Ашығын айту керек, біздің елде халықпен санаспақ түгілі,
оларды ақыры «тобыр» көретін түсінікке жеттік. Қалай дейсіз бе?

Бүкіл телеарналардағы бағдарламалардың 70 пайызы шоуға айналды. Себебі арналардың басшылары мен редактор, продюсерлері үшін халыққа тәрбие беретін дүние емес, сол арнаның рейтинг кестесін ұстап тұру керек болды. Сөйтіп келді де, не жасаса да, қандай сценарий жазса да арасына тұздық ретінде шоу қосып, әзәзіл бірдеңе қылып жіберді.

Бұлай жасауға не себеп дБұлай жасауға не себеп десеңіз, «халыққа керегі шоу», «халыққа керегі өсек» дейді. Жә, сонда халыққа керегі шоу мен өсек екен деп, сол жолда жанталасуға бола ма?! Шама келсе, ішкі жан дүниенің арын сақтай отырып, рейтинг құлап кетсе де, миллионның мыңын адам қатарына қосатын ерекше әрі қарапайым сюжеттер мен бағдарламалар жасауға болады ғой. Бізде ондай бағдарламалар бар, бірақ халық қарамайды. Неге? Себебі іш пыстырады. Себебі онда шоу жоқ. Айналып келгенде, журналистің әлсіздігі. Әрі бар нәрі жоқ сұрақтар мен жаттанды әңгімелер. Оны кім көреді?
Ал кеше ғана шоу жасап шуға айналған «Қалаулым» бағдарламасын қараңыз. «Көрмедім» дейтін қазақ аз. Ерегес, шу, айғай, аузына келгенін айтатын көрермендер мен қатысушылар. Бізге Малаховтың сценарийі мен «Пусть говорят» керек емес. Ең қызығы, сол жасанды көріністі көгілдір экранға жіберетін кезде арна басшылары мен редакторлары жиылып талқыламай ма? «Ұят болады ғой» — деп ешкім айтпай ма?
Бірнеше күн бұрын «ойбай, «Ұлттық арнада» мегажоба, саясатты сойып айтатын бағдарлама шығады» деп шу ете түсті. Саясатты да алып келіп ақыры күлкісі көп шоуға айналдырып жібердік. Енді айтайын, сол ұлттық арнадағы ең керемет екі бағдарлама бар. Дархан Әбдік мырза жүргізетін «Парасат майданы» мен «24 сағат табиғат құшағында». Дархан Әбдік мырзаның сұрақтарына қызықпай болмайды. Тіпті не айтар екен, қандай тақырыпты қозғар екен деп, әрбір сұраққа құлақ түріп отырасың. Міне, бұл жүргізушінің мықтылығы. Ал кейінгі жаңадан шығып жатқан «24 сағат табиғат құшағында» бағдарламасын қызығып көресіз. Қазақтың сыры мен құпиясы көп даласында бір тәулік жүріп, елге елдің байлығын, жер-анасын көрсету керемет емес пе?! Ол ғана емес, бірінші шығарылымда Роза апамызды қоса ала шығыпты. Бір жағы көгілдір экран арқылы саяхат жасасаңыз, бір жағы жақсы адамдармен болған сұхбатты ерінбей, іш пысырмай тыңдайсыз.
О бағы жанып, заманы туып тұрған режиссерлер, продюссерлер, редакторлар!
Сіздер көгілдір экранмен халықты басқарып отырған адамсыздар. Бұл — ап-ашық идеология. Сондықтан кітап ашуға ерінетін жастар мен өсекке құмар болып кеткен дейтін халықты одан әрі надан қылып, тобырға айналдырмаңыздар!
Көзді үйрету керек, сөзді түзеу керек. Ал көз үйренсе, көзқарас өзгереді. Көзқарас қалыптасса, сөз түзеледі.

Марғұлан Ақан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз