Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқұл Әділбаев: «Былтыр қарашада Каспий теңізінде Ресейдің «Аракс» атты алып кеме танкері қайраңға тұрып қалған. Сол кезде экипаж мүшелері танкерді тастап, кетіп қалды. Ал, теңіз кемесінің иелері өз техникасын құтқаруға құлық танытпады. Тіпті, біздің шенділер жолдаған хаттарды жауапсыз қалдырды. Амалсыз, ақтаулық атқамінерлер резервтік бюджеттен қаржы бөлуге мәжбүр болды. 39 миллион теңге тендерге салынып, жұмысты жекеменшік компания мойнына алған. Себебі, улы зат толы алып техниканың кез келген сәтте жарылып, экологиялық апатқа душар етуі мүмкін еді. Сондықтан, оны залалсыздандыруды біз амалсыз қолға алдық. Танкердегі қара алтын су бетіне жайылып кеткенде, 2 миллиард теңге жұмсауға тура келер еді»,— дейді. Ақтаулық табиғат жанашырларының көңілі бүгін ғана жай тапты. Өйткені, сағызша созылған танкерді улы заттан арылту жұмысы ақыры басталды. «Батыс Мұнай Транс» ЖШС қаржы директоры Айболат Асанғалиев.: «Ауа-райы жақсы болса, тазарту жұмыстарын 2 аптада бітіріп береміз деп тұрмыз.. Теңізді бүлдіретін заттар теңізге түспейді. Қолымыздан келгенін жасаймыз», — дейді. Компания танкердегі 130 тонна өңделген май мен 3 мың тонна мұнай қалдығын өздеріне тиесілі кеменің көмегімен шығармақ. Бір күннің өзінде оған тиелген затты 200 тоннаға азайтамыз деп сендіріп отыр. Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы Абай Сафин: «Су сынамасын алдық. Оған мұнайдың төгілмегеніне көзіміз жетті. Алайда, маусымда ауада метанның көбейіп кеткені анықталды. Мұндай бақылауды 2 апта бұрын тағы жүргіздік. Әйтеуір, бәрі қалыпты болып шықты»,— дейді.   Тазалау жұмысы біткеннен кейін, қалдықтар Ақтау порты арқылы утилизацияға жіберілмек. Ал, мұнай тасымалдайтын кеменің алдағы тағдырын арнайы комиссия шешеді. Айта кетсек, бұл Каспиде тұралаған бірінші танкер емес. 2 жыл бұрын дәл осылай Иранның кемесі қайраңдап қалған. Әйтеуір, одан төнген қауіп дер кезінде жойылған-ды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз