Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов әкім-қаралармен жиын өткізіп, соның барысында жұмысына салғырт қараған шенеуніктер қала әкімінің қаһарына ұшырады. «Бос жатқан алқап бола тұра жер жоқ» деп сылтау айтқан ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбайдың сөзі оның қытығына қатты тигендігі сонша, әкім осы бөлімнің 9 айда атқарған жұмысына: «Ит пен мысық атудан басқа түк бітірмеген»,— деген баға берді. Өйткені, аталған бөлім айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмаған.  Жиын кезінде экономика және қаржы бөлімінің басшысы Кенжебек Жанбосынов қала әкіміне жұмысын баяу атқарып, жоғары көрсеткішке қол жеткізе алмағандарды саусақпен санап берді. Оның мәліметінше, қазір Шымкентте ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің салы суға кетіп тұр.Әсіресе, шетелдік инвесторларды тарту мәселесі қиын. Сондай-ақ, қаржының жетіспеуінен жеке кәсіпкерлердің біраз бөлігі жұмысын уақытша тоқтатып тастаған. Бұл жағдай статистикаға кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді. Шымкент қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысының мәліметінен кейін қала әкімі айыпты болған қызметкерлерін жеке-жеке тұрғызып, сұрақтың астына алды. Таяқтың бір ұшы кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы саласына тиді. Ашуға мінген шаһар басшысы кінәні бір-біріне сілтеген басшыларға қатаң ескертужасап:  «Мен қазір ойланып жүрмін. Ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлікті қосып үлкен бөлім жасаймын ба деп. Былай қарасаңыз екеуінің де атқаратын қызметі ұқсас. Сіз ауылшаруашылығын емес, ветеринарияға кетіп қалдыңыз. Ит пен мысықты атып жүрсіз… Болды…»,— деп кейіді Әбдірахымов. Жиын соңында Ғабидолла Рахматоллаұлы бұл мәселені тікелей бақылауына алатынын айтты. Сондай-ақ, кәсіпкерлік бөлімінің басшысына қаржы ұйымдарымен бірлесе жұмыс жасап, бизнес саласын дамытуды тездетіп қолға алуды тапсырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз