімет басшысының Оңтүстікке сапары барысында құлағдар болған жағымды жаңалықтарының бірі қазан айынан бастап бірыңғай Call-орталығымен планшет арқылы байланыспен жабдықталған 74 бірлік санитарлық автокөліктің жұмысын бастайтындығы болды. Бұл жедел медициналық көмек қызметін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында жүзеге асырылуда. Аталған жаңа жүйе әрбір медициналық көмек бригадасына науқасқа жету уақытында онлайн режимде пациент туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы қаладағы №4 облыстық перинаталды орталығында болған Бақытжан Сағынтаев бастаған жұмысшы топ алдында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев мәлім етті. Басқарма басшысының айтуынша, облыста кешенді медициналық ақпараттық жүйені іске асыру үшін компьютерлік техниканың 8582 бірлігі сатып алыныпты. Жылдың соңына дейін облыстың барлық медициналық ұйымдары компьютермен 100 пайыз жабдықталатын болады. Бұл бірыңғай сервер медициналық ұйымдарды пациент туралы электрондық ақпарат алмасуға мүмкіндік ашады.
Биыл, сондай-ақ, облысымызда модульдік, яғни құрамалы медициналық пункттерді сатып алу жобасы іске қосылып, жыл соңына дейін 20 модульдік медициналық пункттер ел игілігіне берілмек. Осындай бір пункттің құны жергілікті бюджет үшін құрылыс салуға қарағанда екі есе арзанға түседі. Мәселен, құрылыс жүргізуге 2 жылдай уақыт кететін болса, модульдік медициналық бектерді 2 ай ішінде құрастырып, тұрғызуға мүмкіндік бар. 2018 жылы облысымызда дәл осындай құрамалы медициналық пункттердің саны 67-ге жеткізілмек. Аталған жоба толық іске асса, облыстың медициналық пункттерге деген қажеттілігін қысқа мерзімде толығымен өтеуге мүмкіндік бар. Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы осы қызметке келгелі медицина саласы дамыған шет мемлекеттерге тәжірибе алмасу мақсатында бірнеше рет дәрігерлердің барып-қайтуына жағдай жасады. Осы секілді жұмыстардың арқасында облыстағы медицина саласындағы сапаның артуы байқалады. Мәселен, облыста ана өлім–жітімінің көрсеткіші ағымдағы жылдың 8 айында 44 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші соңғы 5 жыл ішінде серпінді түрде төмендеумен келеді.

Оңтүстіктен солтүстікке көшіп барғандарға жер беру, жұмыспен, баспанамен қамту
аса маңызды

Өндіріс орындарын аралап, елдің тыныс-тіршілігімен танысқан Үкімет басшысы қасиетті жұма күні Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында мәжіліс өткізді. Оған еліміздің бірқатар министрлері мен солтүстік облыстары әкімдерінің орынбасарлары, аудан-қала әкімдері, басқарма басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Премьер-министр мәжіліске қатысушыларға өңірдің бірқатар өндіріс орындарын аралып, халықты жұмыспен қамту, көші-қон мәселесіне айрықша тоқталып өтті.
— Оңтүстік өңірінің халқы іскер, оларды үйретудің қажеті жоқ. Тек қана жұмыстың жобасын көрсетсең, өздері алып кетеді. Облыстың өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоғары. Бау-бақшаны дамыту саласы бойынша да шаруаны алға қарай алып кете алады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін беріліп жатқан көмектер жеткілікті ма, қосымша заңдарды қайта қарастырып, сол арқылы көмек қажет па, сол жағын қарастыруымыз керек», — деді Бақытжан Сағынтаев.
Премьер-министр ішкі еңбек нарығын реттеу мәселесіне орай оңтүстіктен солтүстік аймаққа көшу жағдайына айрықша тоқталып, көшіп барған азаматтарға жер беру, оларды тұрақты жұмыспен, баспанамен қамту қажеттігін атап өтті. Әсіресе, іскерлік қабілеті жоғары шаруалар мен кәсіпкерлерді жіберу қажеттігін қадап тұрып айтты.
Жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев туризм және кәсіпкерлік салаларында атқарылған жұмыстар жайын жан-жақты баяндады. «Облысымызда индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы сәтті жүргізілуде. Бағдарлама аясында жалпы 208 миллиард теңгеге 162 жоба іске асырылып, 9,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2017 жылы 5 жоба іске қосылып, 2,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда іске қосылған жобалардың 94 пайызы жоспарлық қуаттылықты игеріп, 71 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Елбасының ауыл шаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесінде өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,9 пайызға артып, 257,4 миллиард теңгені құрады. Қазіргі кезде облыста қолайлы бизнес климатты қалыптастыру және кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін барынша жағдай жасалуда», — деді Ж.Түймебаев.
Аграрлы есептелетін облыста осы саладағы жұмыстар жылдан-жылға қарқын алып келеді. Облыста «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін 158 кооперативтің ашылғаны осы сөзіміздің бір ғана дәлелі. Ауыл шаруашылығы саласына бағытталған инвестиция көлемі 21,8 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,5 есеге артқан. Биыл Шымкент механикалық зауытының базасында модульдік сүт қабылдау бекеттерін жинау өндірісі басталып, бүгінгі таңда 15 модульдік сүт қабылдау бекеті кооперативтерге қосымша кепілсіз және алдын ала төлемсіз несиеге берілді. Жиын барысында туризм саласындағы жетістіктер де тілге тиек етілді. Облыста туристік нысандар саны 195 бірлікті құрап, тиісінше 31 пайызға өскен. Мұнда көрсетілген қызмет көлемі 1,7 миллиард теңгені құрап, 43 пайызға артқан. Биыл облысымызға 128 мың турист келіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 55,3 пайызға көбейген.
Мәжілістің «Көрме» орталығында өтуінің де өзіндік себебі бар. Мәжілістен соң Үкімет басшысы орталықта арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Онда 69 кәсіпкерлер текстиль, тағам өнеркәсібі, құрылыс және машина жасау саласындағы, дәрілік препараттар, медициналық құралдар, құрылыс тауарлары мен азық-түлік өнімдерін ұсынды.
Қазақта «жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» деген жақсы сөз бар. Сол айтқандай, оңтүстіктің әлеуетін өз көзімен көрген Бақытжан Сағынтаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын беріп, бастау алған бастамалардың барлығын да соңына дейін сапалы етіп жеткізуді тапсырды. Еліміздегі ең өзекті мәселе — жұмыспен қамту мен кәсіпкерлік саласындағы іс-әрекеттерді бір сәтке де саябырсытуға болмайтынын айтып өтті.

Дайындаған — Шадияр Молдабек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз