* Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев: «Біздің ата-бабаларымыз «қазақ пен қырғыз бір туған» деп, екі халықтың достығына ерекше мән берген. Біз осынау ғасырлар бойы қалыптасқан достықты, туыстықты қадірлеуіміз керек. Сайлау науқаны өтеді, кетеді. Алайда ол бауырлас екі елдің арасына жік түсірмеуі керек», — деді.

* Астанадағы «Қазмедиа» орталығында ашылған Өңірлік БАҚ форумында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдраxманов: «Қазіргі кезде қазақ тіліндегі сайттардың бірқатарында ұлттың бірлігіне қауіп төндіретін, жекелеген өңірлерге, жекелеген тайпаларға, жекелеген руларға тіл тигізетін, күлкіге айналдыратын мәселелер дендеп бара жатыр. Бұл жақсылықтың басы емес. Сондықтан, бүгіндері өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары ұлт пен xалық бірлігі мәселесіне ерекше көңіл бөлуі керек»,— деп ескертті.

* Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов: «ОҚО-да жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде 241 мың га жердің пайдаланылмай жатқаны анықталды.  Есепті кезеңде 63,8 мың гектар жер аудан, қала әкімдігі тарапынан мемлекет меншігіне қайтарылды»,— деген ақпармен бөлісті.

*Жаңа Салық кодексінің жобасы бойынша патентпен жұмыс жасайтын кәсіпкерлерге арнайы салық режимін  жасау көзделген. Мұндай кәсіпкерлерге салынатын салық  2%-дан 1%-ға азайды. Сондай-ақ, жаңа заңнама бойынша талап қою мерзімі 3 жылдан асқан жағдайда салықтық қудалауды тоқтату, 30 адамға жұмыс беріп отырған немесе жартыжылдық айналымы 2044 АЕК аспайтын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салықтық режим жасау ұсынылды.

* Семейдегі «Өндіріс» индустриалды аумағында ирандық инвесторлар қаржысына заманауи кәсіпорын бой көтермек. Зауыт іске қосылғаннан кейін онда ұсақ және ірі қара малдың еті өңделіп, ет консервілері мен шұжық өнімдері шығарылатын болады.

* Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Ілияс Өсеров: «Жастарға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы тұрғын үй сатып алу үшін жылына 5 пайыз мөлшерінде жеңілдетілген несие беріледі. Осы мақсаттар үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр»,— дейді.

*ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов: «Мемлекет тарапынан берілетін баспана кезегінде 450 мың қазақстандық, 10 сотық жер алу үшін 1 миллион 300 мың адам кезекте тұр. 450 мың адамның 25-30 пайызы мемлекет қаржыландыратын тұлғалар, мемлекеттік қызметкерлер — дәрігер, мұғалімдер. Тағы 25-30 пайызы әлеуметтік әлсіз топтар — мүгедектігі бар жандар, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар»,— деген ақпар берді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз